Қоғам

Маңғыстауда мұғалімдерге қатысты жазба жариялаған тұрғынға айыппұл салынды

Маңғыстау облысында әлеуметтік желілерде университет оқытушыларына қатысты мәліметтер жариялаған әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

айыппұл

Сот мәліметінше, биыл мамыр айында мониторинг барысында азаматшаның Facebook, Instagram парақшаларында және WhatsApp чатында Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің оқытушылары туралы жазба жарияланғаны анықталған. Құзырлы орган бұл жазбаларда ар-намысқа, қадір-қасиетке және іскерлік беделге нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратылған деп есептейді.

Іс Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотында қаралды. Сот қаулысымен әйел ҚР ӘҚБтК-нің 73-3-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 180 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 778,5 мың теңге айыппұл салынды.

Сот отырысында әйел өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтып, кінәсін мойындамады. Ал университет өкілі оны әкімшілік жауапкершілікке тартуды сұраған.

Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз