Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:25, 03 Сәуір 2024

Парламент Сенатының алғашқы төрағасы Өмірбек Байгелді өмірден өтті

в
Фото: из открытых источников
Бүгін Астана қаласында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді өмірден өтті. Бұл туралы ҚР Сенаты хабарлады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Парламент Сенатының тұңғыш төрағасы, «Отан» орденінің иегері, академик Өмірбек Байгелдіұлының дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты.

– Өмірбек Байгелдіұлы егемендіктің берік іргетасын қаласқан тұғырлы тұлға, Отанымыздың дамуына қажырлы еңбек сіңірген ұлтжанды азамат болды. Қазақстан Республикасы Парламентінің қалыптасуына зор үлес қосты. Ғибратты ғұмыр иесі өзінің нағыз парасатты тұлғаға тән қадір-қасиетімен барша жұрттың сый-құрметіне бөленді. Соңына жарқын із қалдырған Өмірбек Байгелдіұлының есімі мен бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын, – деп жазылған жеделхатта.

Өмірбек Байгелді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының алғашқы Төрағасы болды (1996-1999 ж.ж.).

Өмірбек Байгелді 1939 жылы Жамбыл облысының Қызыл-Октябрь ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын Жамбыл облысы Жамбыл ауданының Қызыл-Октябрь колхозында жұмысшы болып бастаған.
1990 жылдары Жамбыл облыстық атқару комитетінің төрағасы, Жамбыл облысының әкімі, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі болды.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бірінші, екінші, үшінші және төртінші шақырылымдағы депутаты болды. Парламент Сенатында 16 жылдан астам қызмет атқарды.

Сенат қоштасу рәсімі туралы қосымша хабарланатынын мәлімдеді. 

Тегтер: