Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:52, 30 Қаңтар 2024

Пәрменді медианың болуы биліктің өзіне жақсы

Белла Орынбетова
Фото: из открытых источников

Қазақстанда цензура бұрыннан бар. Бірақ пассив деңгейде болатын. Ал қазір елдегі медианың 98 пайызы мемлекетке қарайды, яғни мемлекеттен қаржыландырылады. 

Қайсыбір медианы алып қарасақ та мемлекеттен тапсырыс (тендер) алатыны шындық. Өз кезегінде тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары саусақпен санарлық. Мемлекеттен ақша алмай, өз есебінен күн көріп, табыс тауып жүрген медианы сирек ұшырастырамыз. Аз болғаны сонша, тәуелсіз журналистика деп жүргендердің үні де шықпай қалып жатады. Өйткені бізде халықаралық ұйымдардан грант алатын немесе азаматтардан жиналатын донаттан қаржыландырылатын медиа жоққа тән. Мойындауымыз керек, бізде медиаға донат беру мәдениеті қалыптаспаған. Адамдар үшін қайырымдылыққа ақша аудару үйреншікті шығар, бірақ медиаға, контентке қалтасынан қаржы салатындар жоқ деуге де болады.

Ал күні мемлекетке қарайтын басылымдар мен телеарналар билікке қарсы сыни материалдар мүлде жарияламайды. Жартылай тәуелсіз, толық болмаса да мемлекеттен азын-аулақ тапсырыс алып жүрген медиалар да билікке тиімсіз көзқарастарды немесе сыни материалдарды шығармайды. Жариялаған күннің өзінде билік оны оңай-ақ алып тастатып отырады. Ондай мысалдар өте көп. Осы салада жүріп талайына өзім куә болдым. Осылайша, халыққа тек цензурадан өткен материалдар ғана жетіп жатыр. Шын мәнінде бұл азаматтарға да, билікке де зиян. Себебі халықтың медиаға да, билікке де сенімі жоғалады. Болжаудың да қажеті жоқ, бұл қазірдің өзінде көрініс тауып жатыр. Мәселесі бар ашынған халық билікке, медиаға емес, әлеуметтік желілерге, блогерлерге жүгінетін болған. Мұндай проблематикадан бөлек, позитивті нәрселер айтылып жатса да сенім жоғалған соң оның да құны болмайды. Бұл өте қауіпті құбылыс.

Ал негізі медиа, журналистика дегеніміз билік пен халық арасындағы көпір емес пе? Бұл сөздің жаны бар. Демократиялық биліктің бір-біріне тәуелсіз үш тармағы – президент, заң шығарушы орган, сот жүйесінен кейінгі билік –медиа. Себебі үш биліктің бір тармағы өз қызметін дұрыс атқармай жатса немесе тармақтар арасында теңсіздік орнаса, соның сынын айтып, тепе-теңдікке әкеліп отыратын осы – журналистика. Бірақ өкінішке қарай, қазіргі журналистика осы негізгі функциясын орындай алмай отыр. Себебі бәрі биліктің қолбаласына айналған. Ал егер билік сол көпірді қолдап жойып тастар болса, халықпен арада коммуникация қалмайды. Бұл өз кезегінде ауыр салдарларға әкелуі бек мүмкін.

Бұған жол бермеу үшін БАҚ-тар ең әуелі мемлекеттік тапсырыстан бас тарту керек. Жаңа заңнамада да мемлекеттік тапсырыс деген ұғымды алып тастап, грант деген ұғымды енгізіп жатыр. Бірақ мұның түбі бір, концепциясы сол өзгермеген қалпы. Мәселе түпкілікті шешілуі үшін медиада бәсекелестік орта қалыптасуы керек. Десек те, қазір ондайға ұмтылу пайдасыз, бос әуре. Себебі қанша жерден мықты команда жинап, тырыссаң да басқа мемлекеттік медиа мемлекеттің дайын ақшасын алып отыра береді. Ал аудитория билікшіл контент пен тәуелсіз контентті айыра алатын деңгейде емес. Сондықтан мемлекеттік тапсырыс деген дүние реттелуі керек деп есептеймін. Егер бәрінің мүмкіндігі тең болса, медиалар азайып кетеді. Есесіне, бәсеке пайда болады. БАҚ ешкімнің қолына қарамаған соң объективті ақпарат беріледі. Медиасфера билікке емес, қоғамға қызмет ететін болады. Нәтижесінде, демократиялық институттар қалпына келеді. Түптеп келгенде, мықты, пәрменді медианың болуы биліктің өзіне жақсы. Себебі мемлекетте даму болар еді.

Белла Орынбетова, журналист