Амандасу әдебі
Заманның азғаны шығар, бүгінгінің қазағы дұрыстап амандасудың да жөн-жосығын «ұмытты». Оның қандай болмағын сұрасаң, ақылдымын дегендердің «өзі он ойланып, жүз толғанады». Міне, осы өзекті мәселені Құрылтай депутаты Ерлан Сайыр көтеріп, амандасу әдебін мектептегі тәрбие жұмысының тұрақты элементі ретінде енгізуді ұсынды.
Түсінген адамға бұл – өте маңызды мәселе. Өйткені амандасып қарық қылмаған жұрттың тірлік істеп, мандытпайтыны белгілі. Аман-саулық – әдептің басы.
Осыны егжей-тегжейлі түсіндірген депутат былай деді: «Қазақ сәлемдесуінің басты ерекшелігі – ұстамдылық. Сәлемдесу – сол мәдени кодтың ең қарапайым, бірақ ең терең белгілерінің бірі. Ал мәдени код үлкен ұрандармен емес, күнделікті әдеттен басталады. Сондықтан бұл мәселені бір реттік акция немесе тәрбие жұмысы ретінде емес, ұлттық бірегейлікті нығайтатын ұзақ мерзімді мемлекеттік мәдени саясаттың бір бағыты ретінде қарастыруды ұсынамыз».
Жөн сөз, орнықты пікірге ешкім дауласпайды. Бірақ осы сөзді айтқан адамның «арғы-бергі қылықтарын» білетіндер «Қап, әттеген-ай, тәп-тәуір ұсынысты өзге депутаттың аузына салса, болған екен» десіп, санын ұрды. Неге өйтеді? Мұны дәл болжау қиынырақ. Дегенмен қолдан келгенше жорамал жасауға болатын сияқты. Мысалы, жоғарыда атаған «ұстамдылық» пен «мәдени код» мәселесінде бұл кісінің өзі «аздап ақсайтыны» байқалған. Сенбесеңіз, 2022 жылғы «оқиғаны» еске саламыз. Ерлан Сайыр «Хабар» арнасының тікелей эфирінде сөйлеп тұрғанда, «қоймалжың сұйықтық» ернінен сылп ете түскен. Мұны жұрт депутаттың кімге жолдаған «сәлемі» екенін ұқпай қалып, аңырып аз тұрды да, «Ерлан Сайыр тікелей эфирде түкірді, елді сыйламады» деп шулай жөнелді.
Негізі оны «түкірік» деп дабырайтпай-ақ, «көмейден бері қашқан су» деп «жеңілдетуге» де болар еді. Ерланды да көре алмайтындар көп қой, сүрінген сәтін «көкпар» қылып әкетті. Енді мойындамаса, болмайтынын өзі де ұқты ма, депутат: «Мен кешегі түкірік үшін айыппұл төледім. Заң алдында барлық азамат тең болуы керек. Бұл – аксиома. Сонда ғана әділетті қоғам құрамыз» деді де, төлеген айыппұлының скринін әлеуметтік желіге салып қойды.
Ерлан Сайыр әулие екен, айыппұлын төлеп тастап, «әділетті қоғам» құруға «ұмтылғанда», «Әділет» партиясының аты түгілі, заты да жоқ еді. «Аманаттың» өзі жаңа құрылып жатқан. Демек, «саясаткер Сайыр алысты болжады» деп ұғуға болатындай. Депутатты көре алмайтындардың көп болатын бір себебі – бұл кісі «Нұр-Отаннан» – «Аманатқа», «Аманаттан» – «Әділетке» өте сәтті ауысты. Парламентте жалпайып отыра бергісі келетіндердің көбі осы тізбектен өте алмағанын білесіз. Олардың дені аңдаусызда ауыздан сылп етіп түскен түкірік құсап, «жерде қалды».
Енді Ерлан Сайыр көтерген мәселенің маңыздылығына келейік. Рас, біз кейде қоғамды тәрбиелеуді «тым тереңдетіп» жібереміз. Сонау 2015 жылы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Жемқорлықпен күресті балабақшадан бастайық» деген бастама көтерген. «Ойбу, горшокта отырған балаға жемқорлықтың зияндылығын қалай түсіндіреміз?» деп балабақша қызметкерлері шыр-пыр болған еді. Сонда агенттіктің Әсел Мұсағұлова есімді жетекші маманы шетелді мысалға келтіріп былай деген: «70 жылдары Гонконгте жемқорлықпен күресті балабақшадан бастаған. Бұл тегіс ұрпақты теріс жолдан сақтандыруға себеп болды».
Гонконгты қайдам, қазақтың горшокта отырған баласы жемқорлық пен парақорлық туралы бірдеңе ұға қояды деу қиын. Сол кезде ғой, «Шиеттей сәбилермен алысқанша, жемқорларды жоғарыдан бастап соттасаңдаршы» деп жұрттың назаланғаны.
Бұған қарағанда, Ерлан Сайырдың ұсынысы әлдеқайда орнықты. Себебі адам баласының бойында амандасудың жөн-жоралғысы мектептен қалыптаспаса, енді қашан қалыптасады? Жас күнінде не болса, соны айтып жүріп, әбден әйел алып, байға тиер кезде амандасу әдебін жаттап жүрмейді ғой, енді. Сондықтан Құрылтай депутатының ұсынысын Мәжілістің бұрынғы депутаты айтпақшы, «төрт аяғымызды көтеріп», қолдасақ та, жарасады. Бастысы, мектеп қана емес, техникалық және кәсіптік білім беретін мекемелер мен Жоғары білім беретін оқу орындары мамандарымен бірлесіп, ұлттық әдеп нормаларын заманауи тәрбие жұмысының мазмұнына енгізу бойынша жұмыстар атқарылмақ. Бұл енді – Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім секілді министрліктердің шаруасы.
Дегенмен әдеп нормасы әзірленіп, мәдени кодтың мәйегі түгенделгенше әлі біраз уақыт бар. Біздіңше, жақсы ұсыныс жасаған депутат балалармен жақсылап амандасуға да қазірден дайындала бергені дұрыс сияқты. Себебін түсініп тұрсыз ғой, Ерлан Сайырды мектептің маңынан көрген мұғалім міндетті түрде оқушыларға: «Балалар, әне Ерлан ағаларың келе жатыр. Дұрыстап амандасыңдар, әйтпесе ұят болады» дейтіні анық. Сонда балалар қалай амандасуы мүмкін? «Ассалаумағалейкүм!» деп шу ете түсе ме? Әлде алға шыққан біреуі қолын жүрегіне қойып тұрып: «Ерлан аға, армысың! Айыппұлдан саумысың?!» дей ме?
Ерлан Сайырдың аман-саулық тұрғысындағы жауабы қандай болатыны өзіне аян. Бірақ қазақ ешқашан амандаса салып, тайып тұрмаған ғой. Аман-саулықтың әдебі бойынша жөн-сұрасқанның айыбы жоқ. Аздаған әңгіме айтылса, құба-құп. Ал бүгінгінің баласы – бала емес, бәле екенін білесіз. Әңгіме арасында бір бала: «Ерлан аға, осы сіз реваншистер туралы көп айттыңыз. Бірақ олардың бірде бірін «мынау – реваншист» деп көрсетпедіңіз. Ал егер біз көшеде реваншистпен кездесіп қалсақ, қалай амандасқанымыз дұрыс?» деп сауал қойса ше? Оны айтасыз, «Ерлан аға, жалпы осы, амандаспай тұрып түкіріп алған дұрыс па, әлде амандасқан соң түкірген жөн бе?» деген сауал қойылса ше?
Көрдіңіз бе, мәселе қайда? «Депутатқа дайындық керек» деп жатқанымыздың себебі осы ғой. Әйтпесе, иненің көзінен өтетін Ерлан Сайыр амандасу үшін біреуден ақыл сұрайды дейсіз бе?
Сансызбай НҰРБАБА