Назарбаевтың кеңсесін басқарған Қасымбеков тағы бір тау-кен компаниясын ашты
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңсесін ұзақ жыл басқарған Махмұд Қасымбеков жаңа тау-кен компаниясын тіркеді.
Бұл туралы Kursiv Media жазды.
Басылым мәліметінше, 7 қыркүйекте Астана халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) алаңында New Mining Ltd компаниясы тіркелген. Компанияның негізгі қызметі холдингтік қызмет, пайдалы қазбаларды өндіру, барлау және іздеу деп көрсетілген.
Компанияның басшысы әрі президенті – Махмұд Қасымбеков.
Ол бұған дейін де тау-кен саласындағы бірнеше активке иелік еткен. Мәселен, 11 тамызда АХҚО-да Zhetisu Resources Ltd компаниясы тіркелген. Сондай-ақ ол Shygys-Zhetisu Minerals компаниясына иелік еткен.
Басылым дерегінше, Shygys-Zhetisu Minerals Қасымбековтің ұлы Ардақпен бірге «Шығыс Молибден» компаниясының құрылтайшысы саналады. Аталған компания Шорское Шығыс мыс-молибден кен орнын игеруге басым құқық алған. Кен орны Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағында орналасқан.
Қасымбековке тиесілі басқа тау-кен активтерінің қатарында «Жетісу Минерал Ресорс» және «Ұлытау Алтындары» компаниялары да аталады.
Махмұд Қасымбеков 1996 жылдан бастап Қазақстан президентінің кеңсесінде қызмет атқарған. 2004-2019 жылдары Президент кеңсесінің басшысы болды. 2019 жылғы наурыздан кейін Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы кеңсесін басқарды.