Әлеумет

Мәскеу облысында дрондар мұнай базасы мен Wildberries қоймаларына шабуыл жасады

Украина Қарулы күштері 20 шілдеге қараған түні Мәскеу облысына жүздеген дронмен шабуыл жасады.

1

 Бұл туралы Мәскеу мэрі Сергей Собянин мәлімдеді.

Оның айтуынша, кешкі сағат 20:30-дан таңғы 05:00-ге дейін Мәскеу бағытына 400-ден астам дрон ұшырылған. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері олардың басым бөлігін алыс қашықтықта жойған, ал 85 дрон Мәскеуге жақындаған кезде атып түсірілген.

Шабуылдың негізгі салдары Подольск, Домодедово және Одинцово қалалық округтерінде тіркелген.

Wildberries қоймалары мен мұнай базасына соққы

Бірқатар Telegram-арналар мен ашық дереккөздерді (OSINT) талдаушылардың мәліметінше, шабуыл кезінде мына нысандар зардап шеккен:

  • Колединодағы Wildberries логистикалық орталығы;

  • Подольск маңындағы «Гривно» өнеркәсіптік паркі;

  • Подольскідегі Львовский шағынауданындағы мұнай базасы;

  • Домодедоводағы «Южные врата» индустриялық паркі.

Әлеуметтік желілерде Wildberries қоймалары мен «Южные врата» индустриялық паркінде болған ірі өрттердің видеолары тарады.

Кейін Wildberries Russ компаниясы қауіпсіздік мақсатында эвакуацияланған қызметкерлердің жұмыс орындарына қайта оралғанын және Колединодағы логистикалық кешеннің қалыпты режимде жұмысын жалғастырып жатқанын хабарлады.

Өрттер мен зардап шеккендер

Astra Telegram-арнасының мәліметінше, Мәскеу облысында кемінде бес өрт ошағы тіркелген.

Подольскіде дрондардың бірі тұрғын үйге тиіп, кемінде бір адам жараланған. Домодедовода да бір дрон көпқабатты тұрғын үйге құлағаны хабарланды.

Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьевтің айтуынша, дрондардың құлауы салдарынан бірнеше жеке үй бүлініп, өрттер шыққан және азаматтық инфрақұрылым нысандарына зақым келген.

Алдын ала мәлімет бойынша:

  • Домодедовода жеке үйдің өртенуі салдарынан бір адам жарақат алған;

  • М-4 тас жолында дрон автокөліктің жанына құлап, тағы бір адам жараланған.

Домодедово ауруханасының мәліметінше, сол түні миналы-жарылыс жарақаттарымен алты адам жеткізілген. Олардың үшеуі – шетел азаматтары. Алайда бұл жарақаттардың дәл осы дрон шабуылымен байланысты екені ресми нақтыланбаған.

Зеленский шабуылды растады

Украина президенті Владимир Зеленский Мәскеу облысындағы нысандарға жасалған шабуылды растады.

Ол әлеуметтік желіде бірнеше нысаннан қара түтін көтерілген видеоларды жариялап, шабуыл жасалған нысандардың Украина шекарасынан шамамен 400 шақырым қашықтықта орналасқанын айтты.

Зеленскийдің сөзінше, Қара теңізде Ресейдің «көлеңкелі флотының» екі танкері мен төрт жүк кемесі де зақымданған.

Ол Украина Ресейдің қалалар мен азаматтық инфрақұрылымға жасаған шабуылдарына жауап қайтарып жатқанын мәлімдеді.

Сонымен қатар Зеленский бұған дейін Ресейдегі Wildberries қоймаларына жасалған соққыларды Украинадағы азаматтық инфрақұрылымға бағытталған ресейлік шабуылдарға жауап деп атаған. Оның айтуынша, аталған логистикалық орталықтарда дрондарға арналған бөлшектер сақталған.

Өз кезегінде Ресей соңғы күндері Украинадағы «Нова Пошта» компаниясының Днепропетровск облысы, Киев және Харьков маңындағы логистикалық нысандарына бірнеше рет соққы жасаған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз