Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:10, 23 Мамыр 2024

Мүмкіндігі шектеулі жандардың сайлау құқығы шектелмеуі тиіс

1

Қазір мүмкіндігі шектеулі жандардың сайлаудан қалыс қалмау керектігі, олардың қоғаммен байланысының ажырамауы, саяси науқан кезінде олардың да өзіндік үнін есту қажеттігі жайы жиі айтылады.

Дамыған елдердің көпшілігінде саяси науқанда мүмкіндігі шектеулі адамдардың сайлау құқығын қамтамасыз ету жағы терең меңгерілген. Ал бізде қалай?! Қазақстанда ерекше туған жандардың сайлау кезіндегі құқын қамту үшін қандай іс-әрекеттер жасалды?! 

Қазақстанда ОСК жанын мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөнінде арнайы жұмыс тобы бар. Бұл топтың негізгі міндеті – мүмкіндігі шектеулі жандардың дауыс беру құқығын қамтамасыз ету, олар жайында сайлау орталықтарында толықтай мәліметтердің болуын қадағалау. 2017 жылдан бастап ОСК жанынан құрылған бұл топтың жұмысында мамандар айтарлықтай баға береді.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бұл жұмыс тобы 11 өңірден жиылған адамдардан тұрады және олар мүгедектігі бар адамдармен жұмыс жасап отырады. Былтырдың өзінде жұмыс тобы 70-ке жуық кездесу өткізіпті. Жұмыс тобының мүшесі Анастасия Геннадьевнаның айтуынша, сайлау барысында мүгедектігі бар сайлаушылардың жағдайы толық қарастырылуы керек. Сайлау учаскелерінде құлақаспаптар, көзі көрмейтіндерге арналған әріптерде жазылған сайлау туралы ақпараты бар арнайы папка, қосымша жарықтандыру, ұлғайтқыштар, сурдоаудармамен қамтамасыз етілуі керек. Сондай-ақ ол сайлау учаскелері пандустар мен арнайы трафареттермен қамтамасыз етілетінін айтады.

«Халықаралық талапқа сай барлық сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі жандарға тиісті жағдай жасалуы керек. Пандуспен жабдықтау, құлағы нашар еститіндерге арналған қажетті құрылғылар, арбалыларға лифті бар мекемелерді қарастыру сынды мәселелер ескерілуі керек. Қоғамдық бірлестіктердің көмегімен сурдоаудармашылар, тифлосурдо-аудармашылар тартылуы қажет. Бұл ретте біз осы істерді қадағалаймыз. Олардың орындалуын қамтамасыз етеміз», – дейді сарапшы.

Аталмыш мәселелерді ОСК және «Қазақстан мүгедектер конфедерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақ саңыраулар қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігі, «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі көмегімен жүзеге асырып жүр екен.

Соңғы деректерге сәйкес, Қазақстандағы мүгедектігі бар жандардың жалпы саны – 696 464. Осы адамдардың 86 пайызы кәмелет жасқа толған адамдар. Демек, олардың дауыс беру құқықтары белсенді, ал мәселе өзектілігі әр сайлау сайын өсуде. Сондықтан да сайлау учаскелерінің оларға қолжетімді болуы маңызды.

Талаптарды орындай алмау сайлау заңын бұзады және мүмкіндігі шектеулі жандардың құқын шектейтінін мамандар айтуда.

Жалпы, мамандардың пайымдауынша, «Сайлау туралы заңға өзгерістер енгізілгелі бері учаскелерде мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы кабиналар, трафареттер, компьютерлер пайда болды. Мысалы, көзі көрмейтін жандар арнайы трафареттер арқылы сайлау туралы ақпараттарды оқи алады. Бұған дейін мамандар мұндай талаптардың сақтала бермегенін, бірқатар сайлау учаскелерінде трафареттердің болмаған жағдайлар кездескенін айтады. Мұндай ақаудың кесірінен сайлаушының дауысы есептелмей кететін кездер де бар.

Сайлау учаскелерінің талапқа сай жұмыс істеп, мүмкіндігі шектеулі жандардың құқын қамтамасыз етуі маңызды деседі сарапшылар.

Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі жандарға саяси науқан кезінде инва-такси қызметіне жүгінуге болады. Бастысы – мамандар олардың белсенділігін арттыру үшін, құқығын қамтамасыз ету үшін сең қозғалғанын айтуда. Осыдан бес жыл бұрынғыдай емес, арнайы заңға өзгертулер енгізіліп, мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша инклюзивті жағдай туғызуға жұмыс істеліп жатыр. Қайсыбір сарапшылар тарапынан «ерекше жандардың көңілін көтеру үшін сайлау учаскелерінде арнайы қайырымдылық шаралары да ұйымдастырылып, тегін медициналық кеңестер де берілсе оңды болар еді» деген ұсыныс-пікірлер де айтылып жүр. Бұған қатысты денсаулық сақтау министрлігіне ұсыныспен шыққандар да бар екен.

Қалай десек те мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы шектелмеуі тиіс. Сайлауда да солай. Бұл өркениетті, демократиялы елдің басты құндылығы болып саналады. Алдағы уақытта сайлау туралы заң бұдан да кемелденіп, әрбір сайлаушының құқығы сақталуы қажет деп ойлаймыз.

Қ.САЙЛАУ