Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:37, 12 Қаңтар 2024

Мәдениет саласындағы тендерлер. Тергеліп жатқан Майлыбаевтың қай орынбасары?

Суретте солдан оңға қарай Наиля Мүлікова, Ғани Майлыбаев, Алиев Данияр
Фото: из открытых источников

Еліміздегі мәдениет басқармасының қызметкерлері бірінен кейін бірі ақша жымқырды деген күдікке ілініп, ұсталып жатыр. Бірақ бір жылт еткен хабар, кейіннен суға сіңген құмдай жоғалып кетеді. Оның соңы не болғаны белгісіз.

Дәл сондай ақпараттың бірі – қазіргі Алматы қаласы мәдениет басқармасының басшысының орынбасары Наиля Мүліковаға қатысты ақпарат.

Бәрін басынан бастасақ, 2023 жылдың 12 мамырында Алматы облысы Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Әлия Жақыпбекова бюджет қаражатын ұрлады деген күдікке ілінді. Кейінгі мәлімет бойынша, ол қамауда отыр. Арада бес ай өткенде, 12 қазанда Шымкенттегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Сәкен Шәкеевті ұстағанын хабарлады. Енді кезек Алматы қаласы мәдениет басқармасына келген сияқты. Себебі қараша айында антикор қалалық мәдениет басқармасы басшысының орынбасарына қатысты іс қозғалғанын ресми жариялады. Жарияланғаны да қызық, антикор орынбасардың кім екенін ашып айтпады (бұл туралы соңынан жазатын боламыз). Ал Наиля Мүліковаға қатысты істі мәдениет басқармасы да, антикор да ресми растамаған. Бірақ БАҚ беттерінде Наиля Мүлікованы антикор бірнеше рет тендерлерге қатысты тергегені жазылды. Сонда антикор қай орынбасарды тергеп жатқаны жұмбақ болып тұр.

Жұмбақтың шешімін табу үшін Алматы қаласы мәдениет басқармасының тендерлерінен бастағанды жөн көрдік. Бірнеше жылдан бері миллиардтаған теңгені құрайтын тендерлерді үнемі үш компания ұтып алып отырған. Көбінесе департамент олармен тікелей байланысқа шыққан, кейде ашық конкурс болса да, сол үш компания ұтып ала берген. Олардың басшысы – Антон Остапчук деген адам. Ал Наиля Мүлікова оның үш компаниясының бірнеше тендеріне тапсырыс беруші ретінде қол қойған. Осылайша, Антон Остапчуктың «Безендіру kz», City Decor, «6X3» компаниялары «Алматы қаласы Мәдениет басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінен бірнеше миллиардтық тендерлер алып, орындаған. Қаншама жылдан бері мәдениет басқармасында басшылар өзгергенімен, тапсырыс алатын үш компания өзгермей келе жатыр.

Остапчук компанияларының Алматы мәдениет басқармасы басшыларына қандай қатысы бар?

Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық реестрінің мәліметтеріне сәйкес «Безендіру kz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Алматыда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан» 2018 жылы 27 желтоқсанда тіркеуден өткен. Басшысы Остапчук Антон Владимирович. Құрылтайшысы бір адам, есімі – Фомина Ирина Владимировна. Жарнама агенттіктерінің қызмет түрімен айналысады. Орналасқан жері ретінде Алматы қаласы, Әуезов ауданы, Төле би, 305 үй көрсетілген. Бұл компанияның 2023 жылғы ақша айналымы 2 806 138 263 теңге, 2023 жылы төлеген салығы – 53 316 627. «Безендіру kz» ЖШС-тің жалпы орындаған тендері – 18. Біреуі ғана ашық конкурс арқылы ұтып алынған. Екеуі жүзеге аспаған тендерлер. Үшеуі – Алматы қаласының спорт нысандары дирекциясы», біреуі – «Алматы телерадиокомпаниясы» АҚ тендері.

безендіру
Фото: Құжат Egov.kz-тен скриндеп алынды

Мысалы, биыл ашық конкурс арқылы «Концерт OTYRAR SAZY & iFLY» іс-шарасын ұйымдастыру және өткізу үшін 37 млн 128 мың теңге, «Оркестрлер фестивалі» ашық аспан астындағы фестивальді ұйымдастыру және өткізуге 47 млн 128 мың теңге, «Еңлік гүл» ұлттық театр сыйлығын ұйымдастыру және өткізуге 33 625 760 теңге, «Наурыз мейрамы» мерекесіне орай Алматы қаласын композициялық безендіру бойынша қызметтерге деп 66 млн 640 мың теңгеге тендер жариялаған. Тапсырыс беруші ретінде бұларға қол қойған Наиля Мүлікова.

құжат
Фото: Құжат goszakup.gov.kz-тен скриндеп алынды

Тапсырысты орындаған «Безендіру kz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Statsnet қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, жалпы тендерлерге деп аталған компанияға 2019-2023 жылдары 640 729 479 теңге бөлінген.

Сити декор
Фото: Құжат Egov.kz-тен скриндеп алынды

Ал екінші компания – City Decor жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Өскемен қаласының тіркеу және жер кадастры бөлімінде 2017 жылы 1 наурызда тіркелген. Басшысы Остапчук Антон Владимирович және құрылтайшысы да жалғыз өзі. Жарнама агенттіктерінің қызметімен айналысады. Мекенжайы ретінде Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы, Тұйық көше Пахомов, 14 үй көрсетілген. Кәсіпорынның жылдық қаржы айналымы 410 млн-нан асады. 2020 жылы төлеген салығы 1 млн 200 мыңға жуық. 2018 жылы аталған компания 3 млрд 150 млн 344 мың теңгеге Алматы қаласын мемлекеттік, ұлттық және қалалық іс-шараларға безендіру үшін мәдениет басқармасынан алты тендер, 2017 жылы 1 млрд 306 млн 271 225 теңгеге төрт тендер алған. 2018 жылғы қол қойған келісімшартта сол кездегі Алматы қаласы Мәдениет және архивтер басқармасының басшысы Есенова Ханзада, орынбасары Алиев Даниярдың, ал 2017 жылы қол қойған қағазда сол кездегі Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлының аты аталады.

6х3
Фото:Құжат Egov.kz-тен скриндеп алынды

«6X3» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Алматы қаласы бойынша тіркеу басқармасынан 2014 жылы 22 қаңтарда тіркеуден өткен. Жарнама агенттіктерінің қызметімен айналысады. Басшысы Остапчук Антон Владимирович. Құрылтайшысы жоқ. Мекенжайы Алматы қаласы, Әуезов ауданы, Төле би көшесі 305 үй. Бұл компанияның былтырғы жылдық қаржы айналымы – 80 716 573 теңге. 2023 жылғы төлеген салығы – 1 647 277 теңге. Аталған компания 2019 жылы Алматы мәдениет басқармасымен 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында мұз айдыны және тұңғыш Президент саябағында мұз айдынын безендіру және дизайн жасау үшін 20 млн 500 мың теңгеге 1 келісімшарт жасасқан. Тапсырыс беруші ретінде қол қойған тағы да Наиля Ахатқызы. Орындаған, әрине, Антон Владимирович.

Наиля Мүлікова
Фото: zakon.kz

Наиля Мүлікова кім?

Мүлікова Наиля Ахатқызы 1970 жылы 24 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген. К.Е.Циолковский атындағы Мәскеу авиациялық технологиялық институтын 1993 жылы тәмамдаған. Содан кейін екі жыл «МАТАЙ-ФОНД» инвестициялық зейнетақы қорында жұмыс істеген. Бір жыл MATAЙ корпорациясының маркетинг және жарнама жөніндегі директоры, 1996-2009 жылдары «ALEMCOMMERCE» және «Релиф» жарнама агенттіктерінің директоры, 2009-2015 жылдары «Алматыжарнама» ЖШС директоры қызметтерін атқарған. Дәл осы «Алматыжарнамада» жүргенде 5-шақырылымдағы Алматы қаласы мәслихатының депутаты (2012 ж.) болып сайланған. 2017 жылдан бастап Алматы қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары болып тағайындалған. Наиля Мүлікова бірнеше жыл «Республика Сарайы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы болған. Аталған ЖШС Алматыдағы Республика сарайына иелік еткен. Бірақ оны 2017 жылы 28 желтоқсанда «Алматы әуендері» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының қарауына берді. Ал «Республика сарайы» ЖШС таратылып, жұмысшылар өз қызметтерінде қалдырылып, «Алматы әуендері» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына жұмысқа алынған.

Біз «Республика сарайы» ЖШС қандай компания екенін іздестіріп көрдік. Бірақ бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық реестрінен оған қатысты еш мәлімет табылмады. Компанияның 2017 жылғы жылдық қаржы айналымы 2 632 846 489 теңге, дәл сол жылы компанияға мемлекетпен жасаған келісімшарттан 41 108 444 теңге кіріс кіріп, 53 737 561 теңге салық төлеген. Енді мемлекеттен алған тендерлерін санамалап көрейік. Мысалы, 2017 жылы 5 желтоқсанда 5 млн теңгеге «Іс-шараға арналған үй-жайларды жалдау үшін» «Алматы қаласы Мәдениет және архивтер басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі осы компанияға тапсырыс берген. Келісімшарт Ғалымжан Өтелбайұлы мен «Республика Сарайы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Асенов Арман Тұрсынбайұлы арасында орындалған. Дәл осылай екі тарап арасында 2017 жылы 2,5 млн теңгеден қараша айында екі келісімшарт, қазан айында 3,5 млн және 2 млн-ға екі келісімшарт жасасқан. Міне, осылай мемлекеттен 5 тендер алған компания 2017 жылдың соңында таратылып жіберген.

Антикор неге мәдениет басқармасына назар аударды

Алматы мәдениет басқармасынанАнтон Остапчуктың компаниясы 2017-2023 жылдары аралығында 5 млрдтан асатын тендер алған.Келісімшартқа қол қойғандар арасында Наиля Мүлікованың да аты бар. Сондықтан бірнеше тендерді тек бір адам басқаратын үш компанияның қайта-қайта ұтып ала беруі күмән тудырған сияқты.

Миллиондаған ақшаға мәдениет басқармасы басшысының орынбасары тапсырыс береді де, оны неге басшы Ғани Майлыбаев байқамай қалады деп өзіне хабарласқан едік. Мәдениет басқармасының басшысы қоңырауымызға жауап бермеді. Тіпті жазып жіберген хатымызды да жауапсыз қалдырды. Ал оның орынбасарына қатысты мәдениет басқармасының өкілдерінен сұрағанымызда «Наиля Ахатқызы жұмыс орнында, қызметі бойынша өз міндеттерін атқарып жатыр» деген жауап алдық.

Қай орынбасар тергеліп жатыр?

Сонымен сөз басында антикор қай орынбасарға қатысты іс қозғағаны жұмбақ деген едік. Енді соны таратып көрейік. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы қалалық мәдениет басқармасы басшысының орынбасарына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын растады» деген ақпарат былтыр қараша айының соңында шықты. «Тергеу мүддесіне сай басқа мәліметтер жария етілмейді», деп сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Арман Тілеукенов те жауап бергесін тіпті елең ете қалдық. Бірақ антикор жоғарыда айтқанымыздай, оның кім екенін ашып айтпады. Дәл содан бірнеше күн бұрын Наиля Ахатқызын антикор тергеуге шақырды деген ақпарат тарап, оны екі жақ та растамаған болатын. Қазір Алматы мәдениет басқармасында екі орынбасар бар. Бірі – біздің жазып отырған «главный геройымыз», екіншісі – Дамир Жумадельев. БАҚ беттерінде жазылған хабарларға қарағанда антикор бұл істі «Әділдік жолы» РҚБ Алматы қалалық филиалының директоры Бауыржан Мақұлбаев пен қоғамдық бірлестіктің өкілдері Алматыдағы Ыбырай Алтынсарин ескерткішіне жасалған заңсыздық туралы бірнеше рет жазғасын қозғаған екен. Ескерткіш құжаттағы көлемінен кішірек және металл композициясы қола емес, жезден жасалған болып шығыпты. 2021 жылы қойылған ескерткіш екі жыл өтпей коррозияға ұшырай бастаған. Сарапшылардың сөзінше, келтірілген залалдың жалпы сомасы 68,7 миллион теңге.

аспантау
Фото: Құжат Egov.kz-тен скриндеп алынды

Ы.Алтынсарин ескерткішін қою бір көзден тікелей келісім жасау арқылы жүзеге асырылған. Тапсырыс беруші Алматы қаласы мәдениет басқармасы. Мердігер компания – Aspantau Construction жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталған кәсіпорын 2021 жылы 1 наурызда тіркелген. Басшысы Баян Болатқызы Үсенбаева және құрылтайшысы да өзі. Тас кесу, өңдеу және әрлеу қызметімен айналысады. Мекенжайы Алматы қаласы, Әуезов ауданы, Жетісу-4, 8 үй. Екі тарап 2021 жылы қыркүйекте 68 млн 750 мыңға ескерткіш қою бойынша келісімге келген. Бірақ бір айта кететін нәрсе – ескерткішке тапсырыс беріп, құжатқа қол қойған сол кездегі қалалық мәдениет басқармасының орынбасары Данияр Алиев. Қазір ол Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы қызметін атқарады. Сонымен антикор нақты кімді тергеп жатыр, қазіргі орынбасарды ма, әлде экс-орынбасарды ма? Оны білу үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне хабарластық. Агенттіктің өкілдері бізге Арман Тілеукеновтің сөзін қайталады. «Егер нақты мәлімет алғыларыңыз келсе, ресми өтініш жазыңыздар» дегенді де қосып айтты. Сонымен редакция атынан ресми сауал жолдадық. Жауап келіп жатса, алдағы уақытта жұмбақтың шешімі табылады деп үміттенеміз.

Тұрсынбек Башар