Маңғыстаудағы кісі өлімі – Ноғаев беделінің сыналар шағы
Жұбайын ұрып өлтірді деген күдікке ілінген экс-министр Қуандық Бишімбаевтың соты өтіп жатқалы біршама уақыт болды. Жұрт тікелей эфирдегі осы сотқа «телміріп» отырғанда Маңғыстауда тағы бір даулы іс жүз берді. Каспидің жағасында кісі өлтірген экс-прокурор 1,5 жыл шартты жазамен құтылған.
Бұл оқиға Бишімбаевтың арқасында көп еленбей қалған Самат Әбіштің 8 жылдық шартты жазасын, миллиардтаған қаржы жымқырды деп айыпталған Қайрат Сатыбалды, Қайрат Боранбаевтар да еске түскен.
Маңғыстаудағы шартты жазаға оралсақ. Былтыр желтоқсан айының 9-ынан 10-ына қараған түні Ақтау қалалық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Марат Болатты бұрынғы прокуратура қызметкері Талғат Дәуітбаев соққыға жыққан. Жәбірленуші ес жимаған күйі 6 күннен кейін ауруханада көз жұмыпты.
Істің басы-қасында жүрген азаматтар Дәуітбаевты экс-прокурор деген уәжбен келіспейді. Кей деректе ол осы оқиғадан бірнеше күн бұрын ғана Мұнайлы ауданы прокуратурасының орынбасары қызметіне тағайындалғаны айтылады. Соған қарағанда сотталушы кісі өлімінен кейін жұмыстан шығарылған болуы мүмкін деген болжамдар айтылып жатыр. Өйткені жаза басқан мемлекеттік қызметкерді бұрынғы датамен жұмыстан босатып жіберу қазақ билігінің көнеден келе жатқан тәсілдерінің бірі.
Мәселенің мән-жайы
Куәгерлердің айтуынша, қаладағы «Малибу» кафесіне туған күн тойлауға жиналған жігіттер кеш соңында жаға жыртысқан. Марқұм Марат Болат жігіттерді ажыратуға тырысқан. Бірақ прокурордың экс-орынбасары Дәуітбаев сөзге тоқтамай, оны қатты соққыға жыққан. Жерге қатты құлаған жәбірленуші есінен танып қалыпты.
Ал сот құжатында «Дәуітбаев марқұмның санынан теуіп, басынан сол жақ жұдырығымен ұрған. Жәбірленуші соққыдан жерге құлап, жабық бассүйек-ми жарақатын алған. Сол түні Марат Болат Маңғыстау облысындағы көпбейінді ауруханаға жеткізіліп, 2023 жылы 15 желтоқсан, сағат 03:34 шамасында есін жимастан қайтыс болды», деп жазылған.
Осы тұста ерекше айта кетерлігі, Марат Болат соққыдан құлап, есінен танып қалған соң ешкім жедел жәрдем шақырмапты (Бишімбаев есіңізге түсе ме?). Марқұм 4 сағат бойы жатқан, куәгерлер өз күштерімен есін жиғызуға тырысқан. Ол әрекеттерінен ештеңе шықпаған соң ғана марқұмды емханаға апарған.
Сот шешімі
Кісі өліміне Дәуітбаев кінәлі екені толық дәлелденген. Маңғыстау облыстық соты «сотталушының кінәсі жәбірленуші өкілі мен куәгерлердің жауаптары, сондай-ақ сот сараптамасының қорытындысы және істің басқа материалдары бойынша дәлелденді» деп жазды. Әу баста Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігі бойынша (Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) іс қозғалған. Бұл біршама ауыр айып, ол бойынша сегіз жылдан он екі жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Алайда жарыссөз кезінде айып күтпеген жерден өзгеріп шыға келеді. Мемлекеттік айыптаушы айыпты өзгертіп, Дәуітбаевты Қылмыстық кодекстің 104-бабы 1-бөлігі бойынша (Абайсызда кісі өлтіру) жауапқа тартуды сұрады. Іс дәл осы бап бойынша қаралған, Дәуітбаевқа 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы кесіліп, сот залынан босатылды.
Марқұмның туыстары сот шешімімен мүлде келіспейді, олар жаза не үшін мұнша жеңілдеп кеткенін түсіне алмай жүр. Жәбірленушінің ағасы Мұрат Болат сот барысында жаңа айыппен келіспейтінін мәлімдеген, бірақ сот оны келісті деп жазып жіберіпті.
«Прокурор істі 104-бапқа ауыстырып, 1,6 жыл шартты жазаға кесуді сұрады. Мен келіспейтінімді айттым. Мұның бәрі сот барысы жазылған видеода көрініп тұр. Інімнің қайын атасы да, мен де айыпты тарапқа кешірмейтінімізді ескерткенбіз. Бұл сөзімді сотта да айттым. Бірақ сот үкімінде бізді жаңа айыппен келісті деп жазып қойыпты.
Сот шешімі дұрыс болмады. Істі апелляцияға бердік. 2 мамырда апелляциялық сот отырысы өтеді. Біз кінәлі адамды түрмеге қамауды сұрап отырмыз. Кісі өлтірген адамды, 1,5 жыл шартты жазаға кесу деген масқара ғой. Бәрі заңға сай болғаны керек. Інім өте жақсы жігіт еді, бар болғаны, жанжалды ажыратқаны үшін соққыға жығылып, қайтыс болды», – дейді Мұрат Болат.
Бұл мәселені алғаш болып әлеуметтік желіде жазып, қоғам назарын аударған марқұмның досы Айдын Қазыбек сот пен прокуратураның шешіміне түбегейлі қарсы екенін айтты.
«Бәріміздің күтіп отырғанымыз әділдік, апелляциялық сот шешімі қандай болатынын көреміз. Соттың шешімін түсінбедік. Прокуратура Дәуітбаев жұмыстан шығып кеткенін айтып отыр. Бірақ бізге жеткен ақпарат бойынша ол сол кезде қызметте болған, тіпті бірнеше күн бұрын жаңа қызметке тағайындалыпты. Нақты осылай деп айта алмаймын, бірақ біз осындай ақпарат алдық», – дейді ол.
Кейін Маңғыстау облыстық соты ресми мәлімдеме жасап, шешімді түсіндірді. «Сот жаза тағайындау кезінде жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушының кінәсін мойындап, шынайы өкінгенін, асырауында үш жас баланың (біреуі үшінші топтағы мүгедек) бар екенін ескерді, жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ» деп жазды.
Облыстық соттың бұл мәлімдемесі көңілдегі күдікті сейілтті деп айта алмаймыз.
Жауапты органдардан жауап жоқ
Бұл оқиғада жәбірленуші де, сотталушы да мемлекеттік қызметкер. Оның үстіне бірі прокуратураның, бірі мемлекеттік кірістер департаментінің орынбасары. Осындай жауапты қызметтегі шенділердің бір-бірін ұрып өлтіруі қоғамда үлкен резонанс тудыратын жағдай.
Ал 1,5 жыл шартты жаза тіпті қоғамның жаппай айыптауына лайық. Әрине, соттың қандай шешім шығаратынына ешкім араласа алмайды. Бірақ шыққан әділетсіз шешімге наразылық танытуға, пікір айтуға шектеу жоқ. Демек, марқұмның бұрынғы қызмет орны, облыстық әкімдік мемлекеттік қызметкердің мүддесін қорғап, ақпарат алаңында бой көрсетуі қажет еді.
Мүмкін олар апелляциялық сот өтіп, шешім заңды күшіне енгенін күтіп отырған шығар. Анық-қанығын аталған мекемелердің өзінен сұрауға тырыстық. Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті бұл іске қатысты ақпарат бере алмайтынын жеткізді. Ал облыстық прокуратураның кезекші прокуроры Дәуітбаев жұмыстан шығып кеткенін ғана айтты.
Нұрлан Ноғаев бастаған облыстық әкімдік те өңірдегі қызметкерлердің құқығын қорғауға ынталы емес болып шықты. Әкімдіктің баспасөз қызметі қылмыстық іске араласа алмайтынын айтты. Әрине, атқарушы билік сот шешіміне төрелік айта алмайды, бірақ кісі өліміне ұласқан шенділердің шекісіне бей-жай қарауға қақысы жоқ. Осыны айтып, әкімдікке ресми сауал жолдадық. Ноғаев не дейтінін алдағы уақытта көреміз.
Бас бостандығын шектеу – жеңіл жаза
Шартты жаза – қылмыстық жаза емес. Ол белгілі сынақ мерзімінде өзінің түзелгенін дәлелдеу үшін сотталушыға берілген мүмкіндік. Оны бас бостандығынан айыру жазасымен салыстыруға келмейді. Бас бостандығын шектеу де осыған ұқсайды. Демек, мұндай жазаға жеңіл қылмыс жасаған адамдар тартылса керек еді.
Бірақ бізде, керісінше, аса ауыр қылмыстарға шартты жаза кесіп жатады. Мысалы, 2003 жылы 1 млрд 150 млн теңге жымқырған көлік және коммуникация министрі Абылай Мырзахметов 5 жыл шартты жаза арқалап, рекорд жаңартқан. Оған дейін мұндай ұзақ шартты жаза болмаған екен. Бірақ кейінгі бір жылда бұл рекорд екі рет жаңарды. Алдымен экс-президенттің кіші қызы Әлия Назарбаеваның көмекшісі Шынар Мұқтарова 7 жылға шартты жаза арқалады. Ал биыл ақпанда Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш 8 жыл шартты жазаға кесіліп, бұл «рейтингте» бірінші орынға шықты.
Енді осы қатарға экс-прокурор Талғат Дәуітбаев қосылып отыр. Ең қызығы, Самат Әбішке үкім оқыған судья оның «шын жүректен өкінгенін» айтқан. Біз сөз етіп отырған істе де сот кінәлі азаматтың «шын көңілден өкінгенін» алға тартып отыр. Бірақ желідегі жұрт кісі өлтірген адамның мұндай «сылтаумен» жеңіл жаза арқалағанына наразы. Ал танымал заңгер Айгүл Орынбек қандай жағдайда бас бостандығын шектеу жазасы кесілетінін айтты.
«Дәл осы іске қатысты пікір айта алмаймын, өйткені іспен таныс емеспін. Ал жалпылама айтсақ, абайсызда кісі өлімі болса, жәбірленушілер кешірім берсе, бас бостандығын шектеу жазасын беру миға қонымды. Ал кешірім бермеген болса, мұндай жаза тағайындай алмайды. Сіз айтқан іске қатысты, марқұмның туыстары шешімге наразы болса, қайта тергеуді сұрап, антикорға шағымданғаны жөн. Өйткені сотталушы прокурор болса, іске прокуратура тарапынан қызығушылық болуы мүмкін. Сондықтан қылмыстық істі қайта тергеуге жіберіп, бұрмалаушылық болмауы үшін Астанадан арнайы прокурорлар бақылауға алуы қажет. Егер іс прокурорға қатысты болса арнайы прокурорлар құрамында антикордың, ішкі істер министрлігінің өкілі бар топ құрып, тергеу жүргізеді», – дейді.
Заңгердің айтып отырғаны жөн. Бірақ біз Дәуітбаевтың одан бұрын жұмыстан шығып кеткенін білеміз...
Айтпақшы, Нұрлан Ноғаев қоғамдық тәртіп туралы, заңды құрметтеу туралы көп айтады. Бірде «Біз мынаны ұғынуымыз керек: азаматтардың өздері бұл іске белсенді қатыспай, заңдылықты сақтап, құқықтық тәртіпті нығайту мүмкін емес» деген. Сөйткен Ноғаев дәл иегінің астында болып жатқан оқиғаға араша түсіп, істі қайта қарауды сұрап, наразылық білдіріп жатқан қоғамды, азаматтарды ести ме? «Істі қайта қарауын сұраймын» деп, бір ауыз мәлімдеме жасай ала ма? Қайтыс болған адам қалай болғанда да осы облыстың әкімдігіне қатысы бар адам ғой. Және бір сөзінде «біз мемлекеттік қызметкерлердің беделін көтеруіміз керек» дегені тағы бар. Мемлекеттік қызметкер соққыға жығылып қайтыс болса, оны ұрған адам бостандықта жүре берсе... Бедел туралы айту мүмкін емес сияқты.
Әлде, Атырауда жүріп айтқан сөзінің Маңғыстауға қатысы жоқ па екен...
Қуаныш Қаппас