Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:00, 20 Қыркүйек 2024

Молдахмет Қаназ: Ол кісіні салқын мінезді адамдардың қатарына қоспас едім

Молдахмет Қаназ

– Молдахмет аға, балалар әдебиеті туралы сөз болғанда сіздің есіміңізбен Соқпақбаевтың есімі, «Чика – Дабылдың баласы» мен «Менің атым Қожа» қатар аталады. Осы жөнінде бір ойланып көрдіңіз бе?

– Бердібек ағаның «Менің атым Қожа» шығармасы қазақ балалар әдебиетіндегі жасқаншақтық пен стандарттарды бұзған повесть. Кейбір жағдайларда осы шығармалармен қатарлас, кейін «Чика – Дабылдың баласын» да қосып атап жүргендер бар. Бердібек аға аттың басын тартпай, өмірден көргендерін еркін жазған болса, мен барынша ықшам жазуға тырыстым. Екі шығарманың ұқсастықтары да, айырмашылықтары да бар тәрізді.

– Соқпақбаев есімі, Соқпақбаев жазуы сізге қаншалықты жақын?

– Соқпақбаев есімі қадірлі. Алайда мен Бекеңнің стилімен жаза алмаймын.

– Бердібектің өзін көрдіңіз бе? Алғаш көргенде қандай әсер берді?

– Жазушылар мен ақындардың ерекшелігі бір-бірін алдын ала сыртынан-ақ тани береді. Бекеңмен одақтың мәжілістерінде кездесіп жүрдік, сәлем беретінмін. Алайда жеке сөйлесіп қалғанымыз 90-жылдар болу керек. Алматыда Ғ.Орманов көшесі бар. Оның жоғарғы жағы «Широкая щель» саяжайы. Сол жерде 60-автобусты күтіп тұрған кезімде Бердібек ағайыммен жолықтым. Ешқандай бөгесін жоқ, бірсыпыра емін-еркін сөйлестік. Ол жалғыз өзі саяжайына бара жатыр екен. Қарапайым киінген. Есімде қалғаны – «дәл осы жерден бастап келешек зоопарк болады» деген сөзі.

– «Көрдім, білдім» деген адамдар ылғи о кісінің салқын мінезін айтады. Біз шығармаларын ғана оқыдық қой, маған Бердібектің бойында керемет бір жылылық, мінезінде нәзіктік болған сияқты сезіледі.

– Ол кісіні салқын мінезді адамдардың қатарына қоспас едім. Қарапайым, жұрттың бәріне ашық адам ретінде танимын.

– Ахтанов, Нұрпейісов, Соқпақбаев, Қирабаев сіздердің алдарыңыздағы үлкен бір буын. Өздері достар. Осы ағаларыңызбен араластығыңыз қалай болды? Әсіресе Бердібекпен...

– Ахтановпен кездесіп жүрдім. Соқпақбаевпен бір-ақ рет дидарластым. Қирабаевтың қасына жолаған емеспін. Нұрпейісовпен ағалы-інілі, аздап қатынасымыз болды.

– Олардың арасындағы достық, сыйластық сіздердің уақыттарыңызда әңгіме болушы ма еді? Мәселен, Соқпақбаев ауылдан келгенде бала-шағасымен Қирабаевтың үйінде біраз уақыт тұрған. Тахауимен де дос болған.

– Олардың араларындағы достастық шын мағынасында адал, адамгершілікке толы, бай достастық болатын. Мен байқағанда, бірін-бірі сырттай дәріптеп, құрметтеп жүретін.

– Бердібектің соңғы уақытта жазбай кеткенін саясатпен байланыстырады. Соцреализммен жазғысы келмеген екен. Сіз қалай ойлайсыз?

– Бекең туралы естеліктерді оқып жүрмін, алайда творчестволық жұмыс дегеніңіз өте құпиялы шаруа. Тығыз қатыспаған соң не себептен жазбай кеткенін білмедім.

– Ең соңғы рет көрген кезіңіз есіңізде ме?

– Соңғы рет көргенім сол – саяжайға кетіп бара жатқандағы шағын әңгіме.

Сұхбаттасқан  Бағашар Тұрсынбайұлы