Әлеумет

Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар 237 мыңнан астам бала бар – Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар саны артып жатқанын айтып, инклюзивті білім беру инфрақұрылымын дамытуды тапсырды.

балалар

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде елімізде инклюзивті білім беруді қажет ететін 237 мыңнан астам бала бар.

"Өкінішке қарай, соңғы жылдары ерекше қажеттілігі бар балалар саны өсіп келеді. Сондықтан Үкімет әкімдермен бірлесіп, осы саладағы инфрақұрылымды дамытуы керек. Ауқымды құрылыс бағдарламасын жүзеге асыру кезінде бұл бағыт назардан тыс қалмауға тиіс", – деді президент.

Тоқаев сондай-ақ мамандар тапшылығын азайтып, балалардың даму ерекшеліктері мен диагноздарын ерте анықтау жұмыстарын жүйелеуді тапсырды. Бұл іске "Қазақстан халқына" қоры да белсенді қатысуы қажет.

Президент білім беру саласындағы тағы бір мәселеге тоқталды. Оның айтуынша, мұғалімдерді артық есеп-қисаптан босату міндеті әлі толық орындалмаған. Бұрын қағазбастылық көп болса, қазір оның орнын түрлі цифрлық платформаларға есеп енгізу жұмыстары басқан.

"Мұғалімнің басты міндеті – балаларға сапалы білім беру. Осыған кедергі келтіретін артық жұмысты тоқтату қажет", – деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Тоқаев педагогтерге оқушылар тарапынан дөрекілік көрсету және күш қолдану жағдайларын мұқият тексеруді талап етті.

Президент денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту жоспарын да жариялады. Оның айтуынша, Қазақстанда сегіз заманауи перинаталдық орталық, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қаскелең, Семей және Ақтауда жеті көпсалалы балалар ауруханасы салынады. Астанада тағы екі медициналық нысан бой көтермек.

Мемлекет басшысы бұл жобаларды жүзеге асыруға бюджет қаражатымен қатар жеке инвестицияларды да кеңінен тартуды тапсырды.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз