Мамин үкіметінде мақтан етерлік іс бар ма?
Атақты «Менің атым Қожа» фильмінде Жанардың Қожамен айтысып қалып, «Жеңілдің.
Бұдан былай мен сені мақтаншақ Қожа деп атаймын» дейтіні бар ғой. Осыдан бірнеше күн бұрын үкімет басшысы Асқар Мамин пен есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова арасында тартыс өтті. Мұны бүгінгі қоғамға қатысты, қымбатшылыққа және ел экономикасының дамуына байланысты тартыс десек болады. Әңгіменің түп-төркіні неде?
Анығы, есеп комитеті үкімет ісін сынға алды. 21 маусымда парламенттің бірлескен отырысында Асқар Мамин басқаратын үкімет пен есеп комитетінің 2020 жылғы есебі тыңдалды. Мамин үкіметінің министрлеріне сенсек, Қазақстанда жағдай тұрақты. Өсім бар. Экономика дамып келеді. Қарқын күшті. Алдағы уақытта Қазақстан халқының табысы 5 пайызға артады. Үкімет экономика өсімін 3,5-4 пайыз аралығында қамтамасыз етеді. 1,2 млн адамды жұмыспен қамтиды. Қолға алынатын бұл шаралар іске асса, халықтың нақты табысын 5 пайызға арттыруға болады екен. Енді ғана жүзеге асатын жоба арқылы халықтың дәулетін арттыруды көздеп отырған үкіметтің бұл болжамына сенім бар ма? Міне, бұл «қашпаған сиырдың уызынан» дәметкен үкіметтің бүгінгі сиқы. Басқалай айта алмаймыз.
Маминнің есебін тыңдасақ, «200 мектеп салу, 30 медпункт ашу, 1050 шақырымдық каналды жөндеу, суарылатын жерлерді 78 мың гектарға ұлғайту, 35 сүт-тауарлы ферманы, 2200 гектар бау-бақша, екі ет комбинатын, бес құс фабрикасын, төрт балық өндірісі объектісін іске қосу» деп кете береді. Нақты табысты сөз ету аз. Бұдан шығатын қорытынды: халық нәтижесі жоқ мұндай цифрларға сенбейді. Өйткені егер шын мәнінде жағдай, үкімет айтқандай, сенімді және нәтижелі болса, неге бүкіл Қазақстанды қымбатшылық жайлап тұр?
Кең қолданыстағы А-92 бензинінің бағасы қазір Алматыда 172-174 теңгеге дейін көтерілді. Картоп пен сәбіздің бағасын айтпай-ақ қоялық. Қазақстан құрылыс саласында, әсіресе халыққа баспана салу мәселесі бойынша ТМД-да бірінші орынға шығыпты. Үй салынғанымен, онда неге елде үйсіздер көп? Пародокс! Бір-біріне қайшы келіп жатқан Мамин үкіметінің бұл дерегі, шындығында, күлкі тудыратын жағдай. «Қазақстанда машина жасау 16 пайызға өсті», – дейді дерегінде үкімет басшысы.
Шындығында, солай ма? Ресей, Қытай, Жапония мен Оңтүстік Кореядан әкелінген көліктерді «отандық» деп құрастырып жатқан бұл үкіметтің әрекеті түсінуге, ақтауға тұрарлық па? Жоқ. Ал әлеуметтік желіде Мамин үкіметінің автокөлікке қатысты дерегін өз аяғымен барып зерттеп, әшкерелеп, күл- талқанын шығарған саясаттанушы Санжар Боқаевтың ісі құптауға тұрарлық па? Әрине, Боқаевтың дерегі сенімді. Есепсіз, мақсатсыз сыртқа кетіп жатқан Қазақстанның ақшасы бұл. Басқа еш нәрсе емес.
Қазір елде азық-түлік бағасы ұшып тұр. Дабыл қағарлық жағдайға жетті. Ал Мамин үкіметінің есебі бойынша, негізгі 29 азық-түлік тауарының 11-і нарықты 100 пайыз қамтып отыр. Тапшылық болмайды. Баға өспейді. Ал отандық нарықты 12 тауармен қамтамасыз ету үлесі 80 пайыздан артық, тек алты тауарға ғана импортқа тәуелділік бар. Бір қарағанда жақсы көрсеткіш. Алайда онда неге азық-түлік тауарларының бағасы өсіп тұр? Халықтың да ең көп пайдаланатыны, ішіп-жемі осы сала емес пе? Бұдан шығатын қорытынды: Мамин үкіметінің дерегі шындыққа сәйкес келе бермейді. Ал нарықтағы көрсеткіш пен баға мүлде басқа.
Біз жоғарыда «Менің атым Қожа» фильміндегі Жанар мен Қожаның мысалын бекерге келтірген жоқпыз. Мамин үкіметі көз сүрінетін кейбір көрсеткіштер арқылы халықты шынайы деректен жаңылдырғысы келеді.
– Министрлік өзін ақтауға тырысқанымен, салықтық тексерулердің нәтижелілігін арттыру, кедендік статистикадағы алшақтықты азайтуға қатысты өзгеріс көріп отырған жоқпыз. Премьер-министрдің баяндамасына қатысты пікір білдіргім келмейді. Себебі аталған мәселе есеп комитеті және парламент отырысында талқыға салынған. Бірақ олар аудитке де, мәжіліс пен сенат комитетінің отырысы мен жұмыс тобында бұл мәселені түсіндіре алған жоқ. Үкімет бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өзін ақтағысы келеді, – деді есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова.
Наталья ханым мәселені дұрыс көтеріп отыр. Ал бюджет қаржысын игеруде көптеген заңбұзушылық орын алғанын Мамин өз баяндамасында айтпайды. Тек мақтан етерлік мәселелерді ғана сөз етеді. Соған қарап, «Мамин үкіметі мақтаншақ па?» деген астарлы ой туындайды. Мысалы, өткен жылы індетке қарсы күреске жұмсалған 6,9 трлн теңгенің 3,5 трлн теңгесі республикалық қазынадан бөлінген. Есеп комитетінің дерегіне сенсек, оларды игеру барысында көптеген заңбұзушылыққа жол берілген. Ал жетпеген ақшаның бәрі болашақ ұрпақ үшін жиналып жатқан Ұлттық қордан алынып жатыр. Ұлттық қор, ақиқаты керек, жинақтау емес, тұтыну нарығына айналып кеткен. 2020 жылы қордан жағдайды тұрақтандыру үшін 40 пайызға жуық қаржы алынған көрінеді.
Есеп пен қисаптың, экономикадағы өсу мен өшудің арасындағы алшақтық, міне, осы. 2020 жылы бөлініп, тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражатының көлемі 570 млрд теңгені құрағанын ескерсек, «Мамин үкіметі орнында қалуы керек пе, жоқ па?» деген орынды сауал туындайды. Өкінішке қарай, әзірге Мамин де, оның үкімет мүшелері де орнында нық отыр. Қымбатшылық болса қысып барады. Ал Мамин үкіметінде мақтан етерлік іс жоқ.