Мемлекеттік сыйлық: науқан мен насихат арасындағы әдебиет тағдыры
Төл әдебиетінің, руханиятының дамуына мән беретін елдер қаламгерлер үшін түрлі сыйлықтар тағайындайды, бұл өзі әлемнің көп елдерінде бар үрдіс. Қазақстан да соның санатында.
Әр екі жыл сайын әдебиет саласы бойынша Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері анықталады. Мемлекеттік сыйлыққа кімнің лайық екені туралы баспасөзде, әлеуметтік желілерде осыған дейін көп айтылды, талай мәрте жазылды, талқыланды. Сырттай қарасаңыз, бірсыдырғы, жаттанды дүниедей айтылатын, сосын, дақпырты бірден басылатын жаңғырықтай көрінеді. Бірақ жыл сайын дүмпуі жер жарады.
Көп санды қаламгерлер үшін аса маңызды саналатын Мемлекеттік сыйлықтың алдындағы науқан, талас‑тартыс тіпті бөлек әңгіме. Бұл тарапта қаламгердің тырбың-тіршілігі өз алдына, бар гәп сыйлықтың берілу шартында сияқты. Мысалы, сыйлық күзде Республика күніне қарай берілсе де, тамыздың біріне дейін сыйлыққа ұсынылған шығармалар туралы мерзімді басылымда мақалалар жариялануы тиіс. Әйт, шүу, бас қамшыны! Ендігіде газеттер мен сайттар Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғандарды қолпаштаған, демеген, жебеген мақалаларға толып, әлеуметтік желілердегі түрлі жазбалар көз қарықтырады.
Бір қарағанда, бұл әдебиетке деген қызығушылықтың артқаны сияқты көрінуі мүмкін. Алайда осы жанталас, жінігудің ар жағында әдеби шығарманың көркемдік қуатынан гөрі, марапатқа деген үздіккен ындын жатқандай сезіледі. Енді, бір жағынан, бұл ашықтықтың белгісі сияқты көрінетіні тағы бар. Мысалы, оқырман үміткерлермен танысып, олардың еңбектерін талқылауға мүмкіндік алады делік. Дегенмен таяқтың екінші ұшын тағы ұмытпайық. Бұл кезең кейде әдеби талқылаудан гөрі әдейі ұйымдасқан насихат науқанына көбірек ұқсап кететінін жасыра алмайсың. Ал сыйлық табысталғаннан кейінгі шығарма мен кітаптың тағдыры назардан тыс қалып жатады.
Ендігі бір мәселе – сыйлықтың әділ берілуі. Бұл төңіректе де дау-дамай аз емес. Әрине, өнерде абсолютті әділдік болмайды делік. Дегенмен қоғамның марапатқа деген сенімі шешім қабылдау процесінің қаншалықты ашық екеніне байланысты қалыптасады. Өкінішке қарай, бізде көбіне-көп нәтиже жарияланады да, ал сол нәтиженің, шешімнің қалай қабылданғаны қалтарыста қалады. Мәселен, қандай критерий шешуші рөл атқарды, қай шығарманың қандай артықшылығы болды деген сұрақтардың жауабы көп жағдайда айтылмайды. Осыдан соң түрлі күмән мен алыпқашпа әңгімелердің желдей есетіні анық. Биыл да қаламгерлерге Мемлекеттік сыйлық беріледі. Қазір қызылтанау қарбалас сәт. Әсіресе шығармасы ұсынылған қаламгерлер үшін жан аяспайтын жанталас кез. Біз бүгін Мемлекеттік сыйлық жөнінде қаламгерлермен ой өрбіттік. Ең әуелі олар үшін Мемлекеттік сыйлық деген не? Жалпы сыйлықтың Мемлекеттік болуы қаншалықты дұрыс? Бұл мәселе шетелдерде қалай? Осы сұрақтарға ақын Дүйсенәлі Әлімақын, жазушы Жантас Еркін, журналист Серік Хасен жауап берді.

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН: Әлемдегі ең ықпалды әдеби сыйлықтарды мемлекеттік емес ұйымдар береді
– Біздің елде әдебиетке берілетін ең жоғары марапаттардың бірі – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы. Сондықтан көпшілік арасында: «Басқа елдерде де әдебиетке мемлекеттік сыйлық беріле ме?» деген сұрақ жиі туындайды. Кейбір мемлекеттер әдебиетке тікелей мемлекеттік сыйлықтар тағайындаса, енді бір елдерде ең беделді марапаттарды тәуелсіз қорлар мен қоғамдық ұйымдар ұсынады. Мәселен, Испанияда ең беделді марапаттардың бірі – Miguel de Cervantes Prize. Бұл сыйлықты Испанияның Мәдениет министрлігі тағайындайды. 1976 жылдан бері испан тілінде жазатын көрнекті қаламгерлерге өмір бойғы шығармашылық еңбегі үшін беріледі. Оны тіпті «Испан әлемінің Нобелі» деп атайды.
Қытайда мемлекеттік деңгейдегі ең жоғары әдеби марапаттардың бірі – Mao Dun Literature Prize. Ол төрт жыл сайын үздік романдарға табысталады. Сыйлықты Қытай Жазушылар қауымдастығы мемлекет қолдауымен ұйымдастырады.
Жапонияда әдеби марапаттардың дені жекеменшік бастамамен құрылғанымен, мемлекет тарапынан мәдениет қайраткерлеріне арнайы ордендер мен құрметті атақтар беріледі. Ал елдегі ең ықпалды әдеби сыйлықтардың қатарында Akutagawa Prize мен Naoki Prize бар. Германиядағы Georg Büchner Prize неміс әдебиетіндегі ең беделді марапат саналады. Оны Германияның Тіл және поэзия академиясы табыстайды. Бұл сыйлық мемлекеттік және қоғамдық институттардың қолдауына ие. Бір қызығы, әлемдегі ең ықпалды әдеби сыйлықтардың көпшілігі мемлекеттік емес ұйымдардың бастамасымен беріледі. Мысалы, АҚШ-та біздегі секілді арнайы «Мемлекеттік әдеби сыйлық» жоқ. Бұл елде мемлекет әдеби процеске тікелей араласудан гөрі тәуелсіз институттардың жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Соған қарамастан, АҚШ әдебиетіндегі ең беделді марапаттардың бірі – National Book Award. Ол проза, поэзия, аударма, балалар әдебиеті секілді бірнеше аталым бойынша табысталады. Сыйлықты тәуелсіз Ұлттық кітап қоры ұйымдастырады.
Тағы бір маңызды марапат – Pulitzer Prize. Бұл сыйлық журналистикамен қатар көркем әдебиетке де беріледі. Оны жеке қор қаржыландырады. Осы жағдай АҚШ-тың мәдени саясатындағы ерекшелікті көрсетеді: мемлекет жазушыны тікелей марапаттаудан гөрі, азаматтық қоғам институттарына сенім артады. Әдебиетке ерекше құрметпен қарайтын елдердің бірі – Франция. Француз әдебиетіндегі ең атақты марапат – Prix Goncourt. Ол 1903 жылдан бері беріліп келеді. Қызығы, сыйлықтың ақшалай көлемі өте аз болғанымен, оның беделі орасан зор. Гонкур сыйлығын алған кітаптардың таралымы миллиондаған данамен сатылып, автор бірден танымал болып шығады. Бұл тәжірибе әдеби марапаттың құндылығы тек қаржыда емес, қоғамдық мойындауда екенін аңғартады.
Әлемдік тәжірибеге қарасақ, әдебиетті қолдаудың қатып қалған бір ғана үлгісі жоқ. Испания мен Қытай секілді елдер мемлекеттік сыйлықтарға сүйенсе, АҚШ пен Ұлыбритания тәуелсіз қорлар мен қоғамдық институттардың әлеуетін пайдаланады. Франция әдеби беделді ғасырлар бойы қалыптастырған дәстүрге арқа сүйейді. Қазақстан үшін Мемлекеттік сыйлықтың мәртебесін арттыру маңызды. Екінші жағынан, тәуелсіз әдеби қорлар мен жеке демеушілердің ұлттық деңгейдегі беделді марапаттарды қалыптастыруына жағдай жасау қажет. Өйткені әдебиет – тек жазушының жеке ісі емес. Ол – ұлттың рухани капиталы. Ал сол капиталды бағалай білген қоғам ғана өзінің мәдени болмысын сақтап, әлемдік өркениетке өзіндік үн қоса алады.

Серік ХАСЕН: ...Әдебиет емес, пропаганда
– Өз басым мемлекеттік сыйлықтың болуына қарсымын. Себебі егер әдебиетке мемлекет баға беретін болса, ол – әдебиет емес, пропаганда деген сөз. Тіпті біздегі мемлекеттік сыйлық кешегі Кеңес Одағынан қалған «аманат» іспетті, жүйесі әлі өзгерген жоқ. Сол баяғы билік пен президентке ыңғайлы адамдар ғана алады. Мен мемлекеттік сыйлық әлі де билік басындағы коммунистердің сыннан қорқып, әдебиет пен өнерден үрейленуінің салдарынан жалғасын тапқан жоба ғана деп білем. Қазір технологиялар ғана емес, барлық дерлік салада өзгеріс дәуірі. Бірақ, өкінішке қарай, біздің әдебиетшілердің дені әлі соны түсінбей жүрген сияқты. Ал билікке керегі осы. Ешқандай жүйе өзіне қалтқысыз қызмет ететін топты марапаттаудан шаршамайды.
Мемлекеттік сыйлықтағы біздің елде шарты біреу ғана, ол – ыңғайлы болу. Мысалы, Хасен Қожа Ахметті осы сыйлыққа кандидат ретінде елестете аласыз ба? Мұның өзі мемлекеттік сыйлықтың кімдерге берілетінін айшықтайды ғой. Сол науқан мен дүрмекке ілескен топтың не аңсайтыны, не көксейтіні маған да қызық. Мысалы, сіз осы науқандарда шығарма талқыланғанын көрдіңіз бе? Мен көрмеппін. Кімнің қай шығармасы түсіп жатыр, оларға бәрібір. Науқан кезінде дүрмекке ілесіп, көрсетіп қалсақ, көрініп қалсақ деген ниет сияқты. Мұндайда әдебиет жайына қалады. Бұл – мемлекеттік сыйлық әдебиеттің шынайы бағасын бермейді деген сөз. Жай ғана өзіне ыңғайлы немесе ұпай жинау үшін кездейсоқ біреуді таңдап беріле салатын марапат. Соған даурығып, таласып жүргендердікі не әурешілік екенін түсініп болмадым. Мәселе қаржысында болса керек. Басқаша ақтау мүмкін емес.
Оның үстіне мұндай сыйлықтардың әділдігіне сенбеймін. Оның әділ өтпейтінін қатысып жатқан кандидаттардың өздері де іштей біледі ғой. Әділ өтсе даурығып, науқан кезінде «айғайламас» еді. Сыйлықты лайық адамдар алмайтыны – бесенеден белгілі дүние. Мысалы, 1966 жылдан бері тағайындалып келе жатқан сыйлық, соның ішінде марапатты алған адамдардың шығармаларының ішінде, міне, біздің әдебиетке бетбұрыс әкелді деп бір шығарманы атай аламыз ба?
Жалпы әлемдік практикада сыйлықтар көбіне әдебиетке серпін беру үшін, бетбұрыс әкелу үшін тағайындалады. Біз сондай межеге қашан өтетінімізді кім білсін? Әлі күнге мемлекетке қол жаюды ар санамайтын әдебиетшілер тірі тұрғанда қиындау болады-ау. Әдебиет даму үшін, шынайы бағалануы үшін жазушы ешқашан мемлекетке жәутеңдемеуі керек.
Биыл кімнің ұсынылып жатқанынан да бейхабармын. Әйтеуір әлеуметтік желіде жұрттың даурығып жазып жатқанын көзің шалып қалады. Оған да аса мән беріп, зерделемедім. «Тұрсын Жұртбай алуы керек» деп қол жинап жатқанынан хабардармын. Әрине, Тұрсын Жұртбай ол сыйлыққа лайық, мәселе сол сыйлық Тұрсын Жұртбайға лайық па? Қаламына адал болып қалған адамдардың кейде сыйлыққа жақындамағаны да дұрыс па деймін.
Нарықтық межемен алсақ, бізде кітаптың сатылуы өте төмен деңгейде. Бір парадокс бар, мысалы, мемлекет авторларға кітапты өзі шығарып беріп, кейін өзі сатып алады. Қолдан тұтынушыны жасау – кез келген саланы құлдыратады. Әдебиет те сұраныс пен ашық нарыққа шығатын кез келді ғой. Мемлекеттік кітапханалардың архивінде қорап-қорабымен жатқаннан не пайда? Сол үшін мемлекет әдебиеттен түбегейлі қол үзуі керек деп есептеймін. Жалпы кітап сатуды мемлекет қарастырмауы керек. Мемлекет авторларға кітап шығаруды да тоқтатуы қажет. Бұл жеке баспалар мен кітап дистрибьютерлері айналысуы керек дүние ғой. Кітап сату саласы жеке индустрия ретінде дамуы тиіс. Оған мемлекет өзі кедергі жасап отыр.

Жантас ЕРКІН: Сыйлықты беру процесі тәуелсіз комиссия арқылы жүргізілуі шарт
– Бұл мәселеге қалыптасқан жағдай тұрғысынан ойланайық. Біз сияқты дамушы мемлекеттер үшін мемлекеттік сыйлықтың болуы, әрине, маңызды. Ол – ұлттық әдебиетті қолдайды, тілге де тірек, ақшалай сыйақысы да жаман емес. Бірақ сыйлықты беру процесі тәуелсіз комиссия арқылы жүргізілуі шарт. Мемлекет ұйымдастырады, бірақ таңдамайды, осы тепе-теңдік сақталса, игі. Өкінішке қарай, осы мәселеге қатысты дау-дамай тыйылмай келеді. Әсіресе әдебиеттің айналасында. Өйткені қалған салалармен салыстырғанда әдебиет өте субъективті өнер ғой. Онда жазушы үкіметті сынайды, тарихты талқылайды һәм табуларды бұзады. Сондықтан бұл сала мемлекет үшін аса тиімді емес. Әрі әдебиетте «үздік» деген өлшем жоқ. Кім шешеді? Неге сүйенеді? Осы жағы да даулы.
Сыйлық табысталмас бұрын сондай бір үлкен науқан басталатыны рас. Оқылғаны бар, оқылмағаны бар, жапа-тармағай газет-журналдарға мақала жариялап, кітапханаларда кеш ұйымдастырып, кітабына репутация жинайды. Бірақ бұрыннан белгілі автор, белгілі шығарма ғой, неге өйтетінін өзім де түсінбеймін. Бұрын кітапхана саласында істегенде «менің кешімді ұйымдастырып берші» деген белгілі ақын-жазушылардың өтінішіне де мақұл болғанбыз. Дегенмен мұның орнына халықаралық сарапшылар шақырылып, әлемдік стандартпен бағаланса, әділдігі айқынырақ көрінер еді, әрі сыйлықтың беделі де арта түсер ме еді деп армандайсың.
Нобель, Букер, Акутагава сияқты тәуелсіз сыйлықтары жоқ елде, әдебиетке салынған кез келген инвестиция жазушыларға үлкен көмек. Мәселе сол, бізде автор мен оның туындысын сол сыйлыққа жығып береді. Ал нағыз беделді сыйлықтар адам еңбегін, ізденісін бағалайды. Жалпы бұл түбін қаза берсек, әрі-беріден соң, эстетикалық қана емес, идеологиялық, фундаменталды мәселе. Бірақ биылғы сыйлықтың кульминациясы зал ішінде, комиссия мүшелері арасында өрбіп жатқан сияқты ғой...
Меніңше, бұған тәуелсіз әдеби агенттер, продюсерлер араласуы керек. Бірақ мемлекеттің өз тарату жүйесі бар, жеңімпаз шығармалар көбіне сол ретпен жүреді. Мұны да қазбаласақ, бастапқы, идеология мәселесіне қайта ораламыз. Бір қызық құбылыс сол – осындай мемлекеттік деңгейдегі алыс-беріс мәселесіне келгенде ғана қоғамның жарасы көрініп қалады. Тарихи жарасы бар, трайбализмі бар, тағы да басқа. Ең дұрыс шешім – әдеби агенттер. Бұл да бір Қазақстан нарығы үшін енді күш алып келе жатқан сала болғандықтан, толық іске асуы үшін әлі біраз уақыт, қажырлы еңбек керек шығар. Жалпы, азды-көпті кітап шығару һәм тарату тәжірибемізде бір түсінгенім, мемлекеттің қолына ғана қарап отыру – жазушының соры. Автор сату өнерін өзі меңгерсе, я жақсы агенттермен байланыс орнатса, әдебиеттің дамуына жаңа серпін берер еді. Ескінің қалдығына жармасу көсегемізді көгертпейтіні анық. «Меценат» сияқты тәуелсіз сыйлықтар – соның жарқын мысалы.
Дайындаған Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ