Әлеумет

Маңғыстауда халық емімен айналысқан емші науқасты өлтіріп алды

Маңғыстау облысында емші науқасты «халық емімен» емдеймін деп, өлтіріп алған. Аталмыш жағдайға қатысты үкім қайта қаралып, апелляциялық саты бұрын шығарылған жазаны тым қатаң деп тауып, оны жеңілдетті, деп хабарлайды Lada.kz.

Емші

Іс материалдарына сәйкес, Мұнайлы аудандық соты 19 наурызда Мұнайлы ауданының тұрғыны, 49 жастағы Б.-ны абайсызда адам өліміне себепкер болғаны үшін кінәлі деп таныған. Ол Ақтаудағы №1 қалалық емханада медбике болып жұмыс істей жүріп, тиісті білімі мен лицензиясы болмаса да, үйінде «халық емін» көрсеткен.

2025 жылдың 26 қарашасында кешкі уақытта ол өз үйінде келген адамды «емдеу» барысында тамағын қолымен қысып, салдарынан ер адам оқиға орнында көз жұмған.

Бірінші сатыдағы сот әйелге 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Алайда оның кәмелетке толмаған баласы бар екенін ескеріп, жаза өтеу кейінге қалдырылған.

Қорғау тарапы үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Онда сотталушының кінәсін толық мойындағаны және жәбірленуші тараптың кешірім бергені айтылды. Осыны ескере отырып, жаза түрін жеңілдету сұралған.

Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы істі қайта қарап, жазаны тағайындау кезінде жеңілдететін мән-жайлар толық ескерілмеген деген қорытындыға келді. Қылмыс жеңіл санатқа жататыны және заңда балама жаза түрлері қарастырылғаны назарға алынған.

Нәтижесінде апелляциялық сот үкімді өзгертіп, бас бостандығынан айыру жазасын 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеумен алмастырды. Сотталған азаматшаға пробациялық бақылау белгіленіп, тұрғылықты жерін және жұмыс орнын рұқсатсыз өзгертуге, ойын-сауық орындарына баруға, алкоголь қолданылатын жерлерде болуға және түнгі уақытта (22:00-ден 06:00-ге дейін) үйден шығуға тыйым салынды.

Сонымен қатар, сот оған халық емшілігімен айналысуға да тыйым салды.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз