Әлеумет

Мектептерде оқушыларды медициналық тексеруден өткізу жүйесі өзгеруі мүмкін

Денсаулық сақтау министрлігі мектеп медицинасын жаңғырту аясында балаларға жүргізілетін профилактикалық медициналық тексерулерді толық цифрландыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Мектеп оқушысы, медициналық тексеру, дәрігер

Министрліктің мәліметінше, қазіргі профилактикалық тексеру жүйесі әлі де формалды сипатта қалып отыр. Яғни негізгі назар тексерулер санына аударылып, диагностика сапасы жеткілікті деңгейде болмай отыр.

Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі жүйені жаңарту бойынша бірқатар өзгеріс ұсынды. Атап айтқанда, профилактикалық тексеру моделін қайта қарау, нәтижелерді өңдеуде цифрлық технологияларды енгізу және кейбір функцияларды орта буындағы медицина қызметкерлеріне беру жоспарланған.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, мамандар тапшылығы мен медицина қызметкерлеріне түсетін жүктеменің көптігі бір баланы қарауға кететін уақытты азайтып, денсаулықтағы ақауларды анықтау сапасына кері әсер етіп отыр. Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттілігі бар және мүгедектігі бар балаларды есепке алу мәселесі де өзекті күйінде қалып отыр.

Жаңа жүйе аясында мектептер цифрлық электрокардиографтармен, пульсоксиметрлермен, бой-өлшеу және салмақ өлшеу құрылғыларымен, отоскоптармен және деректерді автоматты түрде жіберетін телемедициналық кешендермен жабдықталмақ.

Ал болашақта интраоральды камералар, плантографтар және авторефрактометрлермен қосымша жабдықтау көзделіп отыр.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап жаңартылған профилактикалық тексеру және мектеп медицинасы жүйесін еліміздің барлық мектебінде кезең-кезеңімен енгізуді тапсырды.

Министрлік мәліметінше, барлық медициналық деректер Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесіне біріктіріліп, әр бала үшін электронды денсаулық паспорты қалыптастырылады.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз