Өңір

Өскеменде түлектер туған қаласына тарту жасап, 2 500 ағаш көшетін отырғызды

Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында ауқымды көгалдандыру акциясы өтті.

Өскемен

Экологиялық бастамаға облыс орталығындағы мектептердің 2 400 түлегі қатысып, өңір басшысы Нұрымбет Сақтағановпен бірге жаңадан бой көтеріп жатқан «Өскемен» аллеясына шамамен 2 500 ағаш көшетін отырғызды.

Бұл шара көктемгі маусымдағы ең ірі экологиялық акциялардың бірі болды. Акцияның басты мақсаты – қаланың жасыл қорын көбейту ғана емес, жастардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырып, туған өлкеге деген сүйіспеншілігін нығайту.

Биыл мектеп бітіріп жатқан түлектер үшін бұл күн ерекше есте қалмақ. Себебі олар тек мектеппен қоштасып қана қоймай, өз қолдарымен ағаш отырғызып, туған қаласының келешегіне үлес қосты. Әр көшет олардың балалық шағы өткен мекенмен байланыстыратын ерекше белгіге айналды.

Шара барысында сөз сөйлеген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов бұл бастаманың тәрбиелік әрі рухани маңызы зор екенін атап өтті.

«Дана халқымызда «Бабасы еккен ағашқа баласы саялайды» деген тағылымды сөз бар. Бүгінде Өскемендегі 2 400-ге жуық мектеп түлегі туған өңірімен тура мағынасында тамыр арқылы байланыс орнатты деуге болады. Бұл – әр баланың өз қолымен отырғызған атаулы ағашы, енді олар сол көшеттерге де жауапкершілікпен қарайды. Адам қайда жүрсе де, бір жерде өз ағашының өсіп тұрғанын білсе, оны ешқашан ұмытпайды. Жылдар өткен соң да қайта оралады. Болашақта бұл жерге балаларымен бірге келуі де әбден мүмкін», – деді облыс әкімі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, отырғызылған көшеттер алдағы жылдары үлкен жасыл аллеяға айналып, қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналады деп күтілуде. Сонымен қатар бұл бастама өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға және қаладағы жасыл желек көлемін арттыруға оң әсер етеді.

Соңғы жылдары елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында түрлі өңірлерде ағаш отырғызу, аумақтарды тазарту және табиғатты қорғауға бағытталған ондаған акция ұйымдастырылуда. Өскемендегі түлектердің қатысуымен өткен бұл шара да жастардың қоғамдық белсенділігін арттырып, қоршаған ортаға жанашыр көзқарас қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болды.

Осылайша, мектеппен қоштасқан мыңдаған жас туған қаласына ерекше сый жасап, болашақ ұрпаққа көлеңкесі мен саясы мол жасыл мұра қалдырды.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз