Саясат

Не істеу керек?

Билік қамкөңіл. Әбіржулі. Үрейлі. Қазіргі күні сырғауыл басынан қарауыл қараған күй кешуде.

Не  істеу керек?

Неге? Бұған  салмағы батпан  себеп  бар. Өйткені  Беларусьтағы  шегі  жоқ, жалпыхалықтық  шеру мен көрші  қырғыздағы төңкеріс біздің  билікті қорқынышпен  матап тастаған. Екі  елде  де даудың  басы  сайлау болып еді. Бірі – президенттік (Беларусь),  екіншісі – парламенттік (Қырғызстан)  сайлау. Беларусьте Лукашенко тағын сақтап  қалды. Бірақ  шайқалды. Дегенмен, керегесі  бір босаған  дүние ұзақ  тұруы  мүмкін емес. Демек, Лукашенко президенттік  орынтаққа кенеше  қанша жабысса да ұзаққа  бармасы белгілі.  Ал қырғыздар  төңкеріп  тастады. Сооранбай Жиэнбеков  амалсыз  орнын босатты. Жә,  бұл  басқа әңгіме. Айтқымыз келгені,  біздің  билік алдағы  парламент сайлауын  қалай  өткізеді? Көрші елдердегідей, ши шығып кетпей  ме? Десек те бізде көрші  қырғыздағыдай,  жүздеген  партия жоқ.  Небары тіркелгені алты-ау ғана.  Олардың  бірегейі  Nur Otan  таза  биліктікі  десек,  қалғаны – сол жоғарыдағылардың ишарасымен әрекет ететіндер. Толағай күштен ада. Демек, бізде билік үркетіндей, дау  туа  қоюы екіталай. Тіпті билік партиясы алдын ала ішкі іріктеуді (праймериз) өткізіп те қойды. Биыл  «Саяси партиялар туралы» һәм «Сайлау туралы» заңдарға өзгерістер енгізілгенімен,  саясат сахнасына жаңа партиялар шықпады. Негізі, шығармады. Қанша  жеңілдіктер жасалғанымен, жаңа партиялардың тіркелуіне мүмкіндік  болмаған сынды. Яғни, әлі де  бөгет  бар. Демек, сайлауға баяғы  Nur Otan партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы, Қазақстан халықтық коммунистік партиясы, «Ауыл» ұлттық-демократиялық партиясы, «Бiрлік» саяси партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы  (ЖСДП) түспек.  Соңғы екі  (2012 және  2016 жылдардағы) парламенттік  сайлауда да «Бірлік» пен ЖСДП-ның жолы болмай, оқшантайдан түсіп  қалған-ды. Бұл жолы қалай болмақ?                                        

«Байтақ – Болашақ» экологиялық альянстың төрағасы Азаматхан  Әміртайдың айтуынша, партияға айналсақ, деген  көптеген  ұйым-қозғалыстардың мақсаты орындалмады. Тіркелмеді. Саясат сахнасында сол  баяғы көзсүйел болған  партиялар. Олардан не қайыр? Тағы да бес жыл  қалғып-мүлгіп отырмақ па?! Демек, бізге бір қимыл жасау керек. Ол  мынадай болса, жөн болар еді.  Мәселен, менің  ойымша, сайлауға түскісі келетін «Ауыл» партиясы «Ел  мен Жер»  қоғамдық  қозғалысымен біріге  отырып, қимылдауы керек сияқты. Өйткені «Ауыл» — аты  бар да заты жоқ  партия.  Бұлай  дейтініміз, «Ауыл»  партиясы ел  үшін,  жер  үшін  үлкен  бір  тірлік  бітіріпті» дегенді естімедік. Керісінше, кеше  ғана құрылған «Ел  мен Жер» қомақты жұмыстарды қолға алып жатыр. Бәрі де  елдің,  жердің  қамы.

Сондықтан «Ауыл»  мен «Ел  мен Жер» коалиция  құра отырып,  парламенттік сайлауға бірге  түскені  жөн-ау. Өйткені  илейтін пұшпағы  бір. «Ел мен Жерде» елім, жерім дейтін белсенді азаматтар  көп. Бұдан «Ауыл»  партиясы  ұтылмайды. Тек  ниет  болса  болды.  Сол секілді  өзім жетекшілік етіп  отырған «Байтақ – Болашақ» экологиялық альянсы  «Ақиқат», яғни ЖСДП  партиясымен коалиция  құрсақ деген  ой  бар. Сөйтіп,  бірлесе  отырып,  парламенттік  сайлауға түссек. Мұндай  саяси  қадамнан ешқай тараптың  ұтылмасы анық. Өйткені «Байтақ – Болашықтың»  ресурсы үлкен. Республикамыздың әр  қиырында  аса  белсенді адамдарымыз  жетеді. Одан бөлек,  «Ақиқаттың» да, Байтақ – Болашықтың» да  көтеріп жүрген жүгі – біреу.  Ол – елде саяси  реформалар орнауы, экономиканы әртараптандыру, әлеуметтік  мәселелерді реттеу, халықтың тұрмысын түзету. Міне, осындай мәселелер «Ақиқат» пен «Байтақ – Болашақты» біріктіре алады деп ойлаймын.  Сол секілді  өзге  қозғалыс-ұйымдар да тіркелген партиялармен келіссөз  жүргізіп,  коалиция  құра  отырып,  парламентке енуі керек. Басқа  жол  жоқ.  Осылайша,  парламенттің жұмысына  қан  жүгіртуге  болады. Әйтпесе, бойдан күші  қайтқан, ешқандай айтары жоқ,  бастама көтере алмайтын,  қаншама  шал-шауқан, кемпірлер тағы да бес жыл депутат болып отыра бермек. Бұған көнуге  болмайды».  Жөн сөз, дұрыс бастама. Айтпақшы, парламенттегі «шал-кемпір» демекші,  осы  жерде  белгілі журналист,  блогер Тоқтар  Жақаштың  мына бір  жазбасын  келтіре кеткенді жөн көріп отырмыз. Фейсбуктағы  жеке  парақшасында  ол сабаз бүй депті: «Сайлау келе жатыр екен. Саны көп те, сапасы жоқ кемпір-шалдың жұлдызы қайта жарқырай ма? «Қарттар үйі» деп аталып кеткен Сенатта не өзгеріс болады? Жұмсақ орыннан жастарға тиері қанша?

Қазіргі парламенттегі депутаттардың жас шамасы:80+ жас – 1 адам 0,7%70-74 жас – 4 адам 2,7%65-69 жас – 21 адам 14,3%60-64 жас – 34 адам 23,1%55-59 жас – 44 адам 29,9%50-54 жас – 21 адам 14,3%45-49 жас – 11 адам 7,5%40-44 жас – 4 адам 2,7%35-39 жас – 6 адам 4,1%30-35 жас – 1 адам 0,7%

Егер 50-54 жасты «орта жас» деп алсақ, 55-59 – «егде жас» деп мөлшерлейік. Сонда, пандемия және қатаң карантин кезінде жұмыс істеуге қауқарлы депутаттарымыздың саны 44 қана екен. Ал қалған 104 кемпір-шал елдің жағдайына бас қатырмақ тұрмақ, өздері коронавирус жұқтырып алмау үшін, монитордың арғы жағында қалғып-мүлгіп, сықсиып отырады. Бұл дегеніңіз – Төтенше жағдайда ел парламентсіз қалды дегенді білдіреді!80-нен асқан Косаревтің түрі анау. Отырған орнында ұйықтап қалады.Мемлекет 2020 жылы әр депутат пен сенатордың жағдайын жасау үшін 14 млрд 391 млн теңге жұмсауды көздепті. Яғни, әр депутатқа 92 млн 250 мың теңгеден тиеді екен. Мұндай рахаттан кемпір-шалдың ешқайсысы да оп-оңай айырылғысы жоқ.

Бірақ коронавирустың бірінші толқынында бөлінген қаржыға ие болған, қайда жұмсалғанын сұраған, талап еткен бірде-бір депутатты көрмедік. Ауруханалардағы бей-берекетсіздік, халықтың жанайқайы бірде-біреуін селт еткізбеді. Өйткені кәрі-құртаң кемпір-шал елдің емес, өздерінің басын ойлап, жан сауғалап, қай тесікке кіріп кеткенін өздері де білмей қалды! Ал бізге сондай парламент тағы да керек пе?

Жоқ! Сондықтан парламент мінберіне от-жалын болып жанып тұрған қыз-жігіттерді шығаратын уақыт келді. Қариялар бір уақ немерелерін бақсын!

Бұған біздің алып-қосарымыз жоқ. Бұған  дейін тәуелсіз елімізде  жеті  парламент  сайлауы  өтіпті. Уақыты өтіп кеткен соң,  оны  әңгіме  қылудың  қажеті  шамалы. Ал  Тоқаев  билік  құрған кездегі  бұл  сайлау  қалай  өтпек? Маңыздысы,  осы  болмақ.

Тегтер: Без Тега
Күлтегін Бек
Күлтегін Бек Күлтегін Бек

Оқыңыз