Әлеумет

Мемлекеттік туды балконға ілуге рұқсат: рәміздерді пайдалану тәртібі өзгерді

Қазақстанда мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібі жаңартылып, мемлекеттік туды қолдану аясы кеңейтілді.

Рәміздер, Мемлекеттік Ту

Үкімет енгізген өзгерістер азаматтардың мемлекеттік рәмізге деген құрметін сақтай отырып, оны қоғамдық кеңістікте кеңінен насихаттауға мүмкіндік бермек. Жаңа қағидаларға сәйкес, енді жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын тұрғын үйлердің, кеңселердің және өзге де ғимараттардың қасбеттеріне, соның ішінде балкондарға арнайы талаптарды сақтай отырып орналастыра алады. Ту ғимаратқа шамамен 45 градус бұрышпен ілінуі тиіс. Сонымен бірге оны салтанатты рәсімдер, мерекелік және қоғамдық маңызы бар іс-шаралар өткізілетін орындарда қолдануға да рұқсат беріледі. Бұл өзгерістер мемлекеттік рәміздерді тек ресми мекемелердің ғана емес, қарапайым азаматтардың күнделікті өміріне де жақындата түсуді көздейді. Осы орайда саясаттанушы Айдана Асқарқызының айтуынша, қолданылатын ту міндетті түрде ұлттық стандартқа сәйкес дайындалуы қажет. Оны пайдалану кезінде мемлекеттік рәміздің қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін кез келген әрекетке жол берілмеу керек. Атап айтқанда, ту жерге, еденге немесе суға тимеуі, жыртылмауы, кірлемеуі, өңі оңбауы және сыртқы келбетін бұзатын өзге де ақаулардан таза болуы тиіс. Бұл талаптар мемлекеттік рәміздің мәртебесін сақтау мен оған деген құрмет мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

«Мемлекеттік туды коммерциялық немесе жарнамалық мақсатта пайдалануға жол берілмейді. Сондай-ақ оны киімнің күнделікті элементі, төсек-орын жабдығы, перде, дастарқан, кілем немесе өзге де тұрмыстық жабын ретінде қолдануға тыйым салынады. Мұндай шектеулер мемлекеттік рәміздің символдық мәнін төмендетпеу және оның беделін қорғау мақсатында енгізілген. Сондай-ақ мемлекеттік рәміздерді ақпараттық кеңістікте пайдалану тәртібі де нақтыланды. Қағидаларда мемлекеттік туды стендтерде, ақпараттық плакаттарда, көрнекі материалдарда және мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарында орналастырудың бірыңғай талаптары белгіленген», – дейді маман.

Құжаттағы маңызды жаңалықтардың бірі – спорт саласына қатысты. Енді спортшылар халықаралық және республикалық жарыстарда қолданылатын спорттық киімдері мен жабдықтарына мемлекеттік тудың бейнесін орналастыра алады. Бұған дейін мұндай мәселе құқықтық тұрғыдан нақты реттелмегендіктен, спорттық экипировкадағы мемлекеттік рәмізді пайдалану әртүрлі түсіндіріліп келген еді. Мемлекеттік рәміздерді күнделікті өмірде кеңінен қолдану тәжірибесі әлемнің көптеген елдерінде бұрыннан қалыптасқан.

«Мәселен, АҚШ-та азаматтар мемлекеттік туды тұрғын үйлерінің қасбеттеріне, балкондарына немесе аулаларына тұрақты түрде іліп қояды. Бұл елде ту азаматтық жауапкершілік пен ұлттық бірегейліктің белгісі ретінде қабылданады. Канада мен Австралияда да мемлекеттік туды мерекелік күндерде ғана емес, күнделікті тұрмыста пайдалану кең таралған. Ал Жапония мен Оңтүстік Кореяда ұлттық рәміздер ресми рәсімдермен қатар спорттық жарыстарда, мәдени іс-шараларда және халықаралық форумдарда елдің беделі мен бірлігін танытатын маңызды символ ретінде қолданылады. Алайда бұл мемлекеттердің барлығында мемлекеттік туды пайдалану еркіндігі оны құрметтеу мәдениетімен қатар жүреді. Яғни рәміздің бүлінуіне, коммерциялық мақсатта қолданылуына немесе қадір-қасиетін төмендететін әрекеттерге заң жүзінде шектеулер қойылған», – дейді саясаттанушы.

Қазақстандағы жаңа өзгерістер де осы халықаралық тәжірибеге үндес келеді. Бір жағынан, азаматтарға мемлекеттік туды еркінірек қолдануға мүмкіндік берілсе, екінші жағынан, оның мәртебесін сақтауға бағытталған талаптар күшейтілмек.

Сәруар Бақберген

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз