«Мен болған жағдайды ұмытпаймын»: Zeekr автокөлігінің жүргізушісі марқұмдардың отбасыларынан кешірім сұрады
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Әл-фараби даңғылында болған жантүршігерлік жол апатына қатысты алдын ала сот тыңдауы басталды.
Zeekr автокөлігінің жүргізушісі Александр Пак істі алқабилердің қатысуымен қараудан бас тартты.
Сонымен қатар айыпталушы Александр Пак жол апатынан қаза тапқандардың отбасынан кешірім сұрады. Ол болған жағдайға қатты өкінетінін айтып, отбасы мүшелеріне өмір бойына көмектесіп өтуге дайын екенін айтты.
«Мен қандай ауыр қасірет әкелгенімді түсінемін. Жауапкершіліктен қашпаймын да, жалтармаймын да. Заң алдында тиісті жазамды өтеуім керек. Бостандыққа шыққаннан кейін қолымнан келгенше бәріне көмектесуге тырысамын. Өзімді ешқашан кешірмеймін және бұл оқиғаны ұмытуға да жол бермеймін», – деді Александр Пак сот залында.
Еске салайық, 21 наурызға қараған түні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында ауыр жол апаты болған еді. Қарсы бағытқа шығып кеткен Zeekr маркалы көлік Mercedes автокөлігімен соқтығысқан.Қатты соққы салдарынан Mercedes көлігінің 29 жастағы жүргізушісі мен 20 және 22 жастағы екі жолаушы қыз оқиға орнында қаза тапты.Алдын ала мәлімет бойынша, Zeekr жүргізушісі жеңіл дәрежеде мас күйде болған. Ол ауруханадан шыққаннан кейін бірден тергеу изоляторына қамалған.Оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде апатқа полицейлер қатысқан көше жарысы себеп болуы мүмкін деген ақпарат тарады. Осыған байланысты арнайы тексеріс басталған.
Тексеру нәтижесінде Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің бұйрығымен Алматы полиция департаменті бастығының орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция мен қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының жетекшілері қызметінен босатылды. Сонымен қатар полиция басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты әрекетсіздік фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.