«Маминнің қоғамдық пікірге «түкіргені» бар»
Үкімет қаулысымен Ғабидолла Әбдірахымов мәдениет және спорт вице-министрі болып тағайындалды.
2019 жылы «сенімнен шықты» деген сөгіспен қызметінен босатылған Шымкент қаласының экс-әкімі лауазымды қызметке қайта оралды. Міндетін атқара алмай, сыннан сүрінген Әбдірахымов отставкадан кейін бірден Мамин үкіметіне топ ете қалды.
«Сыбайлас жемқорлыққа жол ашып берді» деген айыптан әлі арылмаған министр Ақтоты Райымқұлова қатарын енді «Әліби ісімен» танымал Ғабидолла Әбдірахымов толтырмақ. Күмәнді жерді айналшықтап жүретін экс-әкім аталған қылмыстық трагикомедияның сыбайласы ретінде де сыналған. «Ашынамды арбады» деп, Әліби есімді жас жігітті жауыздықпен қинаған Қайрат Жамалиев су жаңа вице-министрдің сырлас досы екені анықталған-ды.
Шымкент қаласының әкімі қызметін де келістірмеген Әбдірахымов әлеуметтік желіге автобуспен жүрген, велосипед мінген суреттерін жариялағаннан басқа іске бастамашыл бола алмады. Оның өзі бірнеше ракурста түсірілген үш күндік суреттердің топтамасы болып шықты. Ал имиджмейкері әкімді күнде жұмысқа қоғамдық көлікпен қатынайтындай етіп көрсеткен-ді.
Ғабидолла мырзаның арзан пиары бұнымен тоқтамақ емес. Журналистердің Шымкент туралы сұрағына «зың қала» деп, қысқа жауап қайырған экс-әкім Арыс қаласындағы қару-жарақ қоймасында жарылыс орын алғанда жеңілтек хайпына бүркеніп, «хандығынан» шыға алмады. Аспаннан оқ қарша бораған тұста Шымкентке пана іздеп ағылған тұрғындар «зың» әкімнен қолдау таба алмай, қалада хаос орнап, далада қалған, ашынған, ашыққан халық шеруге шыққан болатын. Ал Ғабидолла Әбдірахымов арыстық тұрғындарды мешітке орналастырып, бұрынғы әдетінше ер-азаматтарға «әйелдеріңе ие болмайсыңдар ма» деп, арзан мысқылына баса кеткен-ді. Сол уақыттағы президент әкімшілігінің жетекшісі Қырымбек Көшербаев экс-әкімді «бұл қылығымен халық алдындағы биліктің абыройын айрандай төкті» деп айыптап, «Әбдірахымовқа берілген саяси сенім кредиті таусылды» деп сөккен еді.
Әлеуметтік желідегі жеке парақшасында «Қазақстанда жұмыс істеп, шетелде саяхаттауға шақырған» видеосынан кейін Ғабидолла мырза Шымкент қаласының әкімдік қызметінен қуылған болатын. Алайда араға бір жарым жыл салып, Әбдірахымов лауазымды міндетті меншіктеді.
Осы тұрғыда саясаттанушы Асылбек Сағи вице-министр қызметіне басы даудан арылмаған экс-әкімді тағайындау Маминнің мәнсіз шешімдерінің бірі екенін айтады: «Ғабидолла Әбдірахымовты мәдениет және спорт министрінің орынбасары етіп тағайындау премьер Маминнің қоғамдық пікірге «түкіргені» барын көрсетеді. Бұл – үкіметтегі ең сәтсіз өзгерістердің бірі. Әбдірахымов бір саланы жетік меңгерген крезис-менеджер, тіпті ортаңқол менеджер де емес. Оның қолына билікті бере салу ойланбай қабылданған шешім іспетті. Негізі, біздің заңда отставкаға кеткен шенділердің басқа қызметке тағайындалуына қарсы тыйым жоқ. Алайда арты таза адамның билікке қайта келуіне болады. Бір қаланы қатырмаған әкімге вице-министрлік мансапты ұсынуға болмайды».
Жалпы, елде Әбдірахымовтан бөлек, қызметінен қуылып, билікке қайта бас сұғып жүргендер бар. Мысалы, 2016 жылы ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев жер дауына қатысты бүліктен кейін өз еркімен қызметінен босатылған еді. Сол тұста экс-президент вице-министр Қайырбек Өскенбаевты да міндетін атқара алмаған үшін орнынан босатқан еді. Алайда бір аптадан соң, екеуі де «Бәйтерек» ұлттық холдингінің басшылығына келді. Бүгінде Е.Досаев Ұлттық банкке басшылық етсе, Қ.Өскенбаев индустрия вице-министрі лауазымына жайғасқан. Ал қазір Тоқаевтың кеңесшісі қызметіндегі Тамара Дүйсенова да кезінде «медициналық сақтандыру жүйесін жүзеге асыра алмады» деген сынмен еңбек және әлеуметтік қорғау министрі мансабынан айырылған болатын.
Халық сенімінен селт кеткен шенеуніктерге қайта мапсап беру қаншалықты дұрыс? Бұл туралы Асылбек Сағи президент не қоғам сынағынан сүрініп, қызметінен кетіп, кейін жаңа лауазымға қайта оралған аттылардың аз емес екенін айтады. Бізде билік өкілдерінің орны ауысқанмен, мәні өзгермейтін аксиома орын алғанын айтады. «Билікте «Қайтқан малда қайыр бар» деген мақал маңыздылыққа ие. Үкіметті бизнеске айналдырып тастаған. Қалтаң қалың болса, қалаған орныңа барып жайғасуға болады. Халықтың таңдауы, қоғамның пікірі деген керексіз қалған дүние. Қай жерде де таныс-тамыр немесе ақшаның буы билейді», – дейді саясаттанушы.