Әлеумет

Монакода украиналық миллиардер Вадим Ермолаевқа қастандық жасалды

Монакода тұрғын үйлердің бірінде болған жарылыс салдарынан үш адам зардап шекті. Францияның AFP агенттігінің мәліметінше, зардап шеккендердің арасында Монакода тұратын украиналық миллионер Вадим Ермолаев та бар.

Монако

Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.

29 маусым кешке Монте-Карлодағы Плас-де-Мулен алаңының маңындағы тұрғын үй ғимаратында жарылғыш құрылғы іске қосылған. Монако билігінің мәліметінше, оқиға салдарынан екі адам ауыр жарақат алып, олардың өміріне қауіп төніп тұр. Ал 13 жастағы жасөспірім жеңіл жарақат алған.

Зардап шеккендердің барлығы оқиға орнынан шамамен 20 шақырым қашықтықтағы Францияның Ницца қаласындағы ауруханаларға жеткізілді.

AFP агенттігінің тергеу органдарындағы дереккөзі зардап шеккендердің бірі Монакода тұратын украиналық кәсіпкер Вадим Ермолаев екенін хабарлаған. Украиналық бұқаралық ақпарат құралдары да өз дереккөздеріне сүйеніп осы ақпаратты жариялады. Дегенмен, Монако билігі әзірге мұны ресми түрде растаған жоқ.

Алдын ала мәлімет бойынша, бейнебақылау камералары белгісіз бір адамның тұрғын үйдің кіреберісіне жарылғыш зат салынған сөмке немесе қорап қалдырғанын тіркеген. Болжам бойынша, құрылғының ішіне болттар мен ұсақ металл сынықтары салынған. Осыдан кейін күдікті жаяу Франция аумағына қарай қашып кеткен. Құқық қорғау органдары Монакодан шығатын жолдарды уақытша жауып тастаған.

Жарылыстың нақты себебі мен оның артында кім тұрғаны әзірге белгісіз.

Князьдік үкіметінің басшысы Кристоф Мирман алғашында оқиғаны ықтимал террористік әрекет деп сипаттағанымен, кейін бұл анықтаманы «қасақана жасалған жарылыс» деп өзгертті. Оның айтуынша, бұл – Монако тарихындағы осындай сипаттағы алғашқы оқиға.

Құтқару жұмыстарына 50-ге жуық өрт сөндіруші мен 80-нен астам қауіпсіздік қызметінің қызметкері жұмылдырылды. Тергеудің алғашқы нәтижелері 30 маусымда жарияланады деп күтілуде.

Айта кетейік, Forbes Украина журналы 2021 жылы Вадим Ермолаевты елдегі ең бай 100 адамның қатарына енгізіп, оның байлығын 220 миллион доллар деп бағалаған. Ол 2019 жылы Украина азаматтығынан бас тартып, Кипр азаматтығын алған. Ал 2023 жылы Киев оған қатысты жеке санкциялар енгізген.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз