Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 15 Сәуір 2025

Мәскеуде Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан сарбаздың сүйегі табысталды

1
Фото: из открытых источников

Екінші дүниежүзілік соғыста хабар-ошарсыз кеткен жауынгердің сүйегі отанына оралады. Оразғали Белүбаевтың сүйегі жақын күндері туған жері — қазіргі Шығыс Қазақстан облысына жеткізіліп, әскери құрметпен жерленбек.

Сарбаздың сүйегі өткен жылдың күзінде Ресейдің Новгород облысында "Медведь" және "Находка" атты жергілікті іздестіру отрядтарының жұмысы нәтижесінде табылған. Жауынгерлік медальон ішіндегі жақсы сақталған жеке құжат арқылы оның кім екені анықталған.

1908 жылы дүниеге келген Оразғали Белүбаев — бұрынғы Семей облысының тумасы. Ол ұзақ жылдар бойы "хабарсыз кеткен" жауынгерлер тізімінде болған. Іздестірушілердің дерегінше, ол 1943 жылдың тамызында Старая Русса қаласын азат ету кезіндегі ұрыста ерлікпен қаза тапқан.

Қазақстан Республикасының Ресейдегі әскери атташесі, сондай-ақ қазақстандық "Майдан Жолы" және "Ерлік-Даңқ" іздестіру топтарының бірлескен жұмысы нәтижесінде марқұмның туыстары табылды.

Сүйекті тапсыру рәсімі кезінде жаназа рәсімі өткізілді. Шараға қатысқан Қазақстанның Ресейдегі елшісі іздестіру қозғалысына қатысушыларға алғыс білдірді. Ал Новгород облысы губернаторының орынбасары 1989 жылдан бері қазақстандық іздестірушілердің өңірде жыл сайын өтетін "Жад вахтасы" шараларына қатысып келе жатқанын атап өтті.

Бұл — ерлік пен тарихты ұмытпау жолындағы маңызды миссияның жалғасы.

Тегтер: