Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:09, 23 Сәуір 2024

Миллиардерлердің екінші тынысы: Тоқаевтың сөзіне дейін және кейін

су тасқыны
Фото:

Елімізде су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек ретінде күні бүгінге дейін жиналған қаржы көлемі 147,542 млрд теңгені құрады.

Қаражат апаттан кейінгі өңірлерді қайта қалпына келтіруге жұмсалады. Соңғы мәлімет бойынша, тасқын басталғалы 117 мың адам қауіпсіз жерге көшірілді. Кейбір болжамдар тасқын шығыны 200 млрд теңгеден асуы мүмкін дегенді айтып жатыр.

«Жас Алаш» тілшісі тасқын болған өңірлерге кім қанша қаржы бөлгеніне шолу жасап, жиналған қаржының өңірлерге дұрыс үлестірілуін қай мекеме бақылайтынын анықтап көрді.

Forbes тізіміндегілерден түскен қаражат

Қостанай облысына барған сапарында президент Қасым-Жомарт Тоқаев зардап шеккендерге көмек көрсетуде бизнес өкілдерінің рөлі ерекше екенін айтқан. Және әр ауыл, аудан, облысқа бекітіліп, жауапты болатынын, олардың еңбегі мемлекет назарынан тыс қалмайтынына акцент бере сөйледі. Президент мәлімдемесінен бір күн өткен соң тасқынмен күреске бөлінген қаржы көлемі бірден ондаған миллиард теңгеге өсті. Бұған дейін миллиардерлер компанияларының атынан азды-көпті аударып келсе, президенттің сөзінен кейін өз аттарынан миллиардтап аудара бастады.

Қазіргі таңда ең көп қаржы қазақстандық миллиардер Владимир Кимнің бірнеше компаниясының есебінен түскен. «Қазақмыс», KAZ Minerals, «АлтынАлмас», «Қаражыра» және RBK Bank – 40 млрд теңге аударған. Қаражат инфрақұрылымды қалпына келтіру мен балабақша, мектеп, аурухана мен тұрғын үй сынды құрылыс нысандарын салуға жұмсалады. Бұған дейін KAZ Minerals пен «Қазақмыс» 800 млн теңге; Bank RBK 150 млн теңге аударған.

Kaspi.kz-тің тең құрылтайшылары Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе 20 млрд теңге аударды. Қаражат Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарындағы тұрғын үйлердің құрылысы мен жаңа баспаналарды сатып алуға жұмсалады. Kaspi.kz компаниясы жолдарды жөндеуге, құтқару тікұшақтарының жұмысын қамтамасыз етуге, генераторлар, сорғылар, үрлемелі қайықтар мен дәрі-дәрмектерді сатып алуға 700 млн теңге (осы сомадан 80 млн теңгені қазақстандықтар жіберген) бағыттады. Ақша Biz birgemiz Qazaqstan қорына түсті.

Болат Өтемұратов қоры су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетуге 680 млн теңге аударған. Кейін Өтемұратов апат ауқымы артып келе жатқанын атап өтіп, өз атынан 10 млрд теңге бөлді.

«Теңізшевройл» мұнай компаниясы (ТШО) су тасқынынан зардап шеккендерге көмекке 2 млрд теңге бөлді. Ақшаны апатқа қарсы күресте шұғыл көмек көрсетуге, сондай-ақ тасқыннан кейін қалпына келтіру шараларын жүргізуге бағыттамақ. ТШО акционерлері Шеврон – 50%, «ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) – 20%, ExxonMobil Kazakhstan Ventures – 25% және «Лукойл» – 5%. ТШО-ның бақылаушы акционері – Chevron Corporation $3 млн (1,3 млрд теңге) көмек көрсетті.

InDrive компаниясының негізін қалаған ресейлік Арсен Томский өз атынан $100 мың атаса, компания атынан $200 мың (90 млн теңге) бөлді.

«Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» БҚО Бөрлі ауданында жергілікті инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша негізгі жұмыстарды қаржыландыруға 2 млрд теңге бөлді.

Назарбаевтар және өзге кәсіпкерлер

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атындағы қор 9 сәуірде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына елдегі орын алған су апатына көмек ретінде 300 млн теңге аударғандарын мәлім етті. Ал экс-президенттің қызы мен күйеу баласы Тимур мен Динара Құлыбаеваларға тиесілі Halyk Bank және «Халық» қайырымдылық қоры зардап шеккендерге 1 млрд теңге аударды. Тоқаевтың сөзінен кейін, 18 cәуір Тимур Құлыбаев жеке өз есебінен Атырау облысына 30 млрд теңге бөлгенін мәлімдеді. Назарбаев университеті мен Назарбаев мектептеріне иелік ететін Pioneer Capital Invest-ке тиесілі Jusan Bank су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға көмек көрсетуге 300 млн теңге аударды.

Тимур Турловқа тиесілі Freedom Holding компаниясы 1 млрд теңге бөлген. Андрей Лаврентьевтің Allur, QazTehna және Qarmet компаниялары «Демеу Қазақстан» қоғамдық қорына 500 млн теңге аударды.

Eurasian Resources Group 500 млн теңге бөлді, оның ішінде 100 млн теңге – Павлодар облысындағы су тасқынына қарсы күреске бағытталады. Айта кететіні, ERG компаниясының 40%-ы – қаржы министрлігіне тиесілі, Александр Машкевич пен Ибрагимовтар отбасына – 20,7%, Патох Шодиевке –18,6%.

Нұрлан Смағұловтың Astana Motors компаниясы су тасқынынан зардап шеккендерге 500 млн теңге көлемінде көмек аударды. Сондай-ақ кәсіпкерге тиесілі MEGA ойын-сауық орталығы мен Mycar.kz қызметкерлері өз бастамаларымен10,4 млн теңге көлемінде қаражат жинаған.

Бірнеше жекеменшік мектептер мен елдегі ең ірі құрылыс компанияның бірі – BI Group қожайыны Айдын Рахымбаев зардап шеккен өңірлерге көмек ретінде 500 млн теңге жіберген.

Бақытбек Байсейітов пен кәсіпкер Владислав Лиге тиесілі «ЦентрКредит» банкі өз қаражатынан 200 млн теңге бөлді. Қаражат зардап шеккен аймақтардағы қалпына келтіру жұмыстарына бағытталды. Кейінірек, Байсейітов Батыс Қазақстан облысындағы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін алдыңғы сомаға тағы 5,5 млрд теңге қосты. Ақша тұрғын үй құрылыстарына жұмсалады. Еуразиялық банк «Қамқор-Ақтөбе 2024» қоғамдық қорына 200 млн теңге бөлді. Кейін өңірлердегі су тасқынының көбеюіне байланысты қосымша Қостанайдың «Мейірімділік.Kst» қоғамдық қорына қосымша 250 млн теңге аударған.

PTC Holding компанияларының көлік-логистикалық тобы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету қорына 150 млн теңге аударды. Каспий құбыр консорциумы (КҚК) қайырымдылық көмек шеңберінде Жайық өзенінің жағалау сызығын қорғау үшін 250 млн теңгені құрайтын су тасқынына қарсы бөгеттер салу және қалпына келтіру жұмыстарын атқарды. Сонымен қатар ол су басқан аймақтарға қорғаныс біліктерін үюге арналған арнайы техника жіберді. Бекіністер Орал өзенінің жағасында салынған.

Alageum Electric компаниялар тобы 102 млн теңге бөлді. Аталған сомадан 75 млн теңге «Демеу Қазақстан қорына», 10 млн теңгені «Сүйікті Қостанай» ҚҚ, 7 млн теңге БҚО «Ақжайық» өңірлік жеке қорына аударған. Сондай-ақ Петропавл қаласына 10 млн теңгеге баламалы сомада ПЭТ зауытының трансформаторлары берілді. Alageum Electric бақылаушы акционері – Сайдулла Қожабаев.

«Қазақстандық Робин Гуд» аталып кеткен бетперде киіп, қайырымдылық жасап жүретін жігіт су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға $1 миллион аударды. Әнші Димаш Құдайбергенов «Демеу Қазақстан» қорына 15 млн теңге аударған. Одан өзге әншілер де бірігіп ақша жинап, қорға аударып жатқандарын жариялады.

Мемлекеттік және квазимемлекеттік компаниялар

Мемлекет 100 АЕК-ке (369,2 мың теңге) біржолғы өтемақы төлеуге уәде берді. Ол үшін әкімдікке жүгіну қажет. 19 сәуірдегі соңғы мәліметтер бойынша 6 мыңға жуық отбасы жалпы сомасы 2 млрд теңгеден асатын төлем алды. Сондай-ақ 877 отбасына келтірілген материалдық шығын үшін 380 млн теңге өтемақы төленген. Қаза тапқан мал үшін төлем көлемі 38,9 млн теңгеге жетті.

Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықовтың мәліметінше, су тасқынына қарсы күреске барлығы 7 млрд теңге қарастырылған, сәуір айының басында аталған соманың 3 млрд теңгесі бөлінген. Қаржы министрлігі 2024-2026 жылдарға арналған бюджетті қайта қарауды жоспарлап отыр, төтенше жағдайды жою үшін үкімет резервін – 8,4 есе, 7 млрд теңгеден 59,3 млрд дейін ұлғайтпақшы.

«Қазақстан халқына» мемлекеттік қайырымдылық қоры ауылдық жерлерде үйлер салуға 10 млрд теңге бөлген. Қор қаражаты мен жиналған ақша есебінен 500-ден астам үй салуға болады. Қордың бізге 2024 жылғы 19 сәуірдегі жағдай бойынша берген мәліметінше, азаматтар мен компаниялардан 2,54 млрд теңге жиналған. Айта кететіні, 24 млрд теңгеге активтерді қайтару шеңберінде активтерді қайтару жөніндегі комитет мемлекеттік қорды 2,2 млрд теңгеге толықтырады.

«Самұрық-Қазына» қоры су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 15 млрд теңге бөлді. Көмекті қордың корпоративтік орталығына қарайтын компаниялар жинаған: «ҚазМұнайГаз» (3 млрд теңге), Қазатомөнеркәсіп» (3 млрд теңге), «Қазақстан теміржолы», QazaqGaz (1 млрд теңге), KEGOC, «Қазақтелеком» (1 млрд теңге), Air Astana (1 млрд теңге), сондай-ақ «Самұрық-Энергия». Қордың тобына кіретін әуекомпаниялары тасқын болған, болу қаупі бар аймақтардағы әуе билеттеріне арнайы төмендетілген тариф енгізді. Бұл үшін Air Астана тобы 40 қосымша рейс және Qazaq Air 2 қосымша рейс ұйымдастырды.

Көмекке жиналған қаражат есебін кім береді?

Көмекке жиналған қаржының үлестірілуі кімнің бақылауында деген сұрақтың жауабын Үкімет үйінің баспасөз қызметімен бірлесіп, жарты күн анықтадық. Қош, сонымен су тасқынына мемлекет тарапынан бөлінген қаражатты үлестіру – қаржы министрлігінің міндетіне кіреді.

«Су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің әкімдігі шығындарды есептеп, тиісті құжаттармен қаржы министрлігіне жүгінеді. Аталған құжаттар талапқа сәйкес келетін болса, тиісті сома облыс пен қала әкімдіктерінің бюджеттеріне аударылады. Ары қарай ақшаның дұрыс үлестірілуіне облыс/қала әкімі, бас прокуратураның өкілі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қызметкерлері мониторинг жасайды. Қаражат игерілгенге дейін де, кейін де мемлекет пен құзырлы органдар толықтай тексеріс жүргізіп отырады. Ал бөлінген ақшаның бухгалтерлік есебін – қаржы министрлігі ғана қабылдайды», – деді баспасөз қызметі.

Жекелеген қорлардың қаржылай есебін өз ішінде аудит қызметі ғана тексереді екен, ал оның дұрыс бағытта жұмсалуын антикор мен бас прокуратура өз назарында ұстамақ. Егер сіз жемқорлық фактілеріне тап болсаңыз, жедел оператор – 1424 нөміріне хабарласыңыз.

Айжан Қалиева

Астана қаласы

Тегтер: