Кейіпкер

Нұржан Нұржігітов. «КОМЕНДАНТ»

«Алғашқы жұмысы адамның болмысы мен мінезіне әсер етеді» деген бір тәмсіл бар. Оның шын-өтірігін қайдам, министр Нұржан Нұржігітов еңбек жолын Ленинград ауылшаруашылық институтында комендант болып бастаған.

Нұржан Нұржігітов

Кейін Жуалы ауданына қарасты Максим Горкий атындағы колхозда механик болды. Бірақ кейіпкеріміздің механиктігінен гөрі коменданттығы басымдау секілді көрінеді. Себебін білесіз ғой, қандай қызмет істесе де, жұмысынан мүлтік шығады да, соңы «коменданттық сағатқа» ұласып кетеді... 

Нұржігітов
Фото: .gov.kz

«Ауылдан ұзамаған бала»

Мұндай қосымша «ныспы» Су ресурстары және ирригация министріне күні кешеге дейін телініп келді. Өмірбаянына қарап отырсаңыз, Ресейде оқып келгені болмаса, расында, бұл кісі туған өңірінен алысқа ұзап көрмепті. Қараңыз: 1967 жылы Жамбыл облысында өмірге келген. Ресейде білім алған соң Жамбыл гуманитарлық техникалық университетін «экономика» мамандығы бойынша бітірген. Сосын Төле би атындағы агробірлестіктің бас инженері, Жуалы ауданы әкімі аппаратының маманы, бас маманы, бөлім меңгерушісі, Жуалы ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы, Жамбыл облысы әкімі аппаратының бас инспекторы, бөлім меңгерушісі болған. Басқаша айтқанда, Тараз бен Жуалының арасын мейлінше шиырлаған. Әжептәуір көтерілген тұсы – 2014-2015 жылдардан басталады. Бұл тұста Нұржан Нұржігітов облыстағы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментіне, ауыл шаруашылығы басқармасына, сосын табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына басшылық жасады. Артынша Байзақ ауданына әкім болды да, кейін облыс әкімінің «қасына» барып отырды. Былай қарасаңыз, енді жылжуға болатын бір ғана қадам жер қалған. Ол – облыс әкімінің креслосы. Бұл қызмет кейіпкерімізге 2022 жылдың сәуір айында бұйырды.

Міне, осы кезде өңірдің жұрты «Нұржігітов барар жеріне барды, осымен «тұйыққа тірелді» деп есептеген. Өйткені бұған дейін Астана түгілі Шымкент пен Алматыға ауысып көрмеген шенді айналсоқтап жүріп, өрісін тауысқан арқандаулы түйеге ұқсап еді. Түйе демекші, осы кездерде өңірдің шаруалары құрғақшылықпен алысып, сусаған түйедей судың зарын тартып жатқан. Тіпті Шу ауданының тұрғыны Қазақбай Байжұманұлы деген ақсақалдың президенттен көмек сұраған видеосы тарағаны есімізде. Онда қария облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтен «қиянат» көргенін айтып, «мен жалға алған көлге әкім рейдерлік жасап жатыр» деп шу көтерген.

Қызығы сол, облыстағы су мәселесін шешіп қарық қылмаған шенеунік 2023 жылы жаңа құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігінің «төбесіне» барып отырды.

Нұржан Нұржігітов
Фото: ашық дереккөз

Министрдің қанша сиыры бар?

Шынына келгенде, кейіпкеріміздің шаруасы – қып-қызыл «бейнет» қой, негізі. Себебі судың көп болғаны да, аз болғаны да – қиын. Мәселен, шаруаларға су жеткізу мен суды үнемдеудің мәселесіне бас қатырып жүрген министрдің өзінің астынан «су шығып» кете жаздады. 2024 жылдың көктеміндегі тасқын талай өңірдің «тас талқанын» шығарғанын білесіз.

Сонда вице-министр Бауыржан Сыздықов: «Су тасқыны болып бес аймаққа келер болсақ, мұнда су өзендерден емес, даладан келіп, көтерілді. Ол жақтан су келеді деп ешкім күткен жоқ. Яғни, су даладан келді», – деген.

Былай қарасаңыз, дұрыс. Көктемде су даладан келмегенде, қаладан келмейді ғой, енді. Бұл – орынбасардың бастығымен бірге талқылап, әзірлеген жауабына ұқсады. Алайда кейіпкерімізді ешкім судан таза, сүттен ақ деп айта алмайды. Өйткені сол кездегі «коменданттық сағат» басқа жерде емес, Ақордада өтті. Президент Тоқаев ең алғашқы қатаң ескертуін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен осы Нұржан Нұржігітовке жасаған.

Президенттің ескертуі өз алдына, кейіпкеріміз депутаттардың да «кергісіне» жиі түсті. Тараздан ұзап шығып, Астанаға жаңа орныққанда, депутат Қайрат Балабиев кешегі әкімнің облыстағы қателіктерін «бетіне шыжғырып» басқан. «Өзіңіз Жамбыл облысын басқарған тұста шаруаларды судан тарықтырып алдыңыз. Су саласының министрі болып жүрген кезде мақташыларға су жеткізе алмадыңыз. Күнгейдегі шаруалар шырылдап жүргенде күз де өтіп кетті..», – деп еді, Балабиев сонда. Түсінген адамға оңай сын емес қой, құрсын. «Не ананы қатырмадың, не мынаны бітірмедің, сонда қолыңнан не келеді?» дегенмен бірдей сөз бұл!

Кейін кешегі мәжілісмен Ерлан Сайыров та Су ресурстары министрлігін «солқылдатып сабайтын» әдет тапты. Біресе «құмға сіңіп жоғалатын суды» айтты, біресе су саласындағы «қара нарықты» айтты, әйтеуір кейіпкерімізді «бас көтертпей» төпелеген. Ақырында не болды? Ештеңе де болған жоқ. Ерлан Сайыровтың ағасы Серік Сайыров Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры болып тағайындалды. Мұны біреулер айтқыш ауызға «тігіс салудың» қарекетіне ұқсатады. Енді біреулер мұны коменданттық кейпінен «өзгермеген» кісінің «төбелесу әдісіне» балайды. Шындығын айтқанда, біздің онда шаруамыз жоқ. Бірақ Нұржан Нұржігітов басқаға болмаса да, Мақсат Толықбайға толымды жауап беруі тиіс-ақ еді.

Білесіз ғой, депутат Мақсат Толықбай өткен жылы Мәжілісте: «Жамбыл облысында әлдекім бір фазенда үшін бастауын Қырғызстаннан алатын Шу өзенін өзінің қорасына бұрып алған», – деп мәлімдеді. Масқара ма? Масқара! Мамандығы журналист болған соң, сөзін де жүйелеп айтады ғой, Толықбай депутаттық сауалының соңын іркес-тіркес сұрақпен аяқтап, былай деген: «Су ресурстары министрі бұл фазенданы неге қорғаштап әлек? Жағдайды білмей ме, әлде кәсіпкерге сөзі өтпей ме? Немесе 12 мың сиыр асырайтын шаруашылық министр Нұржан Нұржігітовтің өзіне тиесілі ме?».

Обалы не керек, министрлік жауап берді. Алайда қатқыл сұраққа қатқыл жауап жоқ. «Өзен арнасын бұру фактісі расталмады», «депутат айтқан мәселе министрліктің қатаң бақылауында» деген секілді шығарыпсалма жауаппен құтылды. Міне, осыдан кейін Жамбыл облысының шаруалары өзеннің суы тартылса, болды, «Нұржігітовтің мыңғырған сиыры өзенге құлаған жоқ па, осы?» деген ойға беріледі. Оларға «бұларың қате» деудің реті қайсы?! Депутат дау көтергенде, «12 мың сиырым тұрмақ, тышқақ лағым да жоқ, айналайын. Шудың бойынан менің малымды тапсаңдар, шетінен сойып жей беріңдер! Еті түгілі терісін де сұрамаймын» дей салса, азайған судың себебін ешкім сиырдан көрмейтін еді. Бірақ амал не, айтатын мүмкіндік өтіп кетті.

Нұржан Нұржігітов
Фото: ашық дереккөз

Мектептегі «коменданттық сағат»

Енді Су ресурстары және ирригация министрінің есеп-қисабына үңілейік. Еліміз 1 жылда 100 млрд текше метр шамасында су тұтынатын көрінеді. Оның басым бөлігі қайда жұмсалады? Әрине, аграрлық салаға жұмсалады. Яғни су атаулының 60 пайызы ауыл шаруашылығына беріледі. Алайда оның дені рәсуа болатыны белгілі. Сондықтан жаңа министрлік су үнемдеу технологиясын «төрге шығарғысы» келеді. Қазірдің өзінде жаңбырлату-тамшылату әдісі арқылы суарылатын алқап көлемі еліміз бойынша 543 мың гектарға жетіпті. Ал 2030 жылы 1 млн 300 мың гектарға ұлғайту көзделген. Күшті ме? Күшті!

Су жұмсалатын келесі бағыт – өнеркәсіп мекемелері. Яғни зауыт-фабрикалар, өндіріс орындары, т.б. Олардың су тұтыну үлесі – 35 пайыз. Ал министрлік не істеп жатыр? Кейіпкеріміздің бір сұхбатына қарағанда, министрлік өнеркәсіп мекемелерін Су кодексі талаптарымен «қылқындыра» алады. Талап бойынша мекемелер екі жыл ішінде суды қайталап пайдалану бойынша арнайы іс-шараларын бекітуі керек. Одан кейінгі бес жылда олар арнайы құрал-жабдықтар орнатып, бір пайдаланылған суды лақ еткізіп төге салмай, ыждағаттап қайта пайдалануға бейімделуі тиіс.

Су пайдаланудың үшінші бағыты – тұрмыстық бағыт. Оның үлесі – 5 пайыз шамасында. Яғни ішетін, жуынатын, кір жуатын, т.б. су атаулы осы бағытқа кіреді. Министрлік осы 5 пайыздың өзін үнемдеудің мәселесімен бел шеше шұғылданып жатыр. Шынын айтқанда, дәл осы бағыт кейіпкеріміздің өзіне де ұнайтын сияқты. «Қазақстан» ұлттық арнасына берген сұхбатын тыңдасаңыз, министр: «Біз мұны мектептен бастадық», – дейді. Неге мектептен бастайды? Себебі «үлкендерден опа жоқ» деп ойлай ма, су үнемдеу мәдениетін жастардың жанына сіңіргісі келеді. Сол үшін де «Суды үнемде – болашақты сақта!» деген акцияны өткен жылдан бері өткізіп келеді. Өткізгенде, кабинетінде отырып, команда бере салмай, сықиып киініп алып, өзі мектепке барады. Акцияның айтпағына бір мезетте бүкіл мектеп қосылады. Мұны министрдің «ашық сабағы» десеңіз де, «коменданттық сағаты» десеңіз де, өзіңіз білесіз.

Негізі, идея дұрыс. Өскелең ұрпаққа үнемдеуді үйрету жөн. Бірақ кейіпкеріміздің басты міндеті осы ма? Білдей шенеунік 5 пайыздық судың мәселесін жалаулатып жүргенде, аграрлық салаға жұмсалатын 60 пайыз суыңыз ит-рәсуа болып жатыр. Қалайша? Қалайша деріңіз бар ма, Ерлан Сайыров былтыр «жылына су ресурстарының 40 пайызы заңсыз жұмсалады» деген. Ал Нұржан Нұржігітов не деді? Судың заңсыз саудасы толық жойылмағанын мойындап, «Қара нарыққа» байланысты айтқаныңыз рас» деп қоштады. Сонда 60 пайыздың айғай-шуын реттемей жатып, 5 пайыздық мәселенің «беделіне» байлану – «су үнемдеу мәдениетінің» қандай түріне жатады? Бұл сұрақтың жауабын келесі бөлімдерде тарқатамыз.

Нұржан Нұржігітов
Фото: ашық дереккөз

«Басымды кесіп алса да, осыны айтамын!»

Жоғарыда ескерттік, субұрқақ секілді бірден Астанаға «шапшығаны» болмаса, кейіпкеріміз – Жамбыл облысынан ұзап шықпаған адам. Сондықтан талдап-таразылау өзіне де жеңіл болсын, ендігі әңгіменің ретін осы өңірден жалғастырайық. Әуелгі мәселе – екінші бағыт. Министрдің жоғарыда келтірген жоспарына қарасаңыз, су үнемдеу технологиясы қарыштап дамиды да, суға деген тапшылық төмендейді. Дұрыс, оған дау жоқ. Алайда шаруалар осы мүмкіндікке қаншалықты қол жеткізді? Нұржан Нұржігітов жақсы білетін Жуалы ауданында «Айырылмас» деген шаруа қожалығы бар екен. Сол қожалықтың басшысы Серік Сәдіров ақсақалдың ашынып айтқан әңгімесі қазір әлеуметтік желіні ары-бері «шайқап» жүр.

Түйіндеп түсіндірсек былай: Серік Сәдіров 3 гектар жерге тамшылату технологиясымен картоп егу үшін «Қазагроқаржы» мен «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының есігін тоздырады. Ақпаннан жүгірген шаруа қанша барса да, аталған мекемелерден қолдау таппаған. Түрлі сылтау айтып, бітпейтін қағаз сұраған мекемелер ақсақалды ақыры құры қол жібереді. Осы кезде үшінші бір мекеме шаршаған шаруаға коммерциялық ұсыныс жасап, жәрдем беруге «ниет» қылыпты. Олар: «Сметасын өзіміз жасаймыз, 3 гектар жерге тамшылату технологиясын толық орнатып береміз. Оның бағасы – 5 миллион теңге. Есесіне, 2,5 миллионын үкімет қайтарып береді», – десе керек.

«Осыған келісем-ау, уақыт өтіп барады» деп алаңдаған ақсақал бір күні тамшылатып суару технологиясына қажетті құрал-жабдықтың бәрі Шымкентте сатылып жатқанын естиді. Барса, расымен де саудада тұр. 920 мың теңгеге сатып алып, 1 млн 60 мың теңгеге орнатады. Осыдан кейін «субсидия алып берейік» деп ортадан пайда тапқысы келетін делдалдар көбейіпті. Сонда бұл не? Тамшылатып суару технологиясына жұмсалуы тиіс үкіметтің қаржысы қайда кетіп жатыр? Оны кімдер қайда пайдаланады? Осыған күйінген ақсақал: «Басымды кесіп алса да, айтарым осы! Ауыл шаруашылығы басқармасында отырғандардың тең жартысын қысқарту керек!», – дейді.

Бірақ бұл жерде технологияға қол жеткізе алмаған, үкіметтік мекемелерден қысастық көрген, жемқорлықтан жапа шеккен жұрт үшін Су ресурстары және ирригация министрлігін айыптауға болмайды. Дегенмен тасқын кезінде «даладан келген» су үшін Нұржан Нұржігітовтің де қатаң ескерту алғанын ескеріңіз. Сол кезде президент не деп еді? «Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың арасында жүйелі байланыс болмаған», – деді. Жүйелі байланыстың жоқтығы су үнемдеу технологиясынан да байқалып тұрған секілді. Ең бастысы, кейіпкеріміз 543 мың гектарға «жеткізген» тамшылата суарылатын алқаптың ішінде Серік Сәдіровтің де 3 гектары бар ма, жоқ па? Бар болса, Сәдіров секілді үкіметтен көк тиын алмай, өз жанын бағу үшін жанталасқан жұрттың бәрін Су ресурстары министрлігінің статистикасына қосу қаншалықты әділетті?

Нұржігітов
Фото: ашық дереккөз

Қамалғандарға «коменданттың» қатысы қанша?

Байқасаңыздар, судың дені көрші қырғыз елінен келетін Жамбыл облысында жұмыс қарқынды жүріп жатыр. «Су ресурстары және ирригация министрлігі «Ислам даму банкімен» бірлесіп Жамбыл облысындағы 400 шақырым суару каналын реконструкциялай бастады» деген ақпар маусым айында тараған. Ал 1 шілде күні облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің басшылығымен өткен жиында айтылған сөзге қарағанда, 91 суару каналында жаңғырту жұмыстары қызу жүріп жатқан сияқты. Алайда жөндеу көрген каналдарға шаруалардың көңілі толып отырған жоқ. Әлеуметтік желіге тараған видеоларға зер салсаңыз, «ХХI ғасырда салынған каналдарда су өлшейтін құрал да жоқ, қыруар ақша желге ұшты» деп күйініп жатқан жұртты байқайсыз.

Әрине, қасына барып, көзбен көрмеген соң, жаңғырту жұмыстары мен жаңа каналдың сапасы туралы ештеңе айта алмаймыз. Бір анығы, «Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалының директоры Қайрат Аманов пен бас инженер Ербол Әбдірахманов екі айға қамауға алынды. Ресми дерек бойынша, 9 шілде – Су шаруашылығы қызметкерлері күні филиал басшылығына қатысты тергеу амалдары жүргізілген. Кәсіпорында тінту өтіп, кейін екі басшы процессуалдық іс-шаралар үшін құқық қорғау органдарына жеткізілген...

Естеріңізде болса, өткен жылы Ербол Қарашөкеевті сынаған постқа Нұржан Нұржігітов лайк басып, ел-жұртты түгел «аузына» қаратқан. «Неге өйттіңіз?» деген журналистердің сауалына: «Лайк басқаным есімде жоқ. Әлеуметтік желіні қарап отырған кезде басылып кеткен шығар», – деді. Шынымен, ол да мүмкін ғой. Қызығып, әрнені бір қарап отырғанда, саусақтың ұшы «шатасып», тимейтін жерге тиіп кетуі де ғажап емес. Ал қазір ше? Жамбыл облысында не болып жатқанын министр әлеуметтік желіден қарап отыр ма, әлде қарамай-ақ біле ме?

Сұрақты бұлай қоятын себебіміз, министр су саласындағы «қара нарыққа» байланысты сан рет сын естіді. Сондықтан су мәселесіндегі «былықтың қаймағын» қалқып алуға өзі де кетәрі болмауы мүмкін. Әсіресе қыруар қаржы бөлінген Әулиеата өңірінің жағдайында. Тек бір әттеген-айы, оқиға Жамбыл облысында болып жатқанымен, «Қазсушар» мекемесі министрлікке қарайды. Яғни «байқамай лайк» басудың жөні жоқ. Оның үстіне, Қайрат Аманов кейіпкеріміздің әкім кезінде де жауапты қызметтер атқарған. Қысқасы, қамалғандар ақталып шықса – жақсы, ал кінәлары дәлелденсе – Астанада өтетін тағы бір «коменданттық сағатқа» ілік боп қалуы бек мүмкін...

Түйін

Қазірдің өзінде еліміздің тоғыз өңірінде су тапшылығы жүйелі мәселеге айналса, 2030 жылға қарай Қазақстандағы өзен суларының көлемі шамамен 2 млрд текше метрге дейін азаюы ықтимал. Демек, су мәселесі күн өткен сайын күрделене береді. 2030-да Қазақстанды дамыған елдердің қатарына қосуға сөз берген тұңғыш президент «келмеске» кетті. Демек әзірге бар үміт Су ресурстары және ирригация министрлігінің тұңғыш басшысында. Содан кейін де ғой, қолымыздан келгенше қамшылап жатқанымыз. Әйтпесе, Нұржан Нұржігітовте бес бересі, алты аласымыз бар дейсіз бе?!

Cансызбай НҰРБАБА

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз