Саясат

Мадьяр: Венгрия Украинаға 90 млрд еуро бөлуді бөгемейді

Венгриядағы сайлауда жеңіске жеткен «Тиса» партиясының жетекшісі Петер Мадьяр Еуропа одағының Украинаға бөлетін 90 миллиард еуро көлеміндегі несиесіне кедергі жасамайтынын мәлімдеді.

Мадьяр

Алайда ол Будапешттің өзі бұл қаржыландыру процесіне қатыспайтынын атап өтті.

Мадьяр бұл туралы 13 сәуірде өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Оның сөзінше, Украинаға несие бөлу туралы шешім Еуроодақ деңгейінде өткен жылдың желтоқсанында қабылданған. Сондықтан жаңа үкімет бұрын қабылданған міндеттемелерді сақтауды көздейді.

Айта кетейік, бұған дейін Венгрияның бұрынғы премьер-министрі Виктор Орбан ЕО саммитінде бұл шешімді қолдағанымен, кейін одан бас тартқан еді. Ол Украина Ресей мұнайын Венгрияға жеткізетін құбырды жөндемейінше қаржыландыруға қарсы екенін айтқан.

Мадьяр Венгрия бұл бастаманы бұғаттамаса да, елдің өзі қаржы бөлуге қатыспайтынын жеткізді.

«Бұл мәселені Еуропа көшбасшыларымен талқылаймын. Бірақ менің ойымша, Венгрия бұл процеске қатыспауы тиіс. Елдің қаржылық жағдайы ауыр. Біз қосымша қарыз ала алмаймыз, бюджет тапшылығы 2010 жылдан бері үш есеге өсті», – деді ол.

Сонымен қатар, Мадьяр Еуроодақ тарапынан Венгрияға арналған қаржыландырудың жақын арада қайта ашылатынына үміт білдірді. Ол бұл мәселені Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйенмен талқылауды жоспарлап отыр.

Financial Times басылымының мәліметінше, Еурокомиссия шамамен 35 миллиард еуроны қайта бөлу мәселесі бойынша Мадьярмен жедел келіссөздер бастаған. Брюссель бұл қадамды Венгрияның Еуроодақпен қарым-қатынасты қалпына келтіруге ұмтылысының белгісі ретінде бағалап отыр.

Сондай-ақ, Мадьяр үкіметі жемқорлықпен күресті күшейтіп, сот жүйесінің тәуелсіздігін қалпына келтіруге және сөз бостандығын қамтамасыз етуге уәде берді.

«Біз заң үстемдігін, плюралистік демократияны және тепе-теңдік жүйесін қалпына келтіру үшін бар күшімізді саламыз», – деді ол.

Бұдан бөлек, жаңа үкімет Конституцияға премьер-министрдің қызмет мерзімін екі кезеңмен шектеу туралы түзету енгізуді жоспарлап отыр. Бұл өзгеріс Виктор Орбанға да қатысты болмақ және оның қайтадан билікке келуіне тосқауыл қоюы мүмкін.

Сыртқы саясатқа тоқталған Мадьяр Украинаның Еуроодаққа мүшелігіне қарсы емес екенін, бірақ оны жеделдетілген тәртіппен қабылдауға қарсылық білдірді.

«Соғыс жағдайындағы елді Еуроодаққа қабылдау – мүлде мүмкін емес», – деді ол.

Сондай-ақ, ол Украинамен қарым-қатынаста венгр этникалық азшылығының тілдік және мәдени құқықтары ескерілуі тиіс екенін атап өтті.

Ресей мәселесіне қатысты Мадьяр Владимир Путинмен қажет болған жағдайда сөйлесуге дайын екенін айтты.

«Егер ол қоңырау шалса, жауап беремін. Әңгіме болса, соғысты тоқтату керек екенін айтар едім. Бірақ менің сөзіммен соғыс тоқтай қояды деп ойламаймын», – деді саясаткер.

Сонымен бірге, ол Ресей әлі де қауіпсіздікке қатер төндіретінін атап өтті.

АҚШ-пен қарым-қатынасқа қатысты Мадьяр Дональд Трампқа қоңырау шалуды жоспарламайтынын, бірақ АҚШ Венгрия үшін маңызды одақтас болып қала беретінін айтты.

Еске салайық, Венгрия парламент сайлауында «Тиса» партиясы жеңіске жетті. Дауыстардың 98 пайыздан астамы саналғаннан кейін партия парламентте 138 орынға ие болды. Ал Виктор Орбанның «Фидес» партиясы мен оның одақтастары 55 мандатқа қол жеткізді. Тағы алты орын ультраоңшыл «Біздің Отан» қозғалысына тиесілі.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз