Олжас Бектенов премьерлікке лайық па? Саясаттанушылар бағасы
5 ақпанда Әлихан Смайылов бастаған Қазақстан үкіметі отставкаға кетті. Әрине, бұл жұртты таңғалдыратын жаңалық болған жоқ.
Смайылов орнын босататыны жайлы біраздан бері айтылып жүрген. Сол болжам шындыққа айналып отыр. Үкімет басшысының міндетін уақытша Роман Скляр атқарады. Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәжіліс отырысына қатысып, жаңа үкімет басшысын тағайындайтыны белгілі болды. Қоғам арасында жаңа премьер кім болатыны туралы қызу талқы жүріп жатыр. Осы орайда Jas Alash порталы саясаттанушылардың болжамын ұсынады.
“Amanat” партиясы премьер-министр қызметіне президент әкімшілігінің басшысы Олжас Бектеновтың кандидатурасын ұсынды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекет басшысы ұсынылған кандидатураны мәжілістегі партия фракцияларының жетекшілерімен талқылайды.
Бөріхан Нұрмұхамед, саясаттанушы: "Amanat партиясы ұсынған кандидатура өтеді"
"Amanat партиясы ұсынған кандидатура өтеді. Көпшілік қолдайды деп ойлаймын. Енді бұл жігіттің премьер-министр болып келуі бір жүйенің жаңашаланып келе жатқанын білдіретін шығар. Егер, оның бірінші орынбасары экономикалық жағынан мықты маман болатын болса, ісін жүргізе алады. Ол бұрын антикор қызметінде сырттағы кеткен қаражаттарды қайтарды. Енді мына қызметінде де сол мәселелерді көтеріп, сырттағы қаржымызды қайтаруға көмегі тиеді деп ойлаймын. Әлихан Смайловтың жұмысына өз басым қанағаттандым. Ол өте қиын кезеңде келген үкімет. Бұрынғы жүйеден бас тартып, жаңаша әрекет жасаған үкімет болды. Қазір қандай үкімет келсе де оңай емес. Енді жаңа адаммен бірге жаңашылдық келе ме деген үмітіміз бар".
Әзімбай Ғали, саясаттанушы: "Ол жемқорлықпен күрескен болса, ондай маман қазаққа керек"
"Бұл жерде бір жақсы есекеретін нәрсе егер ол жемқорлықпен күрескен адам болса, ондай маман қазаққа керек. Тәжірибесі басқару жағынан жеткіліксіз шығар, бірақ керек. Бір жағынан жемқорлықпен байланысы болмауы мүмкін яғни жемқор емес. Заңды ұстану керек екенін біледі, бұл жақсы фактор".
Дос Көшім, саясаттанушы: "Премьер-министр аяқ-қолы байлаулы тұлға"
Amanat партиясы парламентте ең көп дауыс жинаған партия. Сондықтан ұсыныс жасай алады. Бұл жерде әңгіме премьер-министрдің қызметінде емес сияқты. Себебі бізде премьер-министр шешуші рөл атқармайды. Бектеновты ұсынғанының бірнеше себебі бар. Біріншіден, ол жағымсыз "кейіпкер" емес. Бұрынғы Асқар Мамин, Байбек сияқты жағымсыз тұлғалардың қатарында жоқ, бұрын көрінбеген. Алдағы уақытта көріне жатар. Қысқасын айтқанда, бұрын жасаған кір іске қатысы жоқ адам. Екіншіден, антикордың басшысы болған адам жемқорлық жайлаған Қазақстанда сәл-пәл сүйкімі болады. Өйткені ол жемқорлықпен күресіп жатыр. Ол туралы жақсы пікірлер айтылды, "қызметті жақсы істеді" деп жатыр. Экс-министрлер, вице-министрлер жемқорлықпен ұсталды. Бұл еліміз үшін жақсы емес, бірақ антикор үшін жақсы. Бұл жерде Бектенов "жағымды образ". Үшіншіден, ол өз адамдары. Енді кез келген адам қызметке барғанда өзі сенетін, өзі білетін адамдарды қызметке тартады ғой. Бұл заңды мәселе. Меніңше, осы үш мәселе шешеді. Бірақ ол премьерлікке келгенімен ештеңе өзгермейді. Себебі біз парламенттік республика емеспіз. Ешбір премьер-министр өзінің көзқарасын, экономикалық-әлеуметтік бағдарламасын жеке өзі енгізіп, алып шыға алады деп айта алмаймын. Сондықтан премьер-министр аяқ-қолы байлаулы тұлға.