Қоғам

Қоғамдағы татулықты сақтаудың жаңа жолы қандай?

Қоғамдық келісім мен ел бірлігін сақтау – мемлекеттің тұрақты дамуының маңызды шарты.

Халық кеңесі

  Бұл бағытта этномәдени бірлестіктердің жұмысы ғана емес, өскелең ұрпақтың қоғамдық өмірге араласуы, өзге мәдениет өкілдеріне құрметпен қарауы және ортақ құндылықтарды бойына сіңіруі де ерекше мәнге ие. Жастар арасында өзара түсіністік пен татулық мәдениетін қалыптастыруда Қазақстан Халық Кеңесінің мүмкіндіктері қандай? Этномедиацияны дамытуда жас буынның рөлі неде? Осы мәселелер жөнінде Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты, Астанадағы "Пойтахт" өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Шерзод Пулатовтың пікірін білдік.

     – Қоғамдық келісім мен ел бірлігін сақтау – мемлекеттің тұрақты дамуының негізгі шарттарының бірі. Бұл міндетті тек мемлекеттік органдардың жұмысы деп қарастыруға болмайды. Оған азаматтық қоғам институттары, этномәдени бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар және ең алдымен жас ұрпақ белсенді араласуы қажет. Өйткені қоғамдағы өзара түсіністік пен сыйластықтың қалыптасуы әр азаматтың жауапкершілігіне байланысты.

 Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы қоғамдық диалогты кеңейтуге мүмкіндік беретін маңызды қадам болды. Бұл жаңа жоғары консультативтік орган ел ішіндегі бастамалар мен ұсыныстарды ортақ алаңда талқылап, түрлі қоғамдық институттардың өзара байланысын нығайтуға бағытталған. Кеңес құрамына этномәдени бірлестіктердің, азаматтық қоғам ұйымдарының, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің өкілдері енді. Мұндай құрам өңірлерде көтерілген мәселелерді жинақтап, оларды бірлесе талқылауға және ортақ шешімдер ұсынуға жол ашады.

Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел бірлігін нығайтудың маңызын атап өтіп, этномәдени бірлестіктерді қолдау саясаты жалғасатынын жеткізді. Меніңше, бұл бағыттағы жұмыстың нәтижесі әр этностың мәдениетін сақтаумен ғана өлшенбеуі керек. Ең бастысы, ортақ азаматтық құндылықтарды нығайтып, барша азаматтың ел болашағына жауапкершілікпен қарауына жағдай жасау.

Этномәдени бірлестіктер – жастар тәрбиесінің маңызды алаңы

 –  Этномәдени бірлестіктердің міндеті тек ұлттық тіл мен мәдениетті сақтаумен шектелмейді. Олар қоғамдық келісімді нығайтуға, жас ұрпақты отаншылдық рухында тәрбиелеуге де үлес қосуы тиіс. Әр этностың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын кейінгі буынға жеткізу, ана тілін қолдануға және төл мәдениетін дамытуға қолдау көрсету ортақ азаматтық бірегейлікті қалыптастырумен қатар жүруі қажет. Бұл – азаматтардың конституциялық құқықтарын жүзеге асыруға жағдай жасаудың да бір жолы.

Астанадағы "Пойтахт" өзбек этномәдени бірлестігінің жұмысын осы бағыттағы тәжірибенің бір мысалы ретінде айтуға болады. Бірлестік жанындағы Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесі тәрбие және тағылым мәселелеріне атсалысады. "Зиё" жексенбілік мектебінде балалар тіл үйреніп, ұлттық мәдениетпен жақынырақ танысады. Шығармашылық ұжымдар да мәдени мұраны дәріптеуге үлес қосып келеді. Ал "Пойтахт ёшлари" жастар қанаты жас буынды еріктілікке, мәдени және спорттық жобаларға тартып, өзге этномәдени бірлестіктердің жастарымен бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Мен жастармен жұмыс жүргізгенде олардың бос уақытын тиімді ұйымдастырумен ғана шектелуге болмайтынын үнемі назарда ұстаймын. Оларға қоғамдық өмірге араласуға, өзге мәдениет өкілдерімен аралас-құралас болуға, ортақ іске жауапкершілікпен қарауға мүмкіндік беру маңызды. Өйткені күнделікті қарым-қатынаста қалыптасқан достық пен өзара құрмет қоғамдық келісімнің берік негізіне айналады.

Бұл ретте Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында Мемлекет басшысы көтерген медиация институтын дамыту мәселесіне де ерекше мән беру керек деп санаймын. Кеңестің "Бірлік" қоғамдық тобы аясында қоғамдық медиацияны өрістетіп, оның маңызды бағыттарының бірі ретінде этномедиацияға басымдық берген жөн.

Этномедиатордың міндеті – келіспеушілікке түскен тараптардың бірін қолдап, екіншісіне қарсы қою емес. Керісінше, олардың бір-бірін тыңдауына, мәселенің мән-жайын түсінуіне және екі жаққа да қолайлы шешім табуына көмектесу. Әсіресе тұрмыстық сипаттағы келіспеушіліктер кезінде адамның тіліне немесе этностық тегіне қатысты кемсітетін сөздер айтылып, мәселе одан әрі күрделенуі мүмкін. Мұндай жағдайда тараптарды дер кезінде диалогқа шақырып, түсініспеушіліктің ушығуына жол бермеу қажет.

Медиация мәдениетін жас кезден қалыптастырудың маңызы зор. Кеңестің "Жастар қозғалысы"  ұйымының қатысуымен мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындары мен жастар орталықтарында медиаторлармен бірлесіп практикалық сабақтар өткізуге болады. Мұндай кездесулерде жастар күнделікті өмірде кездесетін келіспеушілік жағдайларын талдап, өзгенің пікірін тыңдауды, өз ұстанымын сабырмен жеткізуді және ортақ шешім іздеуді үйренеді. Сонымен қатар қандай жағдайда медиатордың көмегіне жүгінуге болатынын түсінеді.

Мәселені күшпен немесе эмоцияға беріліп шешуге тырысқаннан гөрі, ашық сөйлесу арқылы реттеу әлдеқайда тиімді. Сондықтан медиация дағдыларын жастар арасында кеңінен насихаттау жанжалдардың алдын алуға ғана емес, өзара түсіністік мәдениетін қалыптастыруға да ықпал етеді.

Қоғамдық диалог нақты нәтижеге ұласуы керек

    – Халық Кеңесінің қызметі қоғамдық бастамаларды қолдаумен қатар, өңірлерде көтерілген мәселелердің шешімін табуына да ықпал етуі тиіс. Бұл ретте Кеңес пен Құрылтай арасындағы өзара іс-қимылдың маңызы арта түседі.

"Қазақстан Халық Кеңесі туралы" Конституциялық заңның 18-бабына сәйкес, Кеңес қоғамдық талқылаулардың қорытындысы бойынша әзірленген ұсынымдарды Құрылтайға жолдай алады. Сондай-ақ оның өкілдері өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша Құрылтай регламентіне сәйкес тыңдауларға, комитеттер мен жұмыс топтарының отырыстарына қатысуға құқылы. Ал заңнамалық өзгерістер енгізу қажеттігі туындаған жағдайда, Конституциялық заңның 16-бабында белгіленген тәртіппен Құрылтайға заң жобасын ұсына алады.

Құрылтай депутаты ретінде мен үшін бұл тетіктердің іс жүзінде қалай жұмыс істейтіні маңызды. Қоғамдық талқылауларда көтерілген ұсыныстар қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты шешімдерге ұласуы керек. Өңірлерде айтылған мәселе тиісті деңгейде қаралып қана қоймай, оның нәтижесі азаматтарға түсінікті түрде жеткізілгені жөн. Өйткені қоғамдық институттарға деген сенім ашықтық пен нақты нәтижеге байланысты қалыптасады.

Қоғамдық келісім – тек ресми құжаттар мен жиындарда айтылатын ұғым емес. Ол адамдардың күнделікті қарым-қатынасынан, бір-бірінің тіліне, мәдениеті мен көзқарасына құрметпен қарауынан басталады. Сондықтан жастарды ортақ іске жұмылдырып, олардың қоғамдық бастамаларына қолдау көрсету, келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешу мәдениетін қалыптастыру – ел бірлігін нығайтудың маңызды бағыттарының бірі.

Біз жас ұрпаққа татулық пен өзара құрметтің маңызын айтып қана қоймай, оны күнделікті өмірде көрсететін орта қалыптастыруымыз керек. Өйткені қоғамдық келісімнің ертеңгі тағдыры бүгінгі жастардың азаматтық ұстанымы мен ортақ жауапкершілігіне тікелей байланысты.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз