Назарбаев әкімшілігінің экс-басшысы Мусиннің отбасы Венада 4,5 млн еуроға элиталы пәтер сатып алған
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әкімшілігін басқарған Аслан Мусиннің отбасы Аустрия астанасы Венада қымбат жылжымайтын мүлікке ие. Бұл туралы «Выход к морю» телеграм-арнасы хабарлады.
Мусиндер отбасына тиесілі компания Венадағы ең беделді аудандардың бірі – Нойбауда орналасқан пәтерді шамамен 4,5 млн еуроға сатып алған. 2024 жылы жасалған бұл мәміле аудан бойынша ең қымбат келісімдердің бірі ретінде тіркелген.
Нойбау – Вена орталығындағы мәдени әрі туристік маңызы жоғары аудан. Мұнда Венаның опера театры, Карлскирхе шіркеуі, ратуша және музей кварталына жаяу небәрі 15 минутта жетуге болады. Бұл аудан богемалық өмірдің орталығы саналады.
Мусиндер отбасының пәтері тарихи ғимараттардың бірінде, Mondscheingasse көшесінде орналасқан. Аумағы – 413 шаршы метр. Құны шамамен 4,5 млн еуро (2024 жылғы бағам бойынша 2,3 млрд теңге). Жылжымайтын мүлік Bazantner GmbH атты жергілікті басқарушы компанияның атына рәсімделген. Соңғы қаржылық есепке сәйкес, бұл пәтер – аталған компанияның жалғыз активі.
Компанияны Мусиндер отбасының шетелдік жобалардағы көптен бергі серіктесі Сергей Кушенов басқарады. Bazantner GmbH болгариялық Arkentum компаниясы арқылы БАӘ-нің Рас-эль-Хайма эмиратында тіркелген UNCIA қорына тиесілі. Бұл қор Аслан Мусиннің ұлы Сауранбек пен оның туысы Ануарбекпен байланысты. Дәл осы тұлғалар отбасының Латвия мен Болгариядағы негізгі активтерін де басқарады.
Айта кетейік, Мусиндер отбасы Латвияда да ірі мәмілелер жасаған. Олар шамамен 5,6 млн еуроға елдегі тұрмыстық техника сатумен айналысатын танымал ритейлерді сатып алған. Сонымен қатар бұл елде тұрғын үй нысандары да бар. Жалпы Латвиядағы активтері 20 млн еуродан асады.
Ал отбасының негізгі бизнес мүддесі Болгарияда шоғырланған. София қаласында олар 200 млн еуродан асатын инвестициямен ірі құрылыс жобасын жүзеге асырып жатыр. Жоба аясында 95 мың шаршы метр кеңсе, 60 мың шаршы метр тұрғын үй, мектептер, екі спорт кешені және 4,5 мың автотұрақ салу жоспарланған. Бұл Болгариядағы ең ірі девелоперлік жобалардың бірі саналады. 2024 жылғы есеп бойынша, «София парк» компаниясының активтері 68 млн еуроға бағаланған.
Болгария Мусиндер үшін тек бизнес емес, өмір сүру ортасына да айналған. Аслан Мусиннің жұбайы Гүлбану Үкетайқызы мен ұлы Сауранбек «алтын азаматтық» алып, жергілікті және Еуропарламент сайлауларына қатысу құқығына ие болған.
Ал Аслан Мусиннің өзі 2020 жылы Черногорияның құрметті азаматы атанған. Алайда кейін бұл елде берілген азаматтықтарға қатысты тексеріс басталған. Бұл тексеріс салықтан жалтару ісіне байланысты қозғалған.
Сарапшылардың пікірінше, Болгарияның Шенген аймағына қосылуынан кейін мұндай активтер мен азаматтықтарға қатысты бақылау күшеюі мүмкін. Осыған байланысты Мусиндер отбасы БАӘ-де қор ашып, өз активтерін сол арқылы рәсімдеген болуы ықтимал.
Жалпы, өмір бойы мемлекеттік қызметте болған шенеуніктің отбасы үшін мұндай көлемдегі халықаралық активтердің болуы қоғамда сұрақ туғызбай қоймайды.