Назым Қызайбай Олимпиада медалі үшін уәде етілген сыйақы мен пәтерді әлі алмаған

Бокстан әлемнің үш дүркін чемпионы Назым Қызайбай Олимпиада жүлдесі үшін берілетін пәтер мен сыйақыны әлі алмағанын айтты.
«Олимпиада ойындарының қола жүлдесі үшін мемлекеттен 75 мың доллар сыйақы берілуі керек болатын. Бірақ бұл сыйақы әлі маған да, басқа спортшыларға да берілген жоқ. Мен ешкімнің алғанын естіген емеспін, сондықтан әлі ешкім алмаған шығар деп ойлаймын», – деді спортшы.
«Ал пәтерге келсек, Олимпиададан кейін бізге көлік пен пәтерге сертификат, сондай-ақ Алматы қаласынан ақшалай сыйлықтар берілді. Көлік пен ақшалай сыйлықты сол сәтте берді, бірақ пәтерді 1,5-2 айда тапсырамыз деген. Арада шамамен алты ай өтті. Жақында ғана әкімдіктен хабарласып, барлық спортшылар қалада болған кезде жиналып, кілттерді табыстаймыз деді. Енді соны тағатсыздана күтіп жүрміз», – деді Қызайбай.