Әлеумет

Нұрай Серікбайдың қазасына қатысты сот қалай өтіп жатыр?

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты резонансты іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр.

Нұрай Серікбай

 Кезекті отырыста сотталушы Шерхан Аймаханға психологиялық-психиатриялық сараптама жүргізген мамандардан жауап алынды.

Жәбірленуші тараптың өкілі Аянхан Омаров психиатр Темірлан Сейтектен қылмыс жасалған сәтте сотталушы өз әрекетін түсініп, оған жауап бере алды ма деп сұрады.

Маман Ш. Аймаханның бойында анықталған психикалық ауытқудың оның қылмыс кезіндегі әрекетіне әсер етуі мүмкін деген нұсқаны жоққа шығарды.

«Оның психикалық ауытқуы ешқандай әсер еткен жоқ. Иә, ол өз әрекетін түсінді. Қылмыс жасалған сәтте сотталушы өз іс-әрекетіне толық жауап бере алды», – деді Темірлан Сейтек сараптама комиссиясының қорытындысын растап.

Психолог Күләш Қожамжарова да сотталушының қылмыс кезінде аффект жағдайында болғаны туралы нұсқаны растаған жоқ. Оның айтуынша, сарапшылар ішінара амнезия белгілерін анықтағанымен, аффект жағдайының ешқандай белгісі байқалмаған.

Сонымен қатар мамандар Ш. Аймаханның құқық қорғау органдарынан қалай жасырынғанын ешқандай жетелеуші сұрақсыз егжей-тегжейлі айтып бергеніне назар аударған.

Бұған дейін Шерхан Аймахан сотта жанжал кезінде Нұрай оған бірінші болып пышақпен шабуыл жасады деп мәлімдеген. Оның сөзінше, өзі шок жағдайында болғандықтан, кейін не болғанын ештеңені есіне түсіре алмаған.

Алайда судья Самиддин Темірәлиев сотталушының бұл жауабына күмән келтірді. Судья оның соттағы сөздері мен тергеу барысында алынған мәліметтердің арасында елеулі сәйкессіздіктер бар екенін атап өтті.

Істің мән-жайы

Шерхан Аймаханға Қылмыстық кодекстің бірден үш бабы бойынша айып тағылып отыр. Атап айтқанда, оған «Некеге тұруға мәжбүрлеу» (125-1-бап), «Сталкинг» (115-1-бап) және «Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру» (99-баптың 2-бөлігі, 5-тармағы) бойынша айып тағылған.

21 жастағы Нұрай Серікбай 2026 жылғы 12 қаңтарда Шымкентте көптеген пышақ жарақатынан көз жұмды.

Марқұмның туыстарының айтуынша, бұған дейін айыпталушы Нұрайды ұзақ уақыт бойы аңдып, соңынан қалмай жүрген. Сондай-ақ 2025 жылдың қазанында оны «алып қашу» дәстүрін сылтау етіп, Алматыдан күштеп әкеткен деген мәлімет бар.

Қаза тапқан қыздың отбасы сотталушыдан 14,7 миллион теңге материалдық шығын және 10 миллиард теңге моральдық өтемақы өндіріп беруді талап етіп отыр.

Бұдан бөлек, полиция сотталушының туыстарының Нұрайды олардың үйінде күштеп ұстауға қатысы болуы мүмкін деген күдік бойынша да тексеру жүргізіп жатыр.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз