Қоғам

Өрт сөндіру көлігіне ауладан орын табыла ма?

Бүгінде қай қалада болмасын, тұрғын үйлер бір-біріне жапсарлас салынатын болды. Ал аяқ астынан өррт шықса немесе басқа төтенше жағдай тіркеле қалса, арнайы техниканың аулаға кіріп-

Төтенше жағдай

Оның үстіне көпқабатты үйлердің тұрғындары аулаға көліктерін қойған соң, өрт сөндіру көліктері апатты жағдай болған үйге жақындай алмайды. Мұндай сәтте әрбір минут, әрбір секунд қымбат. Тіпті, жоғары қабатта адамдар қалып қойса, оларды құтқару үшін автосаты мен арнайы көтергішті орналастыру да керек. Енді қайтпек керек?

Бұл түйткілдің шешу үшін елімізде тұрғын үйлерді жобалау және салу барысында өрт сөндіру техникасына арнайы орын қалдыру керектігі ескерілді. Осыған орай, 21 қарашада Астанада Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов пен мамандар қатысқан шарада "Гранд Алатау" тұрғын үй кешенінің аумағында сондай алаңның үлгісі көпшілікке көрсетілді.

Бұл енді бұған дейінгі кедергіні жойып, арнайы қарастырылған орында  өрт сөндіру техникасын тиісті қашықтықта орналастырып, жоғарғы қабаттарға оңай жетуге мүмкіндік береді. Яғни, енгізілетін жаңа талап бойынша, биіктігі 10 метрден 28 метрге дейінгі үйлерде өрт сөндіру жолының шетінен ғимарат қабырғасына дейінгі аралық 5-8 метр болуы тиіс делінді. Ал биіктігі 28 метрден асатын ғимараттар үшін бұл қашықтық 8-10 метр болып нақтыланды. Сол сияқты алаңға төселген жабын да ауыр техниканың салмағын көтеретіндей берік әрі мықты болуы тиіс.

Дегенмен, бұл мәселе арнайы алаң салумен толыққанды шешімін таба ма? Ол былайғы кезде де бос тұра ма? Құдай бетін ары қылсын, жұрт "Өрт сөндіру техникалық көлігі қашан келеді?" деп көлігін қоймай тұра алмайды. Себебі, қалада паркинг мәселесі екі бастан өзекті. Сондықтан бұл арнайы орындар күнделікті бос тұрмайтыны түсінікті. Ал енді Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері оған қосымша ПИК пен мүлік иелерінің бірлестіктеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қолға ала бастады. Ондағы талап – ғимаратқа баратын жолды бөгемеу, арнайы орындарға тиісті белгілер мен жол таңбаларын  қою және мұнда көлік қойдырмауды қадағалау.

Ал егер өрт сөндіру техникасының қозғалысына бөгет жасалса, ондай  көлік иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 597-бабында көлікті тоқтату және тұраққа қою қағидаларын бұзғаны үшін арнайы айыппұл да қарастырылған.

"Апат айтып келмейді". Бір жағынан ауладағы осындай бос орынға көлік қоярда бір сәт ойланған да жөн. Төтенше жағдай тіркелген кезде бұл орын құтқарушылар үшін ауадай қажет. Бұл өртті өршітпей, бетін тез қайтаруға, кез келген апаттың зардабы мен залалын едәуір жеңілдету үшін керек. Сол себептен, ең алдымен қауіпсіздік мәселесін ескерсек, арнайы алаңдар мен жолдарға көлік қаңтармауды әдетке айналдыру керек.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз