Сараптама

Кубада жанармай қоры таусылды: Гаванада тәулігіне 22 сағатқа дейін жарық өшіп жатыр

Куба билігі елдегі жанармай қоры толық таусылғанын мәлімдеді. Елдің энергетика және тау-кен өнеркәсібі министрі Висенте де ла О Левидің айтуынша, мемлекет соңғы онжылдықтардағы ең ауыр энергетикалық дағдарысқа тап болған.

Мұнай

Министр 13 мамыр күні мемлекеттік БАҚ арқылы сөйлеген сөзінде:

«Бізде мұнай да, дизель отыны да мүлде қалған жоқ», – деді.

Оның айтуынша, ұлттық энергетикалық жүйе қазір аса ауыр жағдайда тұр. Кубада, әсіресе Гавана мен оған жақын аймақтарда жарық тәулігіне 20–22 сағатқа дейін өшіріліп жатыр. Электр тапшылығымен қатар, астанада азық-түлік пен дәрі-дәрмек жетіспеушілігі де күшейген.

АҚШ санкциясы және Иран соғысының әсері

Куба билігі қазіргі таңда тек өзіндегі мұнай, табиғи газ және жаңартылатын энергия көздеріне сүйеніп отырғанын айтады. Алайда АҚШ-тың мұнай жеткізуге қатысты шектеулері жағдайды күрделендірген.

Министрдің сөзінше, Гавана жанармай импорттау бойынша келіссөздерді жалғастырып жатыр. Бірақ әлемдік нарықтағы мұнай бағасының күрт өсуі бұл процесті қиындатқан. Бағаның қымбаттауына АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы әсер етіп отырғаны айтылды.

Кубада соңғы екі жылда 1300 мегаватт қуат өндіретін күн панельдері орнатылған. Бірақ отын тапшылығы салдарынан энергожүйе тұрақсыз болып, бұл қуат толық пайдаланылмай отыр.

Венесуэла мұнайды тоқтатты

Куба билігінің мәліметінше, ел желтоқсан айынан бері сырттан тұрақты жанармай алмаған. Бұған дейін Кубаның негізгі мұнай жеткізушілерінің бірі болған Венесуэла АҚШ әскері Николас Мадуроны биліктен тайдырғаннан кейін экспортты тоқтатқан.

Ал АҚШ президенті  қаңтар айында Кубаға жанармай жеткізетін елдерге баж салығын енгізуі мүмкін екенін мәлімдеген.

Соған қарамастан, Ресейден мұнай жеткізу жалғасқан. Наурыз айының соңында Кубаға 100 мың тонна шикі мұнай тиеген «Анатолий Колодкин» танкері келген. Бірақ ол жеткізген қор сәуірдің соңына дейін ғана жеткен.

«Бізге жанармай сатқысы келетін кез келген елмен жұмыс істеуге дайынбыз», – деді Куба министрі.

Гаванада наразылық басталды

Ұзаққа созылған жарық өшірулерінен кейін 13 мамыр кешінде Гаванада наразылық акциялары өтті. Reuters агенттігінің мәліметінше, жүздеген адам қала шетіндегі жолдарды өртенген қоқыспен жауып тастаған.

Наразылар:

«Жарықты қосыңдар!»

«Біріккен халықты ешкім жеңе алмайды!»

деп ұрандатқан.

Сонымен қатар, астананың әртүрлі бөліктерінде бейбіт шерулер ұйымдастырылған. Reuters бұл акцияны қазіргі энергетикалық дағдарыс басталғалы бергі ең ірі наразылықтардың бірі деп бағалады.

Өткен аптада United Nations АҚШ-тың Кубаға қатысты мұнай блокадасын заңсыз деп атап, оның кубалықтардың даму, азық-түлік, білім, медицина және таза суға қол жеткізу құқықтарына зиян келтіріп отырғанын мәлімдеген.

Тегтер: Куба Мұнай
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз