Пак ісі: Марқұм Томиристің әкесі соттан өзін жәбірленуші деп тануды сұрады
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында резонансқа айналған қайғылы жол апатына қатысты сот процесі өтіп жатыр.
Өткен сот отырысында Александр Пактан жауап алынған болатын. Ол жол апаты болған күнгі жағдайды өз нұсқасында айтып берген еді.
Бүгінгі сот отырысында Марқұм Томирис Қыдырбектің әкесі сотқа онлайн қосылып, судьядан өзін жәбірленуші деп тануды сұрады.
Қорғаушы Мейірман Шекеевтің айтуынша, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес, қылмыс салдарынан адам қайтыс болған жағдайда оның жақын туыстары жәбірленуші мәртебесін алуға құқылы.
Бұл ретте бір ғана туысты жәбірленуші деп тану басқа жақындарының дәл осындай құқыққа ие болуына кедергі келтірмейді. Адвокат әр ата-ананың баласынан айырылуына байланысты жеке моральдық зардап шегетінін атап өтті. Сондықтан бір ата-ананың жәбірленуші ретінде танылуы екіншісінің де осы мәртебені алуына тосқауыл бола алмайды.
Сотта айтылғандай, марқұмның әкесі бұған дейін процеске қатыса алмаған. Оның сөзінше, қайғылы оқиғадан кейін жерлеу рәсімдерімен айналысып жүрген кезде бұрынғы жұбайы өзін жәбірленуші ретінде танытып, сот ісіне қатысқан.
Кейіннен оған бұрынғы жұбайының айыпталушыны кешіргені және өтемақы алғаны белгілі болған. Осыған байланысты ол соттан өзін жәбірленуші ретінде танып, іске қатысуға және өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік беруді сұрады.
Судья марқұм Томирис Қыдырбектің әкесі куәгер ретінде жауап алуға шешім шығарды.
Естеріңізге сала кетейік, жол апаты 21 наурызға қараған түні сағат 03:30-да болған. Zeekr 9X автокөлігін басқарған жүргізуші әл-Фараби даңғылы бойымен жоғары жылдамдықпен келе жатып, жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Салдарынан Mercedes маркалы автокөлікпен соқтығысқан. Апат кезінде Zeekr автокөлігінің жылдамдығы сағатына 219 шақырымға дейін жеткен. Қатты соққы салдарынан Mercedes автокөлігінің 29 жастағы жүргізушісі мен көлікте отырған 21 және 23 жастағы екі бойжеткен оқиға орнында қаза тапты. Химиялық-токсикологиялық сараптама қорытындысына сәйкес, күдіктінің қанынан 1,30 промилле мөлшерінде этил спирті анықталған. Сондай-ақ, оның көлігіне жалған 100 QR 02 мемлекеттік нөмірін тағып алғаны белгілі болды.Күдіктіге ҚР ҚК 345-1-бабы 4-бөлігі – «Автокөлікті алкогольдік масаң күйде басқарып, жол қозғалысы қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу» бабы бойынша айып тағылып отыр.