Руханият

Мұхтар Әуезов «Қилы заманды» қалай жазды?

1916 жылғы Қарқарадағы ұлт-азаттық көтерілісі туралы сөз етсек, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов пен жыр құлагері Ілияс Жансүгіров есімізге түседі.

Қарқара көтерілісі

Қазақ әдебиетінің қос алыбы Қарқара оқиғасы туралы қалам тартқан. Әуезов «Қилы заман» атты тарихи повест жазса, Жансүгіровтің «Жетісу суреттері» атты топтама өлеңдері және патшалық Ресейдің Қарқара көтерілісін басу үшін қандай әрекет істегені туралы архив материалдарынан деректер тауып, соның негізінде жазған «Жетісу казактары және 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс» деген еңбегі бар. Осыған байланысты қаламгерлердің Қарқара өңіріне барған сапарлары туралы сөз қозғауды жөн көрдік. 

Ілияс Жансүгіровтің «Жетісу суреттері» атты топтама өлеңі 1925 жылы жазылғаны туралы айтылады. Топтама өлең бірнеше бөліктен тұрса, ақын Алатаудың келісті келбетін, көркем табиғатын, ондағы жер аттарын, аң-құстары мен өсімдіктерін жырына арқау еткен. Албандардың атамекенін әдемі де көркем сұлу суреттермен көмкерген. Әсіресе қырғыздың Ыстықкөлінен бастап, Тәңіртаудың теріскейіндегі Қарқара жайлауының келісті келбеті, сала-сала болып жатқан сай-салаларын, биікке кеудесін керген Хан Тәңірі мен айдай жарқыраған Тұзкөлін, Елшенбүйрек пен Шалкөдені аралаған сәттерін сұлу да маржан сөзімен көркемдеген. Ілияс өлеңдегі барлық жерді көзімен көрген. Қасындағы сапарласын да ұмытпай, «Тау суретінде» деген өлеңінде:

«Тағыны тастан тауып тарсылдатып,

Жүргенбіз таудың ұзақ күні қыдырыспен,

Басына кешке таман Шырғанақтың,

Шыққанмын әлі есімде Ыдырыспен»,деген жолдар бар. Мұндағы Ыдырыс кім деген сұраққа келсек, ол – Жетісу губерниялық атқару комитетінің төрағасы, Кеген өңіріндегі Шырғанақ ауылында өскен Ыдырыс Көшкінов, Ілияспен Кеген өңірінде сапарлас болған жақын досы. Кеңес өкіметі үшін қызмет істеп, көп еңбек сіңірген, бір-бірін жақсы таниды. Осыдан болар, Шырғанақ жақта «Ілиястың төбесі» деген жер аты бар деген әңгіме айтылады екен. Кей деректерде 1925 жылға дейін де Қарқарадағы қанды оқиғаны зерттеу мәселесі өкімет тарапынан қозғалып, оған Ілияс Жансүгіровтің қатысқандығы айтылады. Демек, Ілиясқа Қарқара Мұхтардан бұрын белгілі жер. Ал Мұхтар Әуезов ол жылдары Ленинградта оқып жүрген кезі. Екеуі де бір-бірімен шығармашылығы жағынан таныс болған. Бұл жөнінде Мұхтар Әуезов: «Мен Ілиясты бұрында білуші ем, өлеңдерін де оқып жүретінмін. Бірақ оның шын мағынасында, дарынды ақын екенін мойындағаным, сол «Жетісу суреттері» өлеңін оқығаннан кейін», – деп өзінің ақынға тәнті болғанын білдірген. Ақын ол жылдары Жетісу өңіріндегі кеңес жұмысына белсенді араласып, оқу-ағарту жұмыстарын істеумен қатар ел ішіндегі белгілі ақындар мен өнер адамдарымен кездесіп, шығармаларын қағаз бетіне түсірген. Кейін өзі жинаған мұраларды елге танытуда аз жұмыс істемеген. Осыдан кейін ақын 1925 жылдың күзінде Мәскеудегі Коммунистік журналистика институтына оқуға кеткен.

1926 жылы кезекті Казкрайкомның 26 сәуіріндегі мәжілісінде қазақ шаруаларының бас көтеруінің он жылдығын атап өту жоспары қаралып, комиссия құрылады. Комиссияға Ораз Жандосов та кірген. Осыған байланысты 1926 жылы Қарқара көтерілісінің 10 жылдығы аталып өтеді. Мерекеге еліміздің сол кездегі астанасы Қызылордадан әдебиет пен өнер шеберлері – Әміре Қашаубаев, Серке Қожамқұлов, Иса Байзақов, Қалыбек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков, Зәуре Атабаева, Мәжит Дәулетбаев және басқа да отызға жуық өнер адамдары Қарқараға келіп керемет концерт берсе, ақындар жырдан шашу шашады. Салтанатты шараның соңында мемлекет қайраткері Ораз Жандосов пен Жетісу губерниялық атқару комитетінің төрағасы Ыдырыс Көшкінов жиналған халықты ұйымдастырып, көтеріліс ошағы болған «Айттөбеге» тас үйгізіп, оған Ереуілтөбе деп ат береді және кейінірек Қарқара қаһармандарына арнап ескерткіш орнатуды болашақ ұрпаққа аманаттайды. Бұл іс Ораз Жандосов пен Ықылас Кішібековтің бастамасымен жүзеге асқан екен. Көтерілістің 10 жылдық мерекесіне келген астаналық қонақтар тойдағы жақсы әсерлерін Қызылордаға барғанда жыр ғып айтады. Хабарды Мұхтар Әуезов өзінің «Қарагөз» трагедиясының премьерасына келген Әміре мен Исадан естиді. Оқиғаға Мұхаң қатты қызығып, осыдан кейін келесі жылы Ленинградтағы оқуына барарда Алматыға соғуды жоспарлайды. Жазушының бұл ойы келесі жылы іске асады.

Бұл туралы 1970 жылдардың аяғында Алматыдағы Мұхтар Әуезов үйінде «Халық университеті» жыл сайын өтетін дәріс сабақта әйгілі академик Әлкей Марғұланның аузынан осы жайтты мен естіген едім. Дәрісте ғалым: «Мен Мұхтармен Ленинградта бірге оқыдым, Мұхтар кезекті каникул кезінде 1916 жылғы Қарқарадағы ұлт-азаттық көтерілісті жазу үшін оқиға орнына баратынын айтты. Мұхаң ойға алған ісін тиянақты орындап, «Қилы заман» деген тарихи кітабын жазып, 1928 жылы жарыққа шығарды. Амал не, құнды кітап өміршең болмады», – деген еді.

Мұндай естелікті 1926 жылы Қарқара жәрмеңкесін көзімен көріп, ұлт-азаттық көтерілістің 10 жылдығында Мұхаңмен бірге болған атақты ғалым Ақай Нүсіпбеков те Әуезов үйіндегі кезекті дәрісте айтқан.

«Мұхаң Қарқара сапарында көтеріліс басшысының бірі болған Серікбай Қанаевтың әйелімен – ел ішінде Көкшегір атанып кеткен Қаныкеймен әңгімелескен. Жазушы ол кісіге өте риза болған еді. Ертесінде Мұхаңды шығарып салуға жолға шыққанбыз. Бізбен бірге Қаныкей шешеміз де таулы бөктеріндегі туыстарына баруға шықты. Жолай әжеміз қымыз ішуге атынан түсіп отырғанда: «Мұнда Еңлік бар екен ғой», – деп оны тамырымен жұлып алды. «Еңлік» деген сөзге Мұхаң елең етіп: «Не дедіңіз?», – деді. «Бұл – Еңлік деген гүл, біз қыз-келіншек кезімізде осыған құмар едік. Гүлмен боянатынбыз», – дегенде, Мұхаң: «Пәлі, мен Еңлік деген гүлдің аты екенін білмептім, «Еңлік-Кебек» деген шығарма жазып едім», – деп гүлді қолына алды», – деп, ғалым өткен жылдардан естелік айтқаны бар.

Ғалым Ақай Нүсіпбековтің қызы Дина да әкесі жайлы естелік жазыпты. Онда былай дейді: «Әкем 1916 жылы бозбала кезінде Қарқарадағы қанды оқиғаны көзімен көрген. Елді әбігерге салған ақ патша жендеттері ешкімді аямаған. Оны інісі Кеңес Нұрпейісовке және үйге келген басқа қонақтарға айтып отыратын. Ал Әуезов Қарқарадағы оқиғаға және оның қаһармандары, елдегі ауыр жағдайды Қызылордадан естіпті. Осыдан кейін Мұхаң келер жылы Қарқараға баратынын айтып, сол кездегі Жетісу губерниялық атқару комитетінің төрағасы Ыдырыс Көшкіновке хат жазады. Көп кешікпей «Күтіп алуға дайынбыз» деген жауап келеді. Содан Әуезов 1927 жылдың жазында Қарқараға келген. – Бұл жаз айы еді, – деген-тін одан әрі әкем Кеңес ағаға. – Дөңгелексазға жазушыға арнап Серібай атамыздың ұлы Мырқасымның ақ боз үйі тігілді. Біз күтуші, «барып кел, алып келге» тапсырма орындаушы бозбаламыз. Келген адам үстінде ақ китель-шалбар киген, бұйра шашты, орта бойлы кісі екен. Қарсы алып жүріп естігені – қонаққа атқосшылыққа Әкімқожа есімді адамды бекітіпті. Алматыдан еріп келген өкіл табалдырықтан атай беріп, «сізге жазатын үстел керек шығар» деп еді, Мұхаң оны қажет етпеді. Содан киіз үй төріндегі дастарқан басында көтеріліс туралы әңгіме басталды дейсің. Бір апта бойы осылай болды. Жазушымен кездесуге Қарқараның түкпір-түкпірінен ел ағалары шақырылып, бәрі өздерінің білетінін айтып берді.

Екінші аптаға аяқ басқанда қонақ оқиға ошағы – жәрмеңке орнымен, халық топтастырылған Мыңжылқы, Қабанқарағай, Лабасы, Талды мен Шөладырда болып, жер жағдайын жақсы білетін Қазы, Тұрсынбай деген кісілердің сөзін тыңдап, айналасы 14-15 күн ішінде шаруасын тиянақтады. Мұхаң Алматыға кетерінде көтерілісшілердің басшыларының бірі болған Серікбайдың әйелі Қаныкеймен (ел ішінде Көкшегір атанып кеткен, атақты күйші Қожекенің қызы) әңгімелесуі де жазушыға жақсы әсер қалдырғанын айтып отыратын. Үйге келген қонақтарға ара-тұра әңгіме айтып, өткенді еске алушы еді. Жас кезінде ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің Жетісу сапарын өз көзімен көргенін, жол бастаушы топпен еріп жүргенін ерекше толғаныспен еске алатын. Соның негізінде туған «Қилы заман» туындысы 1928 жылы Қызылордада бір рет жарық көріп, тек жарты ғасырға жуық уақыттан соң жұрт қолына тигенде: «Тәубе, бұған да шүкіршілік», – деп күбірлегені есімде. Әлі де көз алдымда».

Осы тұста тағы да аз шегініс жасасақ. Жеке адамдардың естеліктерінде Әуезовтің оқиғаның ошағы болған жер Қарқарада болғаны айтылады. Онда 1927 жылы Кеңес өкіметінің 10 жылдығына орай Қарқара жәрмеңкесінде үлкен мереке өтіп, оған Алматыдан Ораз Жандосов арнайы келген. Қасында Қалдыбаев, Көшкінов, Байпақов, тағы басқалар бар. Олар 1916 жылғы оқиғадан барлық мағлұмат жинаған. Қарқара жәрмеңкесіне жиырма үй тіктіріп, қырғын, қорлық көріп келген халықтың көңіл күйін көтеру үшін той жасайды. Жәрмеңкенің күншығыс жағындағы төбенің үстіне тойға жиналған адамдарға Қарқара өзенінің тасынан кісі басына екі-үштен алдырып, төбеге үйгізген. Тас үйілген сол төбенің атын Ереуілтөбе деп қойған. Тойға өңірден мың сан албан келіпті. Жиналғандардың ішінде өкімет адамдары және 1916 жылғы оқиғаға қатысқандар және оның қаһармандарының ішінде тірі қалған Алдаберген Қойшыбеков те болыпты. Ол өз естелігінде: «Мен де тас үйілген төбеге шығып, 1916 жылғы оқиға туралы сөйледім. Сөйлеп біткен соң, жұрт мені төңкерісшіл деп «уралап», аспанға үш рет көтеріп түсірді», – депті.

Мұнда бір айта кетерлік нәрсе – Әуезов те Ереуілтөбеде халық алдына шығып сөз сөйлегені. Мұхаңның сөйлегенін көзімен көргендердің бірі, әрі құрметті қонаққа қызмет жасаған Кеген, Қарқара және Шырғанақ елді мекендері ауылдық кеңесінің хатшысы – Есенаман Қосымбаев. Ол естелігінде: «1927 жылдың шілде айында Алматыдан Әуезов келді. Сөйлестік. Келу сапарының маңыздығын айтты. Біз жәрмеңкедегі халықтың басын қосып бердік. М.Әуезов халықтың алдында сөз сөйлеп, ерекше шешендігімен жұрттың ықыласын өзіне аударып, бірден баурап алды.

Мен Қараштың сазына (Бөлексаз бен Кегеннің ортасындағы жазық жер) екі қазақ үй тіктірдім. Оның біреуінде келген кісілердің әңгімесін тыңдап, қымыз ішетін, екіншісінде өзі отырып жазу жазатын. Осылайша бір ай шамасында жатып, «Қилы заман» материалдарын жинаған», – деп жазады. Есенаман Қосымбаев бұдан кейін де Мұхаңмен араласып тұрған.

Осындай деректі қазіргі күнде еңбек ардагері, жасы 80-нің мол ішіндегі Нұрлыкүн Оразбекұлынан да естідік. «Біз 1916 жылдың қаһарманы Серікбай Қанаевпен туысқанбыз. 1916 жылдың қасіретін әке-шешемізден естіп өстік. Қанды оқиғаны жазу үшін Ыдырыс Көшкінов Алматыдан Ілияс Жансүгіров пен Мұхтар Әуезовті Серікбайдың жайлауы Дөңгелексазға ертіп келген. Дөңгелексаз – Қызылбөрік руының ішіндегі Сақау атаның жайлауы. Қонақтарға Серікбайдың інісі Базарбайдың баласы Жөкен және белгілі ғалым Ақай Нүсіпбековтер қызмет жасапты. Екеуі де ол жылдары бозбала екен. Тігілген үйге Ыдырыс, Мұхтар және Ілияс демалып, аңға да шыққан. Осыдан кейін Ыдырыс қонақтарға оқиға болған жерлерді көрсетіп, елді аралатыпты», – дейді ақсақал. Кемеңгер жазушының Қарқараға келіп, кіммен кездескені туралы деректер, міне, осындай.

Ал қазақ поэзиясының Құлагері атанған Ілияс Жансүгіровтің Қарқараға сапары туралы деректер кездеспейді. Бірақ ақынның «Жетісу суреттері» деген өлеңдерінде мынадай өлең жолдары бар: «Жалықпай араладық қыдырыстан, Қасымдағы Сұраншы, Ыдырыстан...».

Біз жоғарыда Ыдырыстың кім екенін айттық, ал Сұраншы кім? Сұраншы – Қарқара көтерілісі жетекшілерінің бірі Ұзақ батырдың назарына іліккен бала. Батырдың ықпалымен Сұраншы Сауранбаев 1909-1912 жылдары Нарынқолдағы орыс-бұратана мектебінің интернатында оқыған. 1912-1913 жылдары жергілікті педагогикалық училище, 1920 жылы Алматыдағы 6 айлық курста білімін көтеріп, Ғани Мұратбаевтан үлгі алады. Жетісу жеріндегі Жаркент, Есік, Жалағаш, Алматы маңындағы елді мекендерде қызмет жасайды. Сұраншының өмір жолдары халқымыздың біртуар ұлы перзентерімен тоғысқан.

1927 жылы Республика үкіметінің халық ағарту комиссариаты басшыларының тапсырмасымен Сұраншы Сауранбаев, Мұхтар Әуезов, Ақай Нүсіпбеков үшеуі Таушелек, Кіші Жалағаш елді мекендерін, Торайғыр тауы арқылы Қарқара, Шалкөде жайлауларын және Ұзақ Саурықовтың Қостөбедегі қыстауын, Сырт жайлауын атпен аралаған. Сонымен қатар Ұзақ пен Жәмеңке және Қарақолда атылған басқа да батырлардың туған-туыстарымен кездескен. Мұхтар Әуезовтің қасында Ілияс Жансүгіров бірге болды ма? Болды деп байлам жасауға болады. Өйткені осы бір естен кетпес сапар туралы мәскеулік жазушы Николай Анастасьев: «Сол күндері Ілияс – айтушы, Мұхтар – тыңдаушы. Бірі – ақын, бірі – жазушы, олар не жайында көп сырласты, нені кеңеске салды?», – деп ерекше шабытпен жазған екен. Мәскеулік жазушының сөзінде үлкен мән бар.

Сондай-ақ қос алыптың Қарқарада бірге жүргені туралы да фотосуреттің барын айта кеткенді жөн көрдік. Сурет «Жетісу» газетінің 1998 жылғы 18 сәуір күнгі санында жарияланған. Басылымда «Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің Қарқараға сапары» деген тақырыппен мақала шыққан. Мақалада «Қилы заман» кітабы араға елу жылға жуық уақыт салып, қайта жарыққа шыққаны айтылады. Ал айтылмай қалған жайттардың сырын ашқан – осы фотосурет. Суретте атқа мінген үш адам бейнеленген. Оңнан солға қарай боз атқа мінген, түсі ашық ақ жейде, сым, аяғына былғары етік киген, құйма күміс үзеңгіге аяғын салып, аткөрпелі құранды ерге мінген адам – М.Әуезов. Сол қырынан жалаңбас түскен. Аттың жүгені де ерекше. Жүгеннің ноқталығы мен сағалығы дөңгелек ақ түсті темір өрнекпен көмкерілгені байқалады. Тізгіні жіңішке, ал шылбыры жалпақтау келген қайыс па дерсің. Ертоқымның құйысқаны да сәнді. Тоқымы былғары, сірә, қайып жасалған сияқты. Ертоқымның қанжығасы да ұзындау.

Екіншісі – ортада баран түсті ат мінген І.Жансүгіров. Ол да ақ жейдемен, жалаңбас. Үшіншісі де жалаңбас, үстінде шекпені бар. Оның мінгені де баран түсті. Бұл жерде редакция үшінші адамның белгісіз екенін жазып, оқырмандардан «танитын болсаңыздар, хабарласыңыздар» деп сұрау салыпты. Оқырман мен мақала авторы Ораз Әлмерек үшінші адамды «Қарақол түрмесінен аман шыққан Әубәкір Солтанбеков» деп топшылапты. Оған да негіз бар. Өйткені Мұхаңа арнап тігілген үй Әубәкірдің ауылы Шырғанаққа және Бөлексаз, Көктөбе, Қараштың сазына тиіп тұр. Ұлы жазушы қанды оқиғадан аман шыққан Әубәкірмен кездеспеуі мүмкін емес. Әубәкірдің түрмеде кімдердің болғанын, Жәмеңкенің қалай өлгені, ондағы атыс қалай болғаны, Ұзақпен бірге шығып, батырды амалсыз тастағаны – кітапта жазылған дәлел. Бұл фотосурет атақты ақынның мұражайына да қойылыпты. Суреттің аяқ жағында «Фотоқұжат: Ілияс Жансүгіров пен Мұхтар Әуезов «Қарқара» жайлауында, 1927 жыл» деп жазылған.

Иә, сонымен Мұхтар Әуезов пен Ілияс Жансүгіров 1927 жылдың шілде мен тамыз айларында көтеріліс болған жерге бірге барып, Алматыға қайтқан. Олардың сапары сәтті болып, ұлы жазушы бір жылдан кейін «Қилы заман» атты туынды жазса, жыр дүлдүлі атанған Ілияс Жансүгіровтің де Қарқарадағы ұлт-азаттық көтеріліс туралы еңбегі көптің көңілінен шыққан. Біз қос алыптың осы ерен еңбегін ешқашан ұмытпаймыз. Қасіретті жылдың қайғылы оқиғасы ғасырдан астам уақыт өтсе де, тәуелсіздік үшін күрескен қаһармандардың ерлігі болашақ ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.

Жексен Алпартегі,

журналист

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз