Саясат

«Өзімді өртеймін» – Астанада ақшаңды қайтарып алудың бір жолы

Астанада 500-ге жуық салымшы бір жыл бұрын бітуі тиіс үйлерін әлі ала алмай, не ақшасын қайтара алмай, айдын күннің аманында жиған-тергенімізден айырылдық деп, не істерлерін білмей, ділгіріп отыр.

«Өзімді өртеймін» – Астанада ақшаңды қайтарып алудың бір жолы

Құрылыс аяғы созылып, жақын арада баспаналы болмайтындарына көзі жеткен халық G-Park құрылыс компаниясымен жасалған келісімшартты бұзып, салған салымдарын қайтарып алмақ болған. Алайда келісімді уақыт әлдеқашан өтіп кеткен, ал ақша әлі қайтарылмаған.

— Өткен жылдың сәуірінде «Женева-1» тұрғын үй кешенінен үш бөлмелі пәтер алу үшін G-Park құрылыс компаниясына 15,7 млн теңге ақша салдық. Негізі, келісім бойынша 2022 жылдың қыркүйегінде пәтердің кілтін алып, қоныс тойын тойлауымыз керек еді. Алайда компания үйдің құрылысы желтоқсанда аяқталады деді. Желтоқсанда сәуірге шегерді. Міне, жаз бітті, үй әлі берілген жоқ. Кейіннен «G-Park қаржылық қиындықтарға тап болды» деген қауесет тарады. Содан соң біз 3 мамырда ақшамызды қайтарып алу үшін  талап-арыз жаздық. Келісімшарт бойынша қаражатымызды 60 жұмыс күн ішінде қайтаруы керек еді, бірақ 100 күннен асты. Не ақша жоқ, не үй жоқ.  

Шынын айтсақ, компанияның кеңсесіне бара-бара табалдырығын тоздырып біттік. Бұлай жүгіріп, мезі болған жалғыз біз емес. Кеңселерінің алды қашан барсаң бітпейтін кезек, бас-аяғы жоқ дау, улап-шулаған халық. Бәрі ақшасын талап етуде. Мен де екінші жұмысымдай, міне, екі аптадан бері күнде барып жүрмін. Алайда нәтиже жоқ. Енді үйге қайтпай, сонда қонуым ғана қалды. Қызметкерлері мардымды жауап бермейді. Компания басшыларының ешқайсысы адамша сөйлеспейді. Бір қызығы, бізден кейін өтініш берген адамдардың кейбірі амалын тауып, ақшаларын алған. Мәселен, бір орыс жігіт «ақшамды бермесеңдер, өзімді өртеп жіберемін» деп,  жиналғандардың көзінше ит терілерін басына қаптады. Сөйтіп, түстен кейін оның ақшасын қайтарып берді. Осыдан соң «ақшамызды алу үшін өлуіміз керек пе?» деген де ойда қалдық, – дейді амалы таусылған Жадыра Саттарова.

Ал келесі бір салымшы былай деді:

— «Лиссабон 1», «Лиссабон 2» тұрғын үй кешендерінен пәтер алу үшін салым салғанмын. Бірақ үйге қолымыз жетпейтінін түсінген соң ақшамды қайтарып алуды ұйғардым. Бірінші үйдің ақшасын келісімшартта көрсетілгендей 60 күн ішінде емес, 78 күн дегенде әрең қайтарды. Осылайша, шулатып жүріп, өткен айда ғана ақшамды алдым. Екінші үйдің де ақшасын қайтарып беріңдер деп талап-арыз бердім. Енді 60 күн ішінде қайтара ма, жоқ па білмеймін, зарығып күтудеміз. Ортақ чатымыздағы 500 шақты адамның бәрі G-Park-тың хабарын күтіп, екі көздері төрт болып отыр.

Тұрғын үй кешендерінің құрылысы қашан бітетіні де белгісіз. Ашуға булыққан салымшылардың сөзін тыңдап, мәселесін қарап жатқан G-Park жоқ. Мұны компанияның әлеуметтік желідегі ресми парақшаларына жазылған пікірлерден де байқауға болады. Пікірлердің дені шағым мен реніш. Әсіресе көрсетілген нөмірлерін көтермей, екі-үш апталап қоңырауға жауап  бермейтіндеріне  халық тойып біткен. Алдына арыз айтып келген адамды тыңдамаған компания қызметкерлері телефонның ар жағындағыларды қайтсін? Негізі G-Park 2014 жылдан бері Астана қаласында Arman De Luxe, G-Park Family, G-Park Premium, Real Comfort, Кумбель, Baqyt Premium, Manhattan 1, 2, 3, Bronx, Paris, Amsterdam, Copenhagen, Bucharest сынды тұрғын үй кешендерін пайдалануға берген. «Біз жұмысымыздың сапасы мен өз мерзімінде орындалуына толық жауап береміз, кепілдік етеміз» деген жарнамалық сөздерді көп қолданатын олар қазір тым-тырыс. Біз де компанияның ресми сайтына кіріп, «байланыс» деген бөлімде тұрған сегіз түрлі нөмірдің бәріне хабарластық. Мән-жайды анықтап, сұрақтарымызды қоймақ едік. Бірақ не қабылдау бөлімі, не заңгері жауап бермейді. Тіпті канцелярия мен сату бөліміне де байланысу мүмкін болмады. Кепілдік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Ербол Жапаров пен қызметкері Арман Омаров та жауап бермеді. Ал компанияның басшысы – 2021 жылы 14 қаңтарда Астана қаласы мәслихатының депутаты болып сайланған Ғабит Сәтмағанбетов. Әрі Астана қаласы мәслихатының құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының құрамында. 2019 жылы «Құрметті құрылысшы» төсбелгісін иеленген ол –Amanat париясының мүшесі. Инстаграмда 1,1 миллион оқырманы бар басшы әлеуметтік желілердегі белсенділігін бір айдан бері тоқтатыпты.

Ақшасын ала алмаған салымшылар ашулы, жауапты компания үн-түнсіз. Дәл осындай қиын жағдайда «не істеу керек» деген сауалды заңгерге қойдық.

— Мұндай жағдайда салымшылар тиісті талап-арыз арқылы сотқа жүгінуге құқылы. Егер келісімшарт жасасқан екі тараптың бірі өз міндеттемелерін орындамаса, дауды реттеу үшін сотқа дейінгі тәртіпте наразылық хат жазуға болады. Міндеттемелердің орындалмағаны дәлелденсе, ол хатқа жауап болған, болмағанына қарамастан, дереу аудандық азаматтық істер жөніндегі сотқа талап-арыз беру керек. Сот істі екі ай қарайды. Талап қоюшының уәждері сот отырысында дәлелденген жағдайда талап сот арқылы қанағаттандырылады. Егер апелляциялық шағым түспесеғ шешім бір ай көлемінде заңды күшіне енеді. Соттан атқару парағын алған соң арызданушы мәжбүрлі түрде өндіру өтінішімен жеке сот орындаушының қызметіне жүгіне алады. Ал егер полицияға салымшылардан жаппай арыз түссе, қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Себебі мұнда алаяқтық фактілерінің болуы ықтимал,  – дейді заңгер Бағдат Амандосұлы.

Сөйтсек, «Женева» 1,3, «Вашингтон», «Дублин», «Лиссабон» 1, 2, 3, «Рио 3», «Вена» тұрғын үй кешендерінің салымшылары бұған дейін келісімшартты тоқтату туралы арыз-талаптарын жасаған екен. Келісімшартты тоқтату туралы құжатта «Компанияға ешқандай шағымым жоқ» деген пункт болған. Өйткені салымшылар әуел баста инфляция есебінен жоғалтқан ақшалары мен күттірген уақыттары үшін компаниядан қосымша өтемақы талап еткен. Бірақ компания тек өз ақшаларыңызды қайтарамыз, келісім-шартты бұзу үшін бізден ешқандай моральдық, материалдық өтемақы сұрамаңыздар деп шарт қойған. Амалсыз келіскен жұрт 60 жұмыс күні өтсе де ақшаларын ала алмай әлек. Арасында сотқа шағымданғандар да бар.

— Кейбір кісілер сотқа арызданды. Бірақ G-Park сот шешімі шыққан соң уақыт созу үшін қайта-қайта істі апелляцияға беріп отыр. 14 күн өткізіп, жаңа сот шешіміне жаңа апелляция беріп, ығырды шығарды. Ал арызданушылардың қалтасы да қағылып бітті. Сот процесі тым ұзақ әрі шығыны да өте көп. Сондықтан сотқа жетпей, ақшамызды қайтарады деп үміттеніп отырмыз. Бірақ тағы біраз созса, амал жоқ сотқа арызданамыз. Жағдайымды айтып, хат жазбаған жерім қалмады. Тіпті президент атына да жолдадым, – дейді есімін атамауды өтінген бір салымшы. Бұл өтінішінің себебін сұрағанымызда, «менің атым шықпай-ақ қойсын, оны оқып алып ақшамды мүлде бермей қойып жүрсе қайтемін» деп, G-Park-тан сақтанып отырғанын жеткізді.

Компания бұл кейіпкермен бірге келісімшартты бұзған 17 адамның өзіне 150 миллион теңгеден астам қаржы қарыз екен. Ал ақшасын қайтару үшін шартты бұзғандар бұдан бірнеше есе көп. Салымшылар бүгін компания кеңсесінің алдына жиналып, талаптарымызды айтамыз деген хабар таратып жатыр. Олар «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігіне де көмек сұрап барған. Бірлестіктің атқарушы директоры Дидар Смағұлов салымшыларға болысып жатқан көрінеді. Бір айта кетерлігі, мұның алдында көмек қолын созбақ болып салымшылардың бейнеүндеулерін әлеуметтік желілерге жүктеген журналистерге қысым көрсетіліпті. Бұл туралы баяндаған салымшылар бүгінгі кездесуге БАҚ өкілдері мен қалалық сәулет, құрылыс басқармасының қызметкерлерін де шақырған.

Тегтер: Без Тега
Баян Мұратбекқызы
Баян Мұратбекқызы Баян Мұратбекқызы

Оқыңыз