Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:15, 29 Наурыз 2024

Мүгедектігі бар адамдар үшін 220-дан астам объект бейімделді

s
Фото:

Қазақстанда мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау бағытында мемлекет тарапынан айтулы жобалар, іргелі істер атқарылып келеді. Солардың бірі мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді орта қалыптастыру.

Мәселен, өткен жылы Палодар облысында мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында 225 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны толық бейімделді.

Қазіргі уақытта елімізде 2025 жылға дейін Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар, «Аманат» партиясының 2023 – 2027 жылдардағы жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Халықпен бірге» жобасы іске асырылуда.

Жобада қолжетімділіктің интерактивті картасы сайтына енгізілген ел бойынша бейімделуге тиіс 35 мыңнан астам басым объектілер айқындалды. 2021 – 2022 жылдары 8 мыңнан астам нысан бейімделді. 2023 – 2027 жылдар кезеңінде жыл сайын кемінде 5 мың объект (5 жылда 27 мың) бейімделуі тиіс. 2021 – 2022 жылдарды қоса алғанда, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 13 857 объект осы талапқа сәйкестендірілді.

Павлодар облысында 2023 жылы бейімделуге жоспарланған 276 объектінің ішінен жергілікті атқарушы органдар 225 объектіде мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін бейімдеу жұмыстарын жүргізді:

- білім беру – 108 (мектептер, балабақшалар);

- денсаулық сақтау – 20 (аудандық/қалалық ауруханалар, фельдшерлік-акушерлік пункттер, амбулаториялар);

- мемлекеттік мекемелер – 46 (қалалық, аудандық, ауылдық әкімдіктер мен бөлімдер);

- мәдениет объектілері – 36 (мәдениет үйлері, театрлар және т. б.);

- спорт нысандары – 6 (спорт залдары, спорт сарайлары және т. б.);

- сауда және қызмет көрсету объектілері – 7;

- өзге де объектілер – 2.

«Менің байқауым бойынша денсаулық жағдайының ерекшеліктеріне байланысты шектеулері бар мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша Павлодар қаласындағы жағдай жыл санап жақсарып келеді. Мемлекеттік мекемелер мен жеке ғимараттардың иелері (дүкендер, дәріханалар және т.б.) өз объектілерін құрылыс нормаларына сәйкестендіруде. Мысалы үшін, мен үйіміздің жанында орналасқан дүкенге, Камзин көшесіндегі Қазпошта бөлімшесіне, орталық стадионынға мүгедектігі бар адамдардың кресло-арбамен кіру мәселесі бойынша көңілім толмайтынын айтып, ескертпе жасаған болатынмын. Менің ескертпелерім тыңдалып, барлығы түзетілді, табалдырықтар, пандус орнатылды», – деді бірінші топ мүгедектігі бар Нұрлан Қадырқұлов деген азамат.

Бұдан басқа 2023 жылы мемлекеттік бақылау шеңберінде ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Павлодар облысы бойынша аумақтық департаменті мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және т. б. салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 70 тексеру жүргізді, оның ішінде: 12 – жоспардан тыс, 56 – профилактикалық бақылау шеңберінде және прокуратураның талабы бойынша 2 тексеру болды.

Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 65 ұйғарым берілді, 2,5 млн теңгеден астам сомаға 12 әкімшілік айыппұл салынды.

Объектілердің меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпай жою туралы нұсқамалар ғана берілетінін атап өту қажет. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда ғана айыппұл салынады.

Мүгедектігі бар жандардың жағдайын жасау бағытында алдағы уақытта да іргелі істер атқарылмақ.