НАТО ядролық қаруды пайдалануға дайындық мәселесін талқылап жатыр
НАТО Ресей мен Қытайдан келетін қауіпке байланысты ядролық қаруды дайындыққа қою мәселесін талқылап жатыр. Бұл туралы Meduza агенттігі жазды.
Альянс басшысы Йенс Столтенберг The Telegraph басылымына берген сұхбатында альянс мүшелері консультациялар жүргізіп жатқанын, атап айтқанда, кейбір зымырандарды қоймадан шығарып, оларды дайын күйге келтіру мәселесі қаралып жатқанын айтқан.
«Әрине, НАТО-ның мақсаты – ядролық қарусыз әлем. Бірақ ядролық қаруы бар елдер тұрғанда, біз ядролық одақ болып қала береміз. Өйткені Ресей, Қытай және Солтүстік Кореяда ядролық қару болып, НАТО -да жоқ болса, бұл әлдеқайда қауіпті», - деді Столтенберг.
Столтенберг Қытайдың ядролық қаруды өндіруге қомақты қаржы құйып жатқанын және НАТО мәліметтері бойынша 2030 жылға қарай өзінің ядролық арсеналын арттыратынын айтты.
«Бұл жақын арада НАТО бұрын-соңды кездеспеген нәрсеге, атап айтқанда екі әлеуетті ядролық қарсылас - Қытай мен Ресейге тап болуы мүмкін дегенді білдіреді. Әрине, мұның салдары бар», - деді альянстың бас хатшысы.
Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғысқа қатысты пікірін білдіре отырып, Ресейдің ядролық доктринасында елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығына қауіп төнген жағдайда ядролық қаруды қолдану мүмкін екендігі айтылғанын еске салған.