Әлеумет

PARAQTA – кітапқа құштарлықты оятатын цифрлық жоба

Соңғы жылдары жастар арасында кітап оқуға деген қызығушылық артып, оны насихаттаудың жаңа тәсілдері қалыптаса бастады.

Ердәулет Аянұлы

 Бұған жас буынның өз бастамасымен қолға алған түрлі жобалары да ықпал етіп отыр. Мысалы, Ердәулет Аянұлы әзірлеген PARAQTA цифрлық платформасы кітап оқуды жүйелеп, оқырмандарды ортақ алаңға біріктіруді көздейді.

Кітап оқу – адамның таным көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, ойлау қабілетін дамытатын, дүниеге көзқарасын қалыптастыратын маңызды әдет. Алайда ақпарат ағыны күшейіп, әлеуметтік желі мен цифрлық құрылғылар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған заманда кітапқа тұрақты уақыт бөлу оңай емес. Бірі оқуға ниеттенгенімен, бастаған шығармасын аяқтай алмайды, енді бірі кітапты қолға алғанымен, оны күнделікті дағдыға айналдыра алмай жүр. Сондықтан қоғамда кітапқа қызығушылықты арттырумен қатар, оқуға қолайлы орта қалыптастырудың да маңызы зор.Бұл ретте оқырманның өз еркімен кітапқа бет бұруына ықпал ететін жаңа тәсілдер де қажет. Отандық PARAQTA платформасын әзірлеген Ердәулет Аянұлының жұмысы осы қажеттіліктен туындаған. Ол кітап оқуды жоспарлап, бірақ уақыт таба алмай жүрген адамдарға оқу барысын жүйелеуге, нәтижесін бақылауға және оқырман ортасымен байланыс орнатуға мүмкіндік беретін цифрлық кеңістік қалыптастыруды қолға алды.

Ердәулет Аянұлы
Фото Ердәулет Аянұлы/Ердәулет Аянұлы

Кітапқұмарларға арналған жаңа орта 

Ердәулет Аянұлы Еуразия ұлттық университетінде инженер-жобалаушы мамандығын тамамдап, төрт жылға жуық уақыт осы салада еңбек еткен. Алайда кітап оқуға деген жеке қызығушылығы оны мүлде басқа бағыттағы іске алып келді. Үш жыл бұрын ол кітап оқу мәдениетін насихаттауды мақсат еткен OYORDA қауымдастығының жұмысына араласып, еріктілермен бірге оқырмандар клубтарын ұйымдастыра бастады. Бастапқыда шағын топ ретінде құрылған бірлестік уақыт өте келе Астанадағы ірі оқырман қауымдастықтарының біріне айналды. Қатысушылар әр маусым сайын жаңарып, соңғы маусымда клубқа 300-ден астам адам тіркелген.

Қауымдастықтың жұмысы біртіндеп кеңейіп, кітапсүйер қауым бас қосатын тұрақты орын ашу идеясы жүзеге асады. Осылайша, Астанада кітап дүкені мен кофехана жұмыс істей бастайды. Бұл жай ғана сауда орны емес, кітап оқуға қызығатын жастардың кездесіп, пікір алмасатын, шығармашылық іс-шаралар өткізетін мәдени орталығына айналған. Оқырмандар мұнда бірге кітап оқып, бір-бірінің талғамымен танысып, жаңа шығармалар туралы ақпарат алатын. Алайда қаржылық қиындықтарға байланысты бұл жобаны жабуға тура келген.

Жоба авторы үшін бұл оңай шешім болмағанымен, кітап оқу мәдениетін дамыту идеясынан бас тартпады. Керісінше, бұрынғы офлайн ортаның мүмкіндігін басқа форматта жалғастыруды ойластырды.

"Ол орын мен үшін ерекше, жылы әрі жақын мекен болды. Онда түрлі шығармашылық іс-шаралар өткізіліп, Астанадағы кітап оқуға қызығатын адамдарды жинадық. Жобаны жабу оңай болған жоқ. Бірақ кітап оқу мәдениетін дамыту идеясынан бас тартқым келмеді", – дейді Ердәулет Аянұлы.

Осы тәжірибе кейін PARAQTA платформасының қалыптасуына негіз болды. Алғашында команда оқыған беттерді белгілеуге арналған Telegram-ботты пайдаланған. Уақыт өте келе оның мүмкіндіктерін кеңейтіп, жеке сайт әзірлеуге кірісті. Алғашқы нұсқаны жасауға жасанды интеллект құралдары көмектесіп, сайттың бастапқы үлгісі үш айда дайын болып, одан кейінгі төрт-бес айда жаңа функциялар қосылып, дизайны жетілдірілген. Жалпы, платформаны әзірлеу жұмысы сегіз-тоғыз айға созылған.

 "Жобаның негізгі мақсаты – бұрынғы кітап дүкені мен кофеханада қалыптасқан жылы ортаны цифрлық кеңістікке көшіру. Өйткені кітапсүйер қауымның бәрі бір қалада тұрып, бір жерде бас қоса алмайды. Ал интернет арқылы Қазақстанның әр өңіріндегі, тіпті шетелдегі оқырмандардың да ортақ алаңға жиналуына мүмкіндік бар. Осылайша PARAQTA тек кітап оқитын сайт емес, оқырмандарды біріктіретін, олардың қызығушылығын ортақтастыратын орта ретінде қалыптаса бастады", – дейді жоба авторы Ердәулет Аянұлы.

1
Фото ашық дереккөз/1

Оқырманды қызықтыратын өзгеше тәсіл

PARAQTA-ның басты ерекшелігі – кітап оқуды есепке алып, оны жүйелі дағдыға айналдыруға көмектесуі. Қолданушы қағаз кітап оқыса да, электронды нұсқасын пайдаланса да, платформа арқылы оқу уақытын және оқыған беттерін белгілей алады. Жүйе жеке статистиканы сақтап, айлық және жылдық нәтижені көрсетеді. Осы арқылы адам өзінің оқу қарқынын бақылап, алға қойған мақсатына қаншалықты жақындағанын бағалайды.

Платформаның жұмыс істеу тәртібі де қарапайым. Оқырман кітап оқуды бастағанда арнайы таймерді қосып, оқу уақытын белгілейді. Содан кейін қанша бет оқығанын жүйеге енгізеді. Егер қағаз кітап оқып отырса, шығарманың атауы мен авторын жеке сөресіне тіркей алады. Ал электронды кітапты платформаның өзінен оқуға немесе жеке файл ретінде жүктеуге мүмкіндік бар. Яғни жүйе кітаптың қай форматта оқылғанына емес, адамның оған қанша уақыт бөліп, қаншалықты тұрақты айналысатынына мән береді.

"Ең маңыздысы – оқырманның қанша кітап оқығаны ғана емес, оқу әдетін қанша уақыт сақтай алғаны. Платформадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі – бір қолданушының 329 күн бойы үздіксіз кітап оқуы. Мұндай нәтиже күн сайын аз уақыт бөлудің өзі ұзақ мерзімде үлкен жетістікке жеткізетінін көрсетеді. Жүйе оқырманға өз нәтижесін көріп отыруға мүмкіндік бергендіктен, бастапқыда қойған мақсатын ұмытпай, оқуын жалғастыруына түрткі болады. Сондықтан біз кітап санамаймыз. Әдет санаймыз. Платформадағы ең жоғары көрсеткіш – бір оқырманның 329 күн бойы тұрақты кітап оқығаны. Бізге тіркелген адам саны емес, оқуын жалғастырған адам саны маңызды", – дейді Ердәулет Аянұлы.

Оқуға ынтаны арттыру үшін платформада ойын элементтері де қарастырылған. Қолданушы кітап оқыған сайын ұпай немесе жұлдызша жинап, виртуалды кейіпкерінің киімін өзгертіп, бөлмесін безендіре алады. Белсенділігіне қарай түрлі марапаттарға ие болады. Мұндай тәсіл, әсіресе цифрлық ортаға үйренген жас оқырманды қызықтыруға мүмкіндік береді. Кітап оқу күнделікті міндеттің бірі ретінде емес, нәтижесі көрініп тұратын қызықты әрекет ретінде ұсынылады.

"Біз адамдарды кітапты күштеп оқытуға болмайды деп ойлаймыз. Оған қызықтыратын басқа жол табу керек. Платформада адам көп оқыған сайын жұлдызша жинайды, оны жеке парақшасын безендіруге пайдалана алады. Бір жылда 60 кітап оқыған төрт қатысушымыз бар. Бұл – оқуға деген тұрақты әдет қалыптастыруға болатынын көрсететін мысал", – дейді жоба авторы.

Қазір платформаның кітапханасында 148 шығарма ұсынылған. Олардың қатарында қазақтың халық ертегілері, Абайдың қара сөздері, орыс және ағылшын тіліндегі кітаптар, сондай-ақ аударма туындылар бар. Жоба авторының айтуынша, оқырмандар қазақ классикасы мен ұлттық әдебиетке де қызығушылық танытады. Сонымен қатар қолданушылар өздерінің электронды кітаптарын PDF немесе EPUB форматында жүктей алады. Платформаға осындай жолмен енгізілген электронды басылымдар саны да артып келеді. Дегенмен кітап қоры әзірге жобаның әлсіз тұстарының бірі. Әсіресе қазақ тіліндегі авторлық құқық талаптарына сай кітаптарды көбейту қажеттігі бар. Жобаны жасаушылар осы мәселені шешу бағытында жұмыс істеп жатқанын тілге тиек етті.

Платформаның тағы бір бағыты – оқырмандар арасындағы өзара байланыс. Қолданушылар жеке клуб ашып, топ болып тіркеле алады. Олар ортақ кітап оқып, оқу қарқынын салыстырады, рейтингте бақ сынайды. Ақылы мүмкіндіктердің қатарында басқа оқырмандардың қанша бет оқығанын бақылау, клубтарға қатысу және кітап туралы пікір қалдыру қызметтері бар. Қазір платформада 600-ге жуық оқырман пікірі жинақталған. Бұл оқылған шығарманың мазмұнын ғана емес, одан алған әсер мен ойды да бөлісуге жағдай жасайды.

Платформада жеке статистика жүргізу, клуб ашу, кітап жүктеу, пікір қалдыру сияқты бірнеше мүмкіндік бір жерге топтастырылған. Бұл – оның артықшылығы болғанымен, кейбір қолданушылар үшін көп функцияның болуы қолайсыз көрінуі мүмкін. Жоба авторы мұны да ескеріп отыр. Алдағы уақытта платформаның интерфейсін жетілдіріп, қолдануға ыңғайлы ету көзделген.

КітапFest
Фото: Алматы әкімдігі/КітапFest

Кітап оқудың жаңа мәдениеті қалыптаса ма?

Елде кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған бастамалар көбейіп келеді. "Кітап оқитын ұлт" республикалық марафоны да осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі. Оның аясында оқушылар, студенттер, педагогтер, мемлекеттік қызметшілер мен отбасылар жеке бағыттар бойынша қатысып, белгілі бір кітаптар тізімін оқуға мүмкіндік алады. Мұндай жобалар қоғам назарын кітапқа аударып, оқу мәдениетін кеңінен насихаттауға ықпал етеді. Ердәулет Аянұлы да мемлекеттік деңгейде қолға алынған бастамалардың маңызын атап өтіп, десе де, кітап оқуды тек науқандық шаралармен шектеуге болмайтынын айтады.

Оның пікірінше, қазіргі жастардың кітапқа қызығушылығы бұрынғыға қарағанда артып келеді. Әлеуметтік желілерде кітап туралы мазмұн көбейіп, оқырмандар өзара ұсыныс айтып, оқыған шығармаларын талқылайтын болды. Бұл үрдіске мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың да әсері бар. Алайда оқушыны кітап оқуға тек міндеттеу арқылы тарту мүмкін емес. Керісінше, талапты шамадан тыс күшейту оның кітаптан алшақтауына әкелуі ықтимал. Сондықтан жас буынға оқуды қызықтыратын жаңа әдістер қажет.

OYORDA қауымдастығы осы бағытта он шақты мектеппен жұмыс істеген. Оқушыларға арналған кездесулерде кітап таныстырылымдары, ойындар мен түрлі шығармашылық форматтар қолданылады. Мұндай шаралардың мақсаты – оқушыға белгілі бір шығарманы оқуды міндеттеу ғана емес, кітаптың мазмұнына қызықтырып, өз бетінше ізденуге ынталандыру. Жоба авторының байқауынша, мектеп оқушылары арасында кітапқа қызығатындар аз емес. Ең бастысы – сол қызығушылықты дер кезінде байқап, оны тұрақты әдетке айналдыруға жағдай жасау.

Бұл ретте цифрлық құралдардың мүмкіндігін де тиімді пайдалануға болады. Қазіргі жас буын телефон мен компьютерді күнделікті өмірінде белсенді қолданады. Демек, сол ортаны тек ойын-сауық пен ақпарат тұтынуға емес, пайдалы дағды қалыптастыруға да бағыттауға болады. PARAQTA секілді платформалар оқырманға өз нәтижесін бақылауға, достарымен жарысуға, ортақ кітап талқылауға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл кітап оқуды жалғыз адамның әрекеті шеңберінен шығарып, ортақ қызығушылыққа айналдырады.

Әрине, цифрлық платформа кітаптың өзін алмастыра алмайды. Оның міндеті – оқырманға кітапқа жетудің ыңғайлы жолын ұсыну, оқу процесін жүйелеу және қызығушылықты сақтауға көмектесу. Кітаптың мазмұнын түсіну, оқығанын ой елегінен өткізу, кейіпкерлер мен оқиғаларға баға беру адамның өзіне байланысты. Сондықтан технологияны мақсат емес, кітап оқу мәдениетін дамытуға қызмет ететін құрал ретінде қарастырған жөн.

PARAQTA командасы алдағы уақытта платформаның мүмкіндіктерін кеңейтуді жоспарлап отыр. Кітап қорын толықтыру, бірнеше тілде қызмет көрсету, кітап оқуға арналған құралдың сапасын арттыру – негізгі міндеттердің қатарында. iPhone қолданушыларына арналған нұсқасы App Store дүкенінде қолжетімді, ал Android жүйесіне арналған қосымшаны әзірлеу жоспарланған. Сонымен қатар мектептерге оқу сауаттылығын дамытуға арналған бағдарлама ұсыну көзделіп отыр. Жоба авторлары платформаны тек жеке оқырманға емес, мектептер мен оқырман клубтарына да пайдалы құралға айналдыруды мақсат етеді.

Ердәулет Аянұлы үшін бұл бастама бастапқыда жеке қызығушылықтан туғанымен, қазір біртіндеп дербес жобаға айналып келеді. Командада небәрі екі адам жұмыс істейді, ал кейбір техникалық міндеттерді шешуде жасанды интеллект құралдары пайдаланылады. Соған қарамастан, платформаны дамытуға, оқырман сұранысын ескеріп, жаңа мүмкіндіктер енгізуге күш салып келеді.

Динара Мыңжасарқызы

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз