Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:28, 16 Сәуір 2024

Мектеп бизнеске, оқушы табыс көзіне айналғанда...

Мектеп
Фото: Жас Алаш коллаж

Қасымбек қазақша сөйлемейтін, шет елге кетуге дайындалып жүрген оқушылар туралы біле ме?

Жақында БАҚ-та «Астанадағы 66 жекеменшік мектептің бесеуі ғана қазақ тілінде білім береді» деген ақпарат тарады. Астана қалалық білім басқармасының есебінше, қаладағы 66 жеке мектептің 5-еуі мемлекеттік тілде, 15-і орыс тілінде, ал қалғаны аралас тілде оқытады екен. Мекеме жекеменшік мектептердің оқыту тілі ата-аналардың қалауына қарай айқындалады деп отыр. Яғни «клиенттер» қай тілді сұрайды, жекеменшік мектеп сол тілді ұсынады. Мемлекет қанша қаржы құйып отырса да, мемлекеттік тілді міндеттей алмайды. 

Ресми дерек бойынша, елде жалпы 701 жекеменшік мектеп бар. Онда 248 157 оқушы білім алып жатыр. Оның нешеуі қазақ тілінде білім беретіні жайлы нақты дерек жоқ. Бірақ Астанадағы жағдайды ескерсек, 700 жекеменшік мектептің мемлекеттік тілде оқытатыны 10 пайыздан аспауы мүмкін. 

Қазақстандағы ең қымбат жекеменшік мектеп – Haileybury Astana School. Оқу ақысы жылына – 13 млн 345 мың, айына орта есеппен 1 млн 482 мың теңге. Мұнда барлығы ағылшын тілінде оқиды, сол тілде сөйлейді. Англиядан келген мұғалімдер сабақ береді. Жылдық оқу ақысы бірнеше миллион теңге болатын өзге де ірі жеке мектептер шет тілде білім беріп, шет тілде іс жүргізеді. Жерімізді жайлап отырса да, олардан мемлекеттік тілді талап ете алмай келеміз. 

Мұндай халықаралық деңгейдегі лицензиясы бар мектептер түгіл, қарапайым жекеменшік оқу орындарының өзінде мемлекеттік тіл босағадан ғана сығалап тұр. Тіпті орысша және аралас тілде оқытатын мемлекеттік мектептердің өзі қазақ тіліне жүрдім-бардым қарайды. Мұндай мектепті тәмамдаған түлек қазақша өз атын да жаза алмайтыны жасырын емес. Осының бәріне қазіргі білім жүйесі жол беріп отыр. Мемлекет өзі оқытқан баладан өзі мемлекеттік тілді талап ете алмайды. Демек, жекеменшік мектептерге биліктің тісі мүлде батпайды деген сөз. 

Қазақстанда жалпы 7 863 мектеп бар. Оның 4 059-ы қазақ тілінде, 1 149-ы орысша, 2 655-і аралас тілде оқытады. Аралас мектепте мұғалімдер мен оқушылар орыс тілінде сөйлеп, іс-шаралар орыс тілінде өтетінін ескерек, 3 804 мектеп орыс тілінде білім беріп отыр. Бұл да елдің білім жүйесінде өзге тіл үстемдік құрып тұрғанын білдіреді.

Шетелге кетуге дайындалып жатқан балалар.

Химия ғылымының PhD докторы Жексен Тоқтарбай: 

«Мемлекеттік мектепте де, жекеменшік мектепте де жұмыс істедім. Оның арасында жылдық оқу ақысы 7 миллион теңге болатын халықаралық мектеп те бар. Оның бәрінде қазақ тілі пән ретінде енгізілген. Бірақ тереңдетіп оқытады деп айта алмаймын. Мемлекеттік тіл оқытылады деген есеп қана. Орыс тілінде білім беретін мектептерде де жағдай осындай. Пән ретінде бар, аса үлкен талап қоймайды. Ол үшін мектепті бітіргенде қазақ тілінен мемлекеттік емтихан тапсыруды міндеттеу керек еді. Қазір оқушыларға келер-кетері жоқ, оқыды деген аты ғана.

Жекеменшік мектепте білім саласы өте жоғары дегенмен де келіспеймін. Кей ата-ана баласына біз ақша төлеп отырмыз, мектеп бәрін істеуге міндетті деп үйретеді. Мұны оқушылар да айтып жүреді. Сол үшін мектеп те, мұғалімдер де оқушы ренжіп қалмасын деп көңіліне қарап отырады. Сол үшін балалар қаласа оқиды, қаламаса, оқымайды. Ешкім «3» қойып, ұрыса алмайды.

Көптеген жекеменшік мектеп оқушыларға табыс көзі ретінде қарайды. Менің ойымша, кәсіпкерлер мектепке бизнес ретінде ғана қарамай, білім беруге көңіл бөлуі керек. Жекеменшік оқу орындарының бір артықшылығы, қажетті жабдықтар толық болады. Бірақ бәрінде толық деп айта алмаймын. Ал мемлекеттік мектептерде химия, физикадан тәжірибе өткізетін мүмкіндік жоқтың қасы.

Мен жұмыс істеген халықаралық мектепке елдегі танымал миллиардер демеушілік жасайтын. Қазақстандағы ірі халықаралық мектептердің көбінің демеушісі өзімізден шыққан қалталы азаматтар екен. Солар неге мемлекеттік мектепке демеуші болмайтынына таңғалам. Өз басым, жекеменшік мектепте оқыған балалардың көбі Қазақстанның дамуына үлес қосады деп ойламаймын. Олардың көбі ҰБТ тапсырмайды, шетелге кетеді. Тіпті оларды шетелге дайындалып жатқан балалар деуге болады.

Мұғалім үшін жекеменшік мектептің бірнеше артықшылығы бар. Ең алдымен, қағазбастылық жоқ. Мемлекеттік мектепте мұғалімнің уақыты қағаз толтырумен өтеді, бірақ қазір кішкене азайды. Екіншіден, жалақысы жоғарырақ болады.

Ал жекеменшік мектептер неге қазақ тілінде сабақ бермейді дегенге келсек, бұл мемлекеттік жүйенің қателігі. Мәселе сұраныстан туып отыр, адамдардан орыс тіліне сұраныс туғандықтан, мектеп тілі орысша болып отыр. Мектеп ашқан кәсіпкерлер патриотизмді емес, бизнесті ойлайды. Мысалы, біздің елде бір ауыз қазақша білмей, тек орысша білсең мемлекеттік қызметте істей бересің. Министрліктерде мұндай шенділер толып жүр. Ал, керісінше, мүлде орыс тілін білмейтін, тек қазақша сөйлейтін мемлекеттік қызметкер көрдіңіз бе? Әрине, жоқ. Сондықтан халық арасында орыс тіліне сұраныс жоғары», – дейді Жексен Тоқтарбай.

Мектеп салу – тиімді бизнес

Қазақстандағы күрмеуі күрделі көп мәселенің бірі – мектеп тапшылығы. 2023 жылы жаңа оқу маусымы басталғанда 270 мың оқушыға орын жетіспейтіні белгілі болды. Елдегі мектептердің 60 пайыздан астамында оқушылар 2 немесе 3 ауысыммен оқып жүр.

Бұған дейін «100 мектеп», «Жайлы мектеп» сынды бағдарламалар қабылданған. Бірақ проблема әлі шешілген жоқ. Керісінше, 30 жылда мектеп саны азайып кетіпті. Мысалы, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары 9 мың білім ошағы болса, қазір олардың саны – 7 863 қана. Билік ауылдардағы ескі мектептер жабылғанын айтып, ақталуы мүмкін. Бірақ ертеңін ойлайтын ел болсақ, бір мектепті жапқанда, орнына екі мектеп салып отырар едік. 

Мектеп тапшылығын өз күшімен шеше алмайтынын түсінген билік бір «қулыққа» басты. Олар жеке инвесторға мектеп салдырып, мәселені оңай жолмен шешуге кірісті. Осылайша, жауапкершілікті жеке адамдардың мойнына артып қойғысы келген. Мұны кезінде білім және ғылым министрлігі кәсіпкерлерге бизнес жоба ретінде ұсынды. Билік бұл жобаны мемлекетке де, кәсіпкерге де тиімді деп санайды.

Жеке кәсіпкер өз қаржысына мектеп салады. Құрылыс аяқталған соң мемлекеттен білім беру тапсырысын алады. Мысалы, мемлекет «қосымша жан басына қаржыландыру» деген атпен әр оқушыға жыл сайын 700 мың теңге айналасында ақша төлейді. Сондай-ақ кәсіпкер ғимаратты реконструкциядан өткізіп, мектеп ашса, әр балаға жылына 47 АЕК, ал мектеп ғимаратын жаңадан салса, әр балаға жылына 96 АЕК ақы тағы төлейді.

Бұдан бөлек, мектеп салған инвестор ата-аналардан оқу ақысын жинайды. Оның мөлшерін жекеменшік мектеп иесі өзі белгілейді. Мектеп кәсіпкердің өзінде қалады, онда мемлекеттің үлесі болмайды. Сондай-ақ мектеп салатын жер табуға, құрылыс салу үшін жеңілдікті жолмен несие алуға да мемлекет мұрындық болады. Бұдан басқа да жеңілдіктері жетерлік.

Шенділер жекеменшік мектепте бәсекелестік жоғары, білім сапасы жақсы деп сендіреді. Бірақ бұған нақты дәлел жоқ. Өйткені олар көп мәселені «мектептің ішкі саясаты» деп жабық ұстайды. Сырттай мемлекеттік оқу бағдарламасына бағынады дегенмен, жекеменшік мектептердің «ішкі саясатына» ешкім қол сұға алмайды. Олардың қай елге қызмет ететін ұрпақ тәрбиелеп жатқанын да билік білмейді. Шенділер мектеп жекеменшік болса да, ондағы балалар мемлекеттікі екенін естен шығарып алғандай көрінеді.

Астана білім басқармасы нақты талапқа келгенде үнсіз

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда қазір 3,9 миллион оқушы бар. Елдегі мектептердің 3 мыңға жуығы – бір ауысымды, 4,7 мыңы – екі ауысымды, 106-сы – үш ауысымды жүйемен жұмыс істейді. Министрлік елде мектеп тапшы деген пікірмен келіспейді. Олардың айтуынша, үш ауысымды мектептер Астана мен Алматы қаласында және Алматы, Түркістан облысында орналасқан. Ал солтүстік өңірлерде, керісінше, оқушы саны аз болып отыр.

Бірақ елде мектеп жетіспей жатқаны екінің біріне белгілі жағдай. Үш ауысыммен оқу және бір сыныпта 30-40 баланың отырғаны осының айқын көрінісі. Оның үстіне қазір қолданыстағы 710 мектептің әбден тозығы жеткені анықталды. Оның 177-сінің салынғанына 70 жылдан асыпты. Тіпті жеткіншектеріміз саманнан, ағаштан және қамыстан салынған мектепте оқуға мәжбүр. Мұның бәрі мақтанатын көрсеткіш емес. Сапасыз білім беретін мектептен санасыз ұрпақ өсіп шығады. 

Жақында Астана қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев жаңа оқу маусымында 30 мыңнан аса бала бірінші сыныпқа баратынын айтты. Бұл бүлдіршіндердің қаншасы мемлекеттік тілде білім алатыны белгісіз. Бір анығы, елордада орысша оқитын бала көп. Қаладағы 66 жекеменшік мектептің бесеуі ғана қазақ тілінде білім беретінін айтып отырмыз. Осыдан бірер жыл бұрын жұрт Астанада орналасқан №75 мектеп-гимназиясындағы 110 сыныптың 13-і ғана қазақ сыныбы екенін айтып дабыл қаққан. 

Қалалық білім басқармасы мемлекеттік тілдің мәртебесі үшін қандай жұмыс істеп жатқаны белгісіз. Біздің «мемлекет жекеменшік мектептен қазақ тілін оқытуды талап ете ала ма?» деген сұрағымызға «барлық білім беру ұйымы қай мекемеге бағынатынына қарамастан оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы №348 бұйрығына сай қазақ тілі міндетті пән саналады. Биылдан бастап 5-8 және 10 сынып оқушылары қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен аралық емтихан тапсырады» деп жауап беріпті. 

Біздің мектептерде қазақ тілі қалай оқытылатынын жоғарыда жаздық. Ал аралық емтихан дегеніңіз – мектептің өз ішінде оп-оңай шешіле салатын мәселе емес пе!..

Айтпақшы, Астана әкімі Жеңіс Қасымбек былтыр (2023-24) астаналық балалардың 60 пайызы ғана қазақ мектебін таңдағанда да онша алаңдамайтын кейіп танытқан. 2020 жылы Қарағанды әкімі болып тұрғанда мектептердегі қазақ тіліне қатысты жыл сайын оң динамика байқалатынын, «балаларымыздың өсіп келе жатқанын», «ана тілі – біздің болашағымыз» екенін айта келіп, «дегенмен одан да зор күш салу керек екенін түсінеміз» деген. Былай қарасаң, бәрі оңай сияқты.

Бір гәп бар: не Астананың жекеменшік мектептері Қасымбектің «ана тілі – біздің болашағымыз» деген жаттанды сөзіне сенбейді, не әкім «одан да зор күш» салмай жатыр...

Қуаныш Қаппас

Тегтер: