Оңтүстік Кореяда ит етін жеуге тыйым салынуы мүмкін
Оңтүстік Корея үкіметі мен билеуші «Халық билік» партиясы жыл соңына дейін ит етін тұтынуға тыйым салатын заң қабылдауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Yonhap агенттігі хабарлады.
«Қоғамымызда үй жануарлары санының артып келе жатқанын, еліміздің халықаралық өмірге белсене араласуын ескере отырып, ит етін тұтынуды тоқтатудың уақыты келді», - деді депутат Ю И Дон.
Заңға сәйкес, 2027 жылдан бастап иттерді союға және оның етін сатуға толық тыйым салынуы мүмкін. Сондай-ақ ит фермалары, қасапхана, бөлшек сауда дүкендері мен мейрамханалар ит етінен бас тарту жоспарын жергілікті билікке ұсынуды талап етеді. Мұндай жоспар ұсынылса, бизнеске қолдау көрсетіледі.
Оңтүстік Кореяның екінші үлкен партиясы, қазіргі оппозициялық Демократиялық партия да заңды қолдайды. Қыркүйек айында оның өкілдері тыйымды мақұлдағанын айтты.
Оңтүстік Кореяда ит етіне тыйым салу идеясы бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Дәстүрлі көзқарастағы кейбір адамдар бұған қарсы - олар ит еті корей асханасының ажырамас бөлігі екенін алға тартады.
Кейінгі жылдары Корея жастары ит етін жеуді қойып, оған үй жануарлары ретінде қарайды. 2022 жылы жүргізілген зерттеуде ит етін жеген 20 жастағы корейлердің жартысынан көбі ата-аналары немесе үлкен әріптестері тарапынан қысымға ұшырағанын хабарлады.
Мемлекеттік статистикаға сүйенсек, Оңтүстік Кореяда ит өнімдерін сататын 1150 ит фермасы, 34 ит етін өңдейтін орталық, 219 дистрибьютор және 1600-ге жуық мейрамхана бар.