Нетаньяху Абу-Дабиге жасырын барып, БАӘ басшысынан мәлімдемені жоққа шығаруды сұраған
Бұл туралы Associated Press агенттігі хабарлады.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху 27 қыркүйекте Абу-Дабиге жасырын барып, БАӘ президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаяннан (MBZ) ХАМАС-тың 2023 жылғы 7 қазандағы шабуылы туралы алдын ала ескерту жасағаны жайлы ақпаратты жоққа шығаруды сұраған.
Бұған дейін Haaretz басылымы MBZ Нетаньяхуға шабуылдан шамамен 10 күн бұрын телефон шалып, ХАМАС-тың сол кездегі жетекшісі Яхья Синвар "апат" жоспарлап жатқанын ескерткенін жазған. Басылымның мәліметінше, Нетаньяху Израильдің дайын екенін айтқанымен, бұл ақпаратты қауіпсіздік қызметтерінің басшыларымен бөліспеген.
Нетаньяху бұл ақпаратты "абсолютті өтірік" деп атап, Haaretz басылымын сотқа беретінін мәлімдеген. Оның кеңсесі БАӘ президентімен сол кезеңде телефон арқылы сөйлесу болмағанын және ешқандай ескерту түспегенін айтқан.
Ал БАӘ Сыртқы істер министрлігі нақты осы ақпаратты растамаған да, жоққа шығармаған да. Ведомство қажетті барлау ақпараты тиісті органдар арасында кәсіби арналар арқылы берілетінін мәлімдеген.
AP мәліметінше, Нетаньяху жексенбі күні жеке ұшақпен Абу-Дабиге ұшып, шамамен төрт сағаттан кейін Израильге қайтқан. Кездесудің мақсаты туралы тараптар ресми түсініктеме бермеген.