«Пакқа кешірім бермеймін» — Марқұм Томиристің әкесі сотта жәбірленуші деп танылды
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында резонансқа айналған қайғылы жол апатына қатысты сот процесі өтіп жатыр.
Бүгінгі сот отырысында Марқұм Томирис Қыдырбектің әкесі сотқа онлайн қосылып, судьядан өзін жәбірленуші деп тануды сұраған еді. Судья одан алдымен куәгер ретінде жауап алып, кейін жәбірленуші деп тануға шешім шығарды.
Жантүршігерлік жол апатында қаза тапқан 20 жастағы қыздың әкесі сотта сөз сөйлеп, айыпталушыны кешірмейтінін тағы да мәлімдеді.
Оның айтуынша, қызы дүниеге келген күннен бастап өз қамқорлығында болған. Әкесі баласының тәрбиесі мен оқуына толық араласқанын атап өтті.
«Қызым дүниеге келгеннен бастап менің қолымда өсті. Жеке мектепте оқыды, барлық шығынын өзім көтердім. Біз бұрынғы жұбайыммен 2018 жылдан бері бірге тұрмаймыз. Бірақ қызыммен байланысымды үзген емеспін. Оны аялап өсірдім», – деді ол сот отырысында.
Сөзіне қарағанда, бұрынғы әйелі кейіннен басқа адамға тұрмысқа шыққан. Аларында ортақ 5 баласы бар. Сондай-ақ ер адам бұл оның өміріндегі екінші ауыр қайғы екенін жеткізді. Оның сөзінше, бұған дейін бір жарым айлық қызы шетінеп кеткен.
Ол отбасында 5 бала болғанын — екі қыз және үш ұл (Темірлан, Арлан, Аслан) дүниеге келгенін атап өтті. Өкінішке қарай, екінші қызы Аружан небәрі 1,5 айлығында шетінеп кеткен. Ал Томирис 20 жасында әл-Фараби даңғылындағы апаттан көз жұмған.
Марқұмның әкесі бұрынғы жұбайының айыпталушы тараппен татуласу туралы шешімі өз ұстанымын өзгертпейтінін айтты
«Көп адам маған хабарласып, «кешірдің бе?» деп сұрап жатыр. Жоқ, мен кешірген жоқпын. Бұрынғы жұбайымның өз өмірі бар, өз шешімін қабылдады. Бірақ менің ұстанымым бөлек», – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін сот барысында марқұмның анасы материалдық және моральдық шығын үшін өтемақы алғанын растап, соттан айыпталушыға бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұраған болатын.
Алайда қаза тапқан қыздың әкесі бұл пікірмен келіспейтінін айтып, кінәлі адамның заң аясында қатаң жауапқа тартылуын талап етіп отыр.
Сонымен қатар жәбірленуші әке, сот процесіне онлайн қатысуды сұрады. Оған қызының қазасы қатты ауыр әсер еткен, сол себепті қызының өліміне кінәлі деп айыпталып отырған Пакты көргісі келмейтінін жеткізді.