Саясат

Мәжіліс депутаты 900 мың теңге жалақы жетпейтінін мәлімдеді

Бақытжан Базарбек депутаттық жалақының өзіне жетпейтінін айтып, жұбайынан жұмысқа шығуын сұрағанын мәлімдеді.

Бақытжан Базарбек

15 мамыр күні журналистер Мәжіліс депутаттарынан қазіргі жалақының жеткілікті-жеткіліксіз екенін сұраған.

— Қазіргі жалақы жетпейді. Өздеріңіз қараңыздар: 500, 700, 800 мың теңге кімге жетеді? Әсіресе отбасында 5–6 бала болса. Біздің кейбір депутаттардың 5–6 баласы бар, — деді мәжілісмен.

Оның сөзінше, табыстың едәуір бөлігі күнделікті тұрмысқа, балабақша мен түрлі үйірмелерге кетеді.

— Баланы балабақшаға беру, секцияларға апару, киіндіру — соның өзіне 300 мың теңге кетеді. Азық-түлік бағасы өсіп жатқанда, миллион теңге де жетпеуі мүмкін, — деді ол.

Базарбек журналистерге өзінің шамамен «900 мың теңгеден аса» жалақы алатынын айтты.

— Маған жеке өзіме жетпейді. Сондықтан әйеліме де жұмыс істеуін сұрадым, — деді депутат.

Бұған дейін Қазақстан депутаттары өздерінің және жұбайларының табыстары туралы декларацияларын жариялаған еді.

Мәлімдеме әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Кейбір қолданушылар депутаттардың жалақысына қатысты пікір білдіріп, қарапайым халықтың әлдеқайда төмен табыспен өмір сүріп отырғанын жазуда.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз