Қоғам

Пак Zeekr автокөлігінің мемлекеттік нөмірін не себепті ауыстырған?

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында резонансқа айналған қайғылы жол апатына қатысты сот процесі өтіп жатыр.

Пак ісі

Сотта Александр Пак апатқа дейін Zeekr автокөлігіне басқа мемлекеттік нөмірді не себепті орнатқанын түсіндірді.

Сот барысында оның тергеу кезінде берген бұрынғы жауабы оқылды. Онда апат болған күні Zeekr 009 көлігіне өзіне тиесілі басқа автокөліктің 100-QR-02 мемлекеттік нөмірі тағылғаны айтылған.

Пактың сөзінше, ол көліктің мемлекеттік нөмірін жоғалтып алғандықтан, уақытша басқа көлігінің нөмірін пайдаланған.

«Мен бір нөмірімді жоғалтып алғанымды айтқанмын. Содан кейін басқа көлігімнің нөмірін тағып жүрдім. Мұны айыппұлдан құтылу үшін жасаған жоқпын, өйткені айыппұл бәрібір маған келеді және мен оларды төлеймін», – деді ол сотта.

Естеріңізге сала кетейік, жол апаты 21 наурызға қараған түні сағат 03:30-да болған. Zeekr 9X автокөлігін басқарған жүргізуші әл-Фараби даңғылы бойымен жоғары жылдамдықпен келе жатып, жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Салдарынан Mercedes маркалы автокөлікпен соқтығысқан. Апат кезінде Zeekr автокөлігінің жылдамдығы сағатына 219 шақырымға дейін жеткен. Қатты соққы салдарынан Mercedes автокөлігінің 29 жастағы жүргізушісі мен көлікте отырған 21 және 23 жастағы екі бойжеткен оқиға орнында қаза тапты. Химиялық-токсикологиялық сараптама қорытындысына сәйкес, күдіктінің қанынан 1,30 промилле мөлшерінде этил спирті анықталған. Сондай-ақ, оның көлігіне жалған 100 QR 02 мемлекеттік нөмірін тағып алғаны белгілі болды.

Күдіктіге ҚР ҚК 345-1-бабы 4-бөлігі – «Автокөлікті алкогольдік масаң күйде басқарып, жол қозғалысы қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу» бабы бойынша айып тағылып отыр.

 

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз