Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:13, 18 Маусым 2024

Мұхан Айтмырзаев: Әр күн – бізге берілген жаңа мүмкіндік

Мұхан Айтмырзаев
Фото: из открытых источников

Бақытын өнерден, кәсіп пен спорттан тапқан адамдар – біздің қоғамда қашан да қадірлі. Кейде тағдыр басына салған қиындықтар мен сынаққа қарамастан, ақ жолдан айнымай, арманына адалдық танытқандар болады. Олардың қоғамдағы беделі мен орны да әлдеқайда жоғары. Сондай жандардың бірі Азия паралимпиада ойындарының жеңіл атлетикадан қатысушысы түркістандық Мұхан Айтмырзаев. Оның айтуынша, 2018 жылы орын алған оқиға өмірін түбегейлі өзгерткен екен.

«2013 жылдан 2017 жылға дейін Қостанайдағы ішкі істер министрлігі академиясында оқыдым. Кейін оқуымды тәмамдап, Тараз қаласындағы полиция департаментінің «Арлан» арнайы жасағына лейтенант шенімен жұмысқа орналастым. 2018 жылы тамыз айында басымнан оқыс оқиға өтті. Сол оқиға өмірімді түбегейлі өзгертіп, денсаулығымды, атап айтқанда жұлынымды зақымдады. Осы оқиғадан кейін 2 жылдай ауруханада, оңалту орталықтарында жаттым», – дейді.

Кейін жұмысқа орналасып, оның үстіне спортқа бет бұра бастаған. Мұхан Айтмырзаев бұл оқиғаға дейін де спорттан бейхабар болмағанын алға тартып, бұрын бокспен айналысқанын, бірақ кәсіби түрде спортпен кейін айналысып бастағанын айтты.

«Басыма түскен жағдаймен қандай спортқа бару керегін Түркістан облысындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Сауран» спорт клубының аға жаттықтырушысы Арыстанбек Отаубайұлы хабарласып, бағыт-бағдар нұсқады. «Спортқа келсең қалай болады? Өзіңді сынап көргің келмей ме?» деген сөзінен соң ойлана келе пара жеңіл атлетикаға бет бұрдым. Спортқа келген жылы-ақ Қазақстан Республикасының чемпионы атанып, халықаралық сайыстарда бақ сынай бастадым. Әлемдік деңгейдегі алғашқы халықаралық сайыс Португалия астанасы Лиссабон қаласында дүниежүзілік «Әлем ойындары» сайысы еді. 2022 жылы қараша айында өткен спорт жарысында 3-орынды иеленіп қайттым. Алғашқы бастама үшін бұл үлкен жетістік, абырой еді. Кейін 2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен пара Азия ойындарында бақ сынадым. Бұдан бөлек, Марокко мемлекетіндегі сайыстан спорттың үш түрі бойынша жүлделі орындарға ие болып, медальмен қайттым. Бұдан бөлек, БАӘ, Тунис сынды мемлекеттерде өткен халықаралық сайыстарға қатысып, жүлделерге ие болдым», – дейді спортшы.

Бүгінде әлем назары пара спортшыларда екені анық. Себебі қазір әлем біртіндеп, спорт тек дені сау адамдардың құзыры емес екеніне көзі жете бастады. Бүгінде тағдыр басына қиындық салса да сынып кетпей спортпен айналысатын жандардың қатары көбейгені шын қуантады. Мұхан Айтмырзаев спорттың үш түрінен: диск лақтыру, найза лақтыру, ядро лақтыру бойынша сайыстарға қатысатынын атап өтті. Қазіргі таңда тек қатысушылар саны ғана емес, жыл сайын спорт түрлері де көбейіп келе жатыр. Оның үстіне, түркістандық спортшы еліміздегі пара спорттың даму қарқынына көңілі толатынын жеткізді.

«Еліміздегі пара спорттың даму қарқыны әлдеқайда алда. Халықаралық сайыстарға шығарып, оқу-ағарту жиындарға бару үшін мүмкіндіктер көп. Басына қиындық түскен жандарды қолдау мақсатында пара спорттың дамығаны тиімді. Әдетте, мүмкіндігі шектеулі жандар өзін қоғамнан тыс қалғандай сезінетін кездер жиі болады. Осындайда пара спорттың тигізер әсері жоғары. Түркістандағы «Сауран» спорт клубы осы жолда еңбек етіп жүрген мекеменің бірі. Құрамына қосылғалы бері екі жылдан асты. Ашылғанына аз уақыт болса да, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының көрсетіп жатқан нәтижесі өте жақсы. Осы жолда қолдау білдіріп, демеу көрсетіп жүрген бапкерлер мен жаттықтырушылардың еңбегі зор. Әлем біріншіліктерінде бой көрсетіп, екі спортшымыз Әлем чемпионы атанды. Бұл біз үшін ғана емес, мемлекет үшін де үлкен мәртебе деп ойлаймын», – дейді.

Сонымен қатар бүгінде еліміздің бұрынғыға қарағанда тең, инклюзивті қоғам құру жолында жақсы нәтиже көрсетіп жүргенін де атап өтті. «Мен 2019 жылы бірінші топ мүгедегі атанып, жәрдемақы төленетін болды. Сол жылдарға қарағанда қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жандарға көңіл бөлініп, назар аударылып жүр. Десек те, олқылықтар да аз емес. Мысалы, мүгедектер арбасына арналған арнайы жолдар мен пандустардың тапшылығы көп жағдайда қолыңды байлайды. Пандус жасаған күннің өзінде тек көзге алдамшы қылып қана жасалады. Шын мәнінде, мініп-түсу үшін пандустардың өте ыңғайсыз екенін айтып өткеніміз жөн», – дейді.

Әрине, еліміз ерекше күтімді қажет ететін жандардың жағдайын жасауға соңғы жылдары белсенді кірісіп, назар аударып жүр. Атқарылатын, іске асуға тиіс жұмыс әлі де көп. Мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамның тең және ажырамас бөлігі ретінде қарайтын қоғам құра білу басты міндет.

Мұхан Жұмабекұлы бүгінде алдына қойған басты мақсаты паралимпиада ойындарынан алтын алу екенін және осы жолда үздіксіз дайындалып жатқанын алға тартты. Сонымен қатар бүгінгі күні дені сау бола тұра тағдыр басына салған кішкентай сынақтардан жеңіліп қалып, арам жолдарға түсіп кететін жандардың көбейіп кеткенін де атап өтті. Спортшының айтуынша, әр адамның тағдыры өз қолында. «Алдыңа мақсат қойған соң соған жетуге тырысқан абзал. Бір саланы алып, соның түбін қаза берсең, нәтиже көрсететінің анық. Әр күн – бізге берілген жаңа мүмкіндік. Берілген мүмкіндікті оңтайлы, өзіңе пайдалы жағынан пайдалана алу да мықтылық. Өмір жолында басымызға сантүрлі сынақ түседі. Сол сынақтарда сынып кетпей, кішкентай қиындыққа бола ақ жолдан айнып кетпей өмір сүру өзіңнің таңдауыңда. Әр қиындықтың артында жеңілдік болады. Қандай ауыр жағдайға түссең де оның шығар жолы, саған беретін мүмкіндігі мен сабағы болады. Соны байқамай, кей жандар өмірден түңіліп кететін кездері жиі болады. Біз тағдырдан қаша алмаймыз, не қарсы шыға да алмаймыз», – дейді. Спортшыға болашақта жеңіс пен сәттілік тілей отырып, еліміздің байрағын әлемдік аренада әлі талай жарқыратады деп сенеміз.

Сәруар Бақберген