Саясат

Парламенттен шыққан домалақ арыз

«Біз азаматтарды жала жабудан қорғауға тиіспіз».

Парламенттен шыққан домалақ арыз

                                                                             ҚР президенті Қ.ТОҚАЕВ

       Қазақстанның коммунистік халық партиясының орталық комитеті бас прокурорға домалақ арыз жазып, ешқандай дерексіз, дәлелсіз қазақ ұлтшылдарына қара күйе жағыпты. Қоғам үнсіз. «Коммунистердікі дұрыс, бізден қате кетіпті, ұлтаралық бүлікке, соғысқа алып келетін мәлімдемелер, үндеулер жариялап едік» деген ұлтшылдарды да көрмедім, «ұлтшылдарды дәлелсіз, дерексіз айыптау жала жабумен бірдей» деп, қабақтарын түйген парламент депутаттарын да кездестірмедім. Ең қызығы, коммунистердің бұл әрекетіне не президент әкімшілігі, не Конституцияның кепілі болып саналатын президент те баға бермеді.

      Ресей президентіне батыра сөз айтқан азаматты сол мезетте жазалаған биліктің Қазақ мемлекеті үшін, қазақ жері үшін, қазақтың тілі үшін ғасырлар бойы күрескен қазақ ұлтшылдарына жала жабылып жатқанда жақ ашпағаны таңғалдырады. Мен үшін ең қорқыныштысы – биліктің бейтараптығы; саяси көзқарасы, принципі, өзіндік ұстанымы бар және заңы бар мемлекет не қазақ ұлтшылдарына жала жапқан компартияны жауапқа шақырар еді, немесе 37-жылдардағыдай ұлтшылдарды түрмеге тоғытар еді. Егер біздің құқықтық мемлекет екеніміз рас болса, осы екеуінің бірінен басқа жол жоқ. Демек, билік қазақтың ұлттық мәселесіне келгенде үндемей құтылатын дәстүрлі әрекетіне көшкен сияқты.

      Біреулер компартияның домалақ арызында ешқандай ұйымның, адамдардың аты айтылмаған деген уәжді алдымызға тартады. Сын көтермейтін дәлел. Ұлтшылдардың іс-әрекетіне сын айттың ба – оны нақты құжаттармен, деректермен дәлелде. Дәлелсіз айтылған сөзді қазақтар «қатын өсек» дейді. Ал «қатын өсекті» республиканың бас прокурорына жолдау  ақымақтың ісі. Парламент төрінде отырған, президенттік сайлауға үміткер ұсыну мүмкіншілігі бар саяси күшті «ақымақ» деуге аузым бармайды. Демек, бұл – дәлелсіз қаралау.  Домалақ арыздың пасық қулығы мен сұрқия тәсілі де осында – дәлелсіз қаралауда. Қазақтың бәрі – ұлтшыл. Демек, бұл – ұлтты қаралау.

    Коммунистердің қазақ халқына жасаған «жақсылығын» тізіп жату артық болар. Бұл – 1920, 1932 жылдардағы аштық, бұл – тілімізді құрту, әліпбиімізді ауыстыру, дінімізден, мәдениетімізден айыру, бұл – сан түрлі айламен жүргізілген орыстандыру саясаты, бұл – қазақ ұлтшылдары – Алаш арыстарының атылуы, бұл – тың игеру сылтауымен ұлтымыздың санын азайту т.б. Бұл – кешегі Желтоқсандағы боздақтар, сотталғандар. Бұл – тәуелсіздік туын көтергендері үшін жұмыстан шығарылған, таяққа жығылған, қуғын көрген  «азаттықтар». Осының барлығы коммунистік партияның қазақ ұлтына, қазақ  ұлтшылдарына қарсы жасалған қылмысы. Көптеген елдерде (Венгрия, Грузия, Индонезия, Латвия, Литва, Молдова, Украина т.б.) дәл осындай ұлтқа, халыққа жасаған қылмыстары үшін компартиялар жабылып, олардың туларына, белгілеріне заң жүзінде тыйым салынған. Айтпақшы, бұл елдердің барлығы коммунистерді фашистермен теңестіреді. Ал біз оларға төрден орын беріп отырмыз. Төрге шыққан жан қарап отырмай, төсегіңді тілгілеп отырады екен.

     Меніңше, олар бас прокурорға жіберген домалақ арыздарына жауап күткен жоқ сияқты, «жаптым – жала, жақтым – күйе» деді де, жөндеріне кетті. Бірақ құқықтық мемлекетте мұндай қадамдарға, әсіресе парламентте отырған партияның жасаған заңсыз әрекетіне бас прокуратура өзінің нақты бағасын береді деп ойлаймыз. Екінің бірі: не компартия басшылары домалақ арыздағы тізіп берген айыптарын дәлелдеп, нақты дерегін көрсетеді де, заң орындары қоғамды «дүрліктіріп жүрген» ұлтшылдарды жазалайды немесе Қазақстанның коммунистік халық партиясының жетекшілері ұлтшылдарға жала жапқаны үшін заң алдында жауап береді.

    Қазақтың бәрі – ұлтшыл. Бірақ ұлттық құрылым ретінде заңды тіркелген қоғамдық бірлестік болғандықтан, Қазақстанның коммунистік халық партиясының бас прокурорға жіберген домалақ арызына Республикалық «Ұлт тағдыры» қозғалысы сұрау салуға мәжбүр болып отыр. Домалақ арызда ұлтшылдардың қолынан шықты деген әрбір айыпты барлық қазақтармен қатар, біздің ұйымға тағылған айып деп қабылдаймыз. Егер ол айыптар дәлелденбесе, Қазақстанның коммунистік халық партиясын ұлтшылдарға дәлелсіз жала жапқаны үшін қатаң жазалауды талап етеміз.   

Қазақстан Республикасының бас прокурорына ашық хат

     Құрметті Ғизат Дәуренбекұлы!

     Кез келген адам дәлелсіз, себепсіз айыпты бола алмайтыны сияқты кез келген ұлт та, сол елдің ұлтшылдары да ешқандай дәлелсіз айыптала алмайды.

    ҚКХП сізге жолдаған ашық хатында қазақ ұлтшылдарына төмендегідей айып таға отырып,  бас прокурордан «ұлтшылдардың қызметіне талдау жасап, құқықтық баға беруді және ұлтаралық қақтығыстардың деректерін анықтап, шара қолдануды» сұрапты.

     Республикалық «Ұлт тағдыры» қозғалысы Қазақстан коммунистік халық партиясының бұл өтінішін толық қолдайды және сізден осы ашық хаттың авторларынан төмендегі мәліметтер жөнінде нақты деректер келтіруді талап етуді сұрайды:

  1. «Сформированы группы радикально настроенных националистов». Қашан, қай қалада немесе елді мекенде радикалды ұлтшылдардың топтары жасақталды? Оларға кімдер кіреді? Аты-жөндері, басшыларының аты-жөні кім?
  2.  «Принимаются и обсуждаются шовинистические заявления». Қашан, қай жерде шовинистік мәлімдемелер талқыланып, қабылданды? Ол қай бұқаралық ақпарат құралдарында немесе сайттарда жарияланды?  
  3. «Определяется превосходство одной нации над другой». Бұл мәлімет қай жерден алынды? Оны ұлтшылдардың қандай ұйымы не басшысы жариялады?
  4.  «Виновность в современных проблемах приехавших и проживающих на территории Казахстана представителей других этносов». Бұл мәлімет қай жерден алынды?
  5. «Нагнетаются нетерпимость и враждевность к представителям других этносов». Қашан, қай жерде және қандай ұлтшыл ұйымдар басқа ұлт өкілдеріне деген жаулықты қоздырыпты?
  6.  «Демонстрируется, пропагандируется, примеряется нацистская фашистская символика и атрибутика». Ұлтшылдардың қандай ұйымында фашистік символика не атрибутика бар? Сол ұйымның атауы және солардың фашистік символика қолданғаны туралы деректер көрсете аласыздар ма?

      Ұлтшылдарға тағылған «айыптардың» ішінде «Высказываются одобрения в адрес украинских националистов, их влиянию, сценарию развития событий в Украине»  деген сөз тіркесі бар екен. Біз әлемдегі өркениетті елдер мен сол елдің азаматтары ретінде Ресей мемлекетінің агрессиясына қарсы соғысып, өз Отанын қорғап жатқан Украинаны қолдаймыз. Қазақстан коммунистері Қазақстан Конституциясында бекітілген «саяси әралуандықты» жоққа шығарып, өздерінен басқаша ойлайтындардың барлығын қылмыскер ретінде қабылдап, прокуратурадан оларға шара қолдануды талап етуі саяси ақымақтық.

     Егер жоғарыдағы алты айыптың дәлелі келтірілмесе, ашық хат авторлары қазақ халқынан кешірім сұрауы тиіс деп есептейміз.

Тегтер: Без Тега
Дос Көшім
Дос Көшім Дос Көшім

Оқыңыз