Назым Олимпиадаға барады
Бангкокта (Тайланд) олимпиада іріктеудің соңғы кезеңі аяқталды.
Қазақстан құрамасы атынан қатысқан Назым Қызайбай (50 келі), Валентина Хальзова (75 келі) және Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 келі) Париж олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды.
Өкінішке қарай, Ұлжан Сәрсенбек (57 келі), Римма Волосенко (60 келі) және Наталья Богданова (66 келі) жарысты ерте аяқтап, олимпиада жолдамасына қол жеткізе алмады.
Париж шаршы алаңында Қазақстан ерлер құрамасы толық құрамда қатысатын болса, әйелдер құрамасынан 3 боксшымыз өнер көрсетеді.
Ерлер арасында Қамшыбек Қоңқабаев (+91 келі) және Сәкен Бибосынов (51 келі) екінші олимпиадада жүлдеге таласады. 2020 жылғы Токио олимпиадасында екеуі де қола жүлдеге ие болған еді. Әйелдер арасында Хальзова екінші рет олимпиада дуына түседі.
Екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбайдың жолдама иеленуі сүйінішті әңгіме болып тұр. Ол өткен жылғы Азия ойындарында жеңіліп қалды да, екінші іріктеу турниріне Қазақстан атынан Алуа Балқыбекова қатысты. Алайда Алуа да ширек финалда сүрініп, мәселе соңғы іріктеуге қалды. Бұл сын қарсаңында өткен елішілік спаррингте Назым 50 келідегі қыздардың бәрінен басым болып, қатысу құқын иеленді. Бангкокта Қызайбай төрт кездесу өткізді. Әуелі словакиялық Николь Дурикованы айқын басымдықпен жеңді, одан кейін Юң Жу Хюң (Оңтүстік Корея), Саванна Стабли (Ұлыбритания) және Каң Су Хяң (КХДР) сияқты қарсыластарын тұқыртты. Жолдама алуға жол ашатын ширек финалдық кездесуде ол Хяңнан бірінші раундта 0:5 есебімен жеңіліп жатып, жағдайды толық өзгерте алды. Қарсыласына нокдаун берді, таразы басын толықтай өзіне аударды.
Бұл салмақтағы олимпиада жүлделері 2012 жылғы Лондон олимпиадасынан бері сарапқа салынып келеді. 2016 жылы Рио додасына Жайна Шекербекова қатысып, ширек финалда сүрінген еді.
Есей Жеңісұлы