Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:48, 16 Қаңтар 2024

Мектеп директорларын ротациялаудың алгоритмі жоқ

мектеп директоры
Фото: из открытых источников

Бұрынғы білім және ғылым министрлігі 2021 жылы «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидаларын» бекіткен еді. Ол кезде министр Асхат Аймағамбетов болатын. Аталған шара мектеп директорларымен қоса, балабақша, музыкалық мектептер, оқушылар сарайлары мен үйлері, қосымша білім беру, спорт-тәрбиелеу ұйымдарының басшыларын да қамтиды. Бірақ басты назарда мектеп директорлары. Себебі ұстаздар мен қызметкерлерден ұзақ жылдар бойы жылы орнында отырған мектеп басшыларына қатысты шағымдар бұрыннан көп.

Заң қабылданарда әлемдік тәжірибені мысал еткен министрлік ротацияның мақсаты басшылардың тиімділігін арттырып, жемқорлыққа тұсау салу деп түсіндірді. Оның үстіне, директордың уақыт интервалы негізінде қызмет ауыстырып отыруы мұғалімдер мен процеске де әсер етеді. Бұл туралы жас педагог Наурызбек Отарбек былай дейді:

«Директор бір жылдың ішінде әріптестерін танып үлгереді. Және көбіне-көп сол бірінші көзқараспен қалады. Оның ішінде әріптестік бағасы жақсы қалыптасқан ұстаздар да болады. Және «теріс ойда» қалдырған мамандар да кездеседі. Егер басшы ұзақ жылдар сол қызметінде отырса, осы адами фактор ұжым мен директордың қарым-қатынасына кері әсер етпей қоймайды. Сағат бөлу, тағы да басқа көптеген мәселелерге келгенде әділетсіздіктер болып жатады. Нәтижесінде, «жақпайтын» мұғалімдер үнемі стресте жүреді. Әрі бірнеше жыл бір мектепті басқарған адамға ол орта «үйі» сияқтанады. Авторитаризм туралы әңгімелер, міне, осы тұстан өрбиді. Сондықтан басшының мерзіммен ауысып тұрғаны орынды. Ол жаңа мектепке барғанда өзі де іздене бастайды, мұғалімді де қозғайды. Сол арқылы процеске жан бітеді».

Расында, директорларды ротациялау туралы шешім ұстаздарды қуантпаса, ренжіткен жоқ. Министрлік екіге бөлінген кезде де оқу-ағарту министрлігі бірінші қарастырылатын мәселе – ротация екенін айтты. Десек те 10-20 жылдап отырған жылы орнынан ауысып жатқандар әлі де аз. Қағида бекітілгелі бірнеше жылдың жүзі болса да, қарқыны баяу. Мәселен, 2022 жылы 961 бірінші басшы ротацияланған. Оның жартысы ғана мектеп директоры, жартысы балабақша меңгерушілері. Ал былтыр жаңа жұмыс орнына барған 225 басшының 89-ы ғана мектеп директоры. Сонда жаңа заң қабылданғалы 7724 мектептің тек 7,8 пайызында ғана ауыс-түйіс орын алған. Министрлік болса, өткен жылдың соңында «ротация жалғасады» деп мәлімдеді. Алайда нақты жоспар мен мақсатты көрсеткіштер жарияланбады.

Бұдан бөлек заңның жетілдіруге тиіс тұстары көп. Әсіресе ротациялау мерзімі жайлы көзқарастар әртүрлі. Бұл туралы министр Ғани Бейсембаев: «Бір кездегі мектеп директоры ретінде айтарым, мектеп басшысы 3-5 жылда сол білім ордасына өзгерістері мен жаңашылдықтарын толықтай енгізіп болады. Әзірге бұл мерзімді 7 жыл деп белгілеп отырмыз. Болашақта қайта қарастырамыз. «Мүмкін, мектеп директоры қызметіне екі реттен артық тағайындамау керек шығар» деген де ұсыныстар бар», – деп айтқан еді. Негізі қағида бойынша, бір орында 7 жыл отырған басшылар міндетті ротациялауға жатады, 4 жыл қызмет атқарғандарға ауысу туралы ұсыныс жасалады. Басшы бір рет ротациядан жазбаша бас тартып, еңбек шартын тағы 3 жылға ұзарта алады. Ал екінші рет жазбаша бас тартқан жағдайда Еңбек кодексінің 49-бабының 7-тармақшасына сәйкес лауазымынан босатылады. Осы 7 жылды көп дегендер де, аз дегендер де табылып жатыр. Дегенмен бұл жайдан-жай алынған мерзім емес. Директорлар алғашқы 1 жылға сынақ мерзімі негізінде жұмысқа орналасады. Содан кейін ғана 3 жылдық еңбек шарты жасалады. Демек, бірінші кезең – 4 жыл. Ал басшылық лауазымына 5 жыл толғанда директорлар аттестациядан өтеді. Біліктілік санатын алуға бір жыл қалғанда басқа мектепке ауысу тиімсіз. Өйткені басшы жаңа оқу ордасына барған соң аттестациядан қайта өте алмайды. Сондықтан келесі келісімшарт тағы 3 жылға жасалады. Осылайша, ыңғайлы мерзім 7 жыл болып тұр.

Ротациядан осы мерзімге қарамастан босатылатындар да бар. Еңбек заңнамасына сәйкес, зейнетке шығуына 2 және одан аз жыл қалған басшылар ротацияланбайды. Бұған қоса, бір ғана білім беру ұйымы бар ауылдық елді мекендерде де аталған шара жүргізілмейді. Осы тұстар көп қарсылықтар мен сұрақтар тудыруда. Ауылдық мектеп директорлары 20-30 жыл бір орында отырса, ол өз үйінің қожасындай болып кетеді дейді педагогтар. Әрі зейнет жасына қатысты да нақтылық жоқ. Себебі бір-екі жыл қалды деп ротациядан құтылған басшылар зейнетке шыққан соң еңбек шартын ұзартып, сол орнында отыра беретін жағдайлар кездеседі екен.

Одан бөлек, ротацияның көшімен ілесіп жүре беретін «нәтижесіз» директорлардың мәселесі де министрліктің қарауын қажет етеді. Қағида бойынша ротация кезінде директорларды аттестаттау немесе мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшысы қызметінің тиімділігі, жыл сайынғы бағалау қорытындысы ескерілуі тиіс. Әсіресе директор басшылық еткен ұйымдағы оқу-әдістемелік және тәрбие қызметінің сапасы, оқушылардың білім деңгейі назарға алынуы керек. Бірақ іс жүзінде көптеген бірінші басшылар қатарынан қалмай мектептен мектепке ауысып жүре беретін көрінеді. Бұл туралы 25 жылдық тәжірибесі бар мұғалім Тілекқабыл Нұрышев былай дейді:

«Бір ыдыста ұзақ тұрса су да сасиды. Осы секілді 20-30 жыл бір орында отырған директорда да кәсіби өсу болмайды, онымен бірге ұжым да сол күйді кешеді. Сондықтан ротация жүргізілуі керек. Бірақ дәл сайлауалды бағдарламалар секілді оқып отырсаң, құжатта бәрі керемет. Дегенмен іс жүзіне келгенде кем-кетігі мен қотыр-шотырынан көз ашпайсың. Ротацияны жаппай емес, тек нәтижелі директорлармен жүргізу керек. Жұмысы мен көрсеткіштері нашар директорларды басқа мектепке ауыстырудың қандай қажеті бар? Оларды бірден орнынан алып тастап отырған жөн. Өйткені 7 жылда нәтиже шығармаған маман ауысып барған келесі мектебін көгертеді деп сене алмаймыз. Сондықтан директорлардың орнын ауыстыра беруді ғана емес, жаңа, тиімді мамандар әкелуді де ойлауымыз керек. Ал бізде 30-40 жасында директор болған адам зейнетке шыққанша сол титулмен жүре береді. Сәйкесінше, жаңа бейнелердің келуі өте аз. Бұл мәселені шешу үшін ротацияға жатпайтын категорияларды анықтап, оларды орнынан босату керек.

Келесі мәселе, біз мектеп директорларын ротациялау арқылы жемқорлықты жойып, ашық қоғам құрғымыз келеді. Бірақ білім бөлімдерінің басшылары әлі өз орындарында отыр. Олар «ғасырлап» басқарамын десе де, «әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ» секілді. «Балық басынан шіриді» дейді. Балықтың басы облыстағы білім басқармаларының басшысы болса, олар отырып, мектеп директорларын ауыстыра беруден не өзгереді? Ақырында қосылғыштардың орны ауысқанмен, қосындының мәні өзгермейдіге келіп саяды. Мысалы, аттестация кезінде модератор санатын білім бөлімі береді. Ал онда ұзақ жылдан бері отырған «тамыр жайған» басшылар «ставка» қойып, құнын белгілеп, санат сатады. Мұны қаншама педагог айтты, жазды да. Оған қоса, әртүрлі орындар мен дипломдарды да саудалайды, өтірік құжат жасап, мақтау қағазына жарна белгілеп, мөр басып, тарата береді. Жемқорлықты азайтамыз десек, ротация алдымен осы басқармалар мен бөлімдерден басталуы керек. Бір ескерерлік жайт, мектеп директорлары – педагогтар. Олар министрлік бұйрығына бағынады. Ал білім бөлімінің басшылары болса мемлекеттік қызметкерлер, яғни лауазымдары басқа. Соған қарамастан, министрлік бастама жасап, басқа жауапты мекемелермен біріге отырып, білім басқармалары мен бөлімдерінің басшыларын ротациялау жағын қарастыру керек», – дейді педагог-зерттеуші.

Бұл тақырып өткен қыркүйекте мәжілісте де қозғалды. Депутат Наталья Дементьева ротацияда әртүрлі жағдайлар мен нұсқаларды қарастыратын нақты алгоритм жоқ екенін сынға алды. Министрлік болса қағидаларға байланысты нақты өзгерістер мен түзетулер болатынын не болмайтынын әлі күнге нақтыламады. Ал елдегі мектеп директорларының бір тобы ротацияның қажеті жоқ деп, ақыры болмағанда мектептен мектепке оқу-ісі, тәрбие-ісі жөніндегі орынбасарларымен бірге көшіруді сұрайды екен. Басшының жұмыс орнын мерзім-мерзімімен ауыстырып тұруы керек екеніне көндіге алмай жүрсе керек. Сонымен, аты дардай ротация 2021 жылдан бері көзге көрінерлік нәтиже берген жоқ. Себебі шараның бір науқаны жүріп, арғы процесс тұралап қалған. Әрі қағидалар да реттелмеген күйі келеді. Кезінде білім саласы да заманауи талаптарға сәйкес дербес басқарудан корпоративті басқаруға көшеді деп айтылып жүрді. Алайда бір өңірде директорларды ротациялаудың өзі осыншама уақыт алып жатса, корпоративті басқарудың ауылы әлі алыс секілді...

 

    Баян Мұратбекқызы