Төлеутай РАҚЫМБЕКОВ : «Ауыл» қалай «қаз айдаушылар партиясына» айналды?
Былайғы жұрт Төлеутай Рақымбековті 2019 жылы президент сайлауына қатысқан кандидат ретінде таниды.
Ауыл шаруашылығы саласын зерттеп, мемлекеттік қызметте де, саясатта да осы бағыттағы мәселелерді көтеріп жүрген ол «Ауыл» партиясының ішкі жұмысы, партиядан кетуіне
себеп болған жайттар, аграрлық саясаттағы олқылықтар және ауыл тұрғындарының табысын арттыру жолдары жөнінде ашық пікір білдірді. Ауылдың жағдайын жақсарту үшін қандай өзгеріс қажет? Мемлекеттік қолдаудың қомақты бөлігі шағын шаруаларға неге жетпейді? Кооперация неге ел күткендей нәтиже бермеді? Бүгінгі сұхбатта осы және өзге де сауалдарға жауап іздеп, ауыл шаруашылығындағы қордаланған мәселелердің себеп-салдарын сараладық.
– Төлеутай Сатайұлы, 2019 жылы «Ауыл» партиясынан кандидат ретінде президенттік сайлауға қатыстыңыз. Бұл ұсыныс партия тарапынан жасалды ма, әлде саяси додаға түсу туралы шешімді өзіңіз қабылдадыңыз ба?
– 2019 жылғы 25 сәуірде «Ауыл» партиясының кезектен тыс XV съезі өтті. Съезд екі шешім қабылдады: біріншіден, партия сол жылдың 9 маусымына белгіленген Қазақстан Президентінің сайлауына қатысады; екіншіден, партия осы сайлауда мені өз кандидаты ретінде ұсынды.
Айта кету керек, мен «Ауыл» партиясына 2015 жылдың қыркүйегінде сол кезде ғана жаңадан сайланған партия төрағасы, Сенат депутаты Әли Бектаевтың шақыруымен орталық аппараттың инспекторы қызметіне келдім. Ол кезде «Ауыл» партиясы, былайша айтқанда, «кома» жағдайында еді, әрең тыныстап тұрғандай болатын. Партияның орталық аппаратында бар болғаны оншақты қызметкер жұмыс істеді. Соған қарамастан, біз жұмысқа қызу кірістік. Арада жарты жыл өткенде, 2016 жылдың наурызында партия Парламент мәжілісі депутаттарының сайлауына қатысты. Жеті пайыздық межеден өтпесек те, Парламентке өз кандидаттарымызды өткізе алмасақ та, «Ауыл» партиясын жұрт тани бастады. Кейін кейбір сайлаушылар кездесулер кезінде «Сіздердің депутаттыққа түскен кандидаттарыңызды танымасақ та, тек партияның атауына бола дауыс бердік», – деп айтып жүрді.
2019 жылдың 15 сәуірінде партия төрағасы Бектаев мені шақырып алып, шамамен «Партия президиумы мен Саяси кеңесінің мүшелері алдағы 9 маусымда өтетін Президент сайлауында сені «Ауыл» партиясынан кандидат ретінде ұсыну туралы ортақ пікірге келді. Бұған қалай қарайсың?», – деді. Әрине, аздап қобалжып, бірнеше секунд ойланып қалдым. Бір жағынан, мұның қандай күрделі жұмыс болатынын түсініп тұрмын. Екінші жағынан, өзім ауылда туып-өстім. Менің саналы ғұмырымның басым бөлігі ауылмен және ауыл шаруашылығымен байланысты болды. Ауыл шаруашылығы инженер-механигі мамандығы бойынша жоғары білім алдым, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мәселелері бойынша кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғадым, ғылымда, бизнесте және мемлекеттік қызметте жұмыс істедім. Ауыл тұрғындары өмірінің оңай емес екенін көрдім. Әрдайым осы жағдайды жақсартуға шамам келгенше үлес қосуды қаладым. Оның үстіне «Менен басқа кім?» деген өмірлік ұстанымым бар. Сондықтан келісімімді бердім.
«Сайлауға жеңілу үшін қатысудың мәні жоқ»
– Алайда бұл сайлауда 3,04 пайыз, яғни 280 мың 451 дауыс қана жинадыңыз. Әрине, әу бастан-ақ Тоқаевтың Президент болатынын бәрі түсінді. Жалпы, бұл сайлау қалай өтті және сізге не берді?
– Сол сайлау кезінде журналистер де осындай сұрақтар қойған болатын. Мысалы, кандидат ретінде тіркелгеннен кейін Орталық сайлау комиссиясының ғимаратынан шығып келе жатқанымда менен: «Қай орынға ие болуды жоспарлап отырсыз және қандай көрсеткішке қол жеткізуді көздейсіз?», – деп сұрады. Сол кезде бірден: «Сайлаушылардың кемінде 51 пайыз дауысын жинап, бірінші орын алуды жоспарлап отырмын!», – деп жауап бердім. Партияның кейбір шенеуніктері маған қандай таңданыспен қарағанын елестете аласыз ба?! Тіпті ардагерлердің бірі маған: «Төлеутай, өзіңнің қандай үлкен қателік жібергеніңді түсінесің бе?» – деді. Сонда мен: «Егер сайлауға басынан-ақ жеңілу үшін қатысуды жоспарласаң, онда бақ сынап көрудің не керегі бар?», – деген едім.
Әрине, сол сайлауда жеңіс мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевта қалатынын өте жақсы түсіндім. Бірақ сайлауға қатысу арқылы халыққа, билікке ауылдың, ауыл шаруашылығының қордаланған мәселесін жеткізудің, осы түйткілдерді шешу жолдары жөніндегі өз көзқарасыммен бөлісуге тамаша мүмкіндік екенін білдім. Ең бастысы, «Ауыл» партиясын қалың бұқараға танытудың қолайлы сәті туды.
Сайлауалды бағдарламама ұран ретінде жазушы Бейімбет Майлиннің «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі!» деген сөздерін таңдадым. Сайлау барысында да, одан кейін де бұл сөздерді партияның ұраны ретінде қабылдауды бірнеше рет ұсындым. Сондай-ақ ауыл мен ауыл шаруашылығын дамыту идеясын қазақтың ұлттық идеясы ретінде қабылдауды ортаға салдым. Тіпті ол кезде партия басшылығы тарапынан да қолдау таба алмадым. Алайда кейін, 2024 жылы өткен XXIV съезде бұл сөздер партияның ұраны ретінде бекітіліп, партияның жарғысы мен саяси бағдарламасынан көрініс тапты.
Сайлауалды науқанды өткізу барысында маған марқұм жұбайым Салтанат Темірқұлқызы Рақымбекова және оның «Жасыл экономика үшін» коалициясындағы командасы орасан зор көмек көрсеткенін айтпай кете алмаймын.
Үгіт-насихатқа бөлінген 26 күн ішінде еліміздің 14 облысының 11 облысын аралап, сайлаушылармен 100-ден астам кездесу өткіздім. Мұндай қарқынға төтеп беру оңай болған жоқ. Сайлауға қатысу өзіме деген тәртіпті күшейтті. Бұл – отандастар алдындағы үлкен жауапкершілік. Тіпті бүгін, сол сайлаудан кейін 7 жыл өтсе де, мені танып, қасыма келіп амандасатын, бірге суретке түсуді сұрайтындар бар.
– Ал 2021 және 2023 жылдары Парламент мәжілісі депутаттығына кандидат ретінде ұсынылғанда неге өтпей қалдыңыз? Әдетте президенттікке кандидат болған азаматтарға, ең болмағанда, депутат болуға мүмкіндік беріледі емес пе?
– 2021 жылғы Мәжіліс сайлауына партиялық тізім құрамында қатыстым. Сол жылы «Ауыл» партиясы жеті пайыздық межеге жетпей, салдарынан «Ауылдан» депутаттыққа ұсынылған кандидаттардың ешқайсысы Парламентке өте алмады. Сол 2021 жылғы сайлауға байланысты бір естелік бар. Сайлау науқаны басталған кезден-ақ бұл жолы «Ауыл» міндетті түрде парламенттік партиялар қатарына өтетініне сенімді болдық. Өңірлік филиалдар мен орталық аппараттың барлық қызметкерлері, белсенділер осы мақсатқа жету үшін бар күшін салып жұмыс істеді. 10 қаңтардағы сайлау күнінің соңына қарай партияның орталық штабында көптен күткен жеңісімізді символдық түрде атап өту үшін шағын дастарқан да жайдық. Бірақ үмітіміз ақталмады. Кейбір өңірлік филиалдардың басшылары телефон шалып, партиядан шығатынын айтты. Содан жағдайды өз қолыма алып, бәрін бір үстел басына шақыруға тура келді. «Егер бүгін жеңіліп қалсақ, бұл біздің қандай да бір жұмысты толық атқармағанымызды білдіреді. Демек, дәл осы сәттен бастап келесі сайлауға байыпты дайындықты бастауымыз керек, ал оған дейін көп уақыт қалған жоқ. Менің сөзіме сеніңіздер, бүгін сайланған депутаттар екі жыл, әрі кетсе екі жарым жыл ғана жұмыс істейді», – дедім.
2023 жылдың қаңтарында мемлекет басшысының VII шақырылымдағы Мәжілісті тарату туралы жарлығы шыққанда кейбір әріптестерім маған келіп, сол екі жылға қатысты дәл болжағаныма таңғалысты. 2023 жылғы сайлауға бірнеше ай қалғанда әдеттегідей сайлауалды бағдарламаны әзірлеу басталды. Оның кейбір тармақтары бойынша партия басшылығындағы әріптестеріммен пікіріміз алшақтады. Әсіресе Агробанк құру және «Азық-түлік қауіпсіздігі туралы» заң қабылдау мәселесі бойынша.
Банк мәселесіне келсек, «мамандандырылған ауыл шаруашылығы банкін құру фермерлерді қаржыландыру жағын шешпейді» деп бұрын да айттым, қазір де солай ойлаймын. Фермерлер жұмыс істеп тұрған банктерден неліктен несие ала алмайды? Біріншіден, ауыл еңбеккерлерінде кепілге қоятын мүліктің болмауынан, екіншіден, банктердің аудан орталықтарында несие беруге толық құқылы филиалдарының жоқтығынан. Яғни аграрлық банк құру бұл проблемаларды түбегейлі шешпейді. Осы тұрғыда басқа жолды ұсынып, «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы мен Ауылдық кредиттік серіктестіктердің құқықтарын кеңейту қажет» дедім. Сонымен қатар елде өте қуатты банк лоббиі бар екенін, оның агробанк құруға мүмкіндік бермейтінін айттым. Өкінішке қарай, менің болжамым дұрыс болып шықты. Мәжіліс пен Сенат депутаттарының көпшілігі «Ауыл» партиясы депутаттарының «Агробанк» құру туралы бастамасын қолдағанына қарамастан, бұл банк құрылған жоқ. Оған Үкімет пен Ұлттық банк қарсылық білдірді.
Ал «президенттікке кандидат болған азаматтарға, ең болмағанда, депутат болуға мүмкіндік беріледі» деген сөзіңізге келсек, мен ешқандай артықшылық та, мансаптық ұсыныс та алған жоқпын. Мүмкін, өзіме қандай да бір жеңілдік сұрап алуды білмейтін шығармын.
– Кезінде бірқатар мемлекеттік қызмет атқардыңыз. 2009 жылы Премьер-министрдің орынбасарының кеңесшісі, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, ал 2017 жылы аз уақыт ауыл шаруашылығы вице-министрі болдыңыз. Осы кезеңде ел игілігі үшін не істей алдыңыз? Сол кезде қандай да бір реформалар енгізуге тырыстыңыз ба?
– Мемлекеттік қызметте жүрген кезімде жасаған ұсыныстар мен бастамамның ешқайсысына ұялмаймын. Олардың барлығын тізіп шығу мүмкін емес. Сондықтан кейбіреуін ғана атап өтейін. 2002 жылдың сәуірінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің жаңадан құрылған Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу басқармасының бастығы қызметіне орналасып, Жезқазғаннан Астанаға көшіп келдім. Сол кезде «Ауыл жылдарына» арналған, 2003-2005 жылдарға қатысты Мемлекеттік агро азық-түлік бағдарламасын әзірлеу аяқталып жатқан болатын. Ауыл шаруашылығы министрлігінде менен «Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарын қолдау жүйесінде нені өзгерту керек?» екенін сұрады. Сүт зауыттарын басқару тәжірибеме сүйене отырып, қайта өңдеу кәсіпорындарының басты жауы – қымбат несие екенін жеткіздім. Несиелерді арзандату үшін банктерді арзан несие беруге мәжбүрлеудің қажеті жоқ екенін де қостым. Мұның толыққанды нарықтық тетігі бар, бұл – банктердің кәсіпорындарға беретін несиелері бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау.
Менің ұсынысымды Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығы қабылдады және 2003 жылы алғаш рет еліміздің экономикасында кәсіпкерлерге берілетін несиелерді арзандатуға бағытталған осындай бюджеттік бағдарлама жүзеге асырыла бастады. Оған бюджеттен шамамен 350 млн теңге бөлінді. Шынымды айтсам, сол 2003 жылы мен министрден бюджет қаражатын игере алмағаным үшін жеке өзім төрт рет сөгіс алдым. Бағдарлама жаңа болатын, біз барлық қиындықтарды алдын ала болжай алмадық, ал банктер оған қатысқысы келмеді.
2009 жылы Премьер-министрдің орынбасары С.Ахметовтің кеңесшісі болып жұмыс істеп жүрген кезім. Ол басқа мәселелермен қатар шағын және орта бизнесті дамытуға жетекшілік ететін. Ал мен кеңесшісі ретінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелеріне жауап бердім.
Мені кабинетіне шақырып: «Қазір біз «Бизнестің жол картасын» әзірлеп жатырмыз. Сенің бұл салада тәжірибең мол. Бизнесті қолдауға қатысты стандарттан тыс қандай да бір жаңа, тың ұсыныстарың бар ма?», – деді. Көп ойланбастан, бизнес проблемаларының бірі – банк несиелерінің жоғары екенін тілге тиек етіп, банктің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бағдарламасын іске қосу керек дедім. Ол мұндай субсидиялаудың іске асырылу тәжірибесін қайдан көруге болатынын, басқа елдерде мұндай тәжірибе бар-жоғын сұрады. Ауыл шаруашылығы министрлігінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарына берілетін субсидиялау тәжірибесі туралы айтып бердім. Осылайша, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының төрт бағытының екеуі банктік несиелерді арзандатуға байланысты болды.
Сол кезде С.Ахметовтің кеңесшісі ретінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және дамыту жөніндегі алғашқы бағдарламалық тұжырымдаманы әзірлеуге тікелей қатыстым. Осы Тұжырымдаманың жобасына көппәтерлі тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізу мәселесін енгіздік. Өкінішке қарай, бюджет мүмкіндіктері бұған жол бермеді. Бірақ, соған қарамастан, сол 2009 жылы менің бастамаммен құрылған «Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту орталығы» АҚ-ның жарғылық капиталында көппәтерлі тұрғын үйді жөндеу жөніндегі пилоттық жобаны жүзеге асыруға 75 млн теңге қарастырдық.
Кейін, 2012 жылы Қарағандыдан оралып, осы акционерлік қоғамды қайтадан басқарған кезімде, Астанадағы Күйші Дина көшесіндегі бір үйді терможаңғырту жөніндегі пилоттық жобаны бәрібір жүзеге асырдық. Бұл үйді күрделі жөндеуден өткізу өз нәтижесін берді. Біріншіден, терможаңғыртудан кейін тұрғындар коммуналдық қызметтер үшін екі есе аз төлей бастады. Екіншіден, осы үйдегі пәтерлердің бағасы 1,5 есе өсті. Пәтер иелеріне берілген несиені әдеттегідей 7 жылға емес, 15 жылға рәсімдедік, оны өтеу 2027 жылы аяқталады.
Дәл осындай пилоттық режимді ауылды кооперациялау жобасына байланысты іске асыруға болар еді.
2017 жылы ауылдық кооперацияның пилоттық жобасы үшін Қарағанды облысының Нұра ауданын таңдадық. Бұл аудандағы 10 ауылда 10 кооператив құрып, солардың мысалында кооперативтер мен олардың қатысушыларының жұмыс істеуінің барлық тетігін пысықтауды жоспарладық. Бастапқыда бір ауданда пилоттық режимде жұмыс істеу идеясы қолдау тапты. Іле-шала барлық облыстарда жүздеген кооператив құрыла бастады. Соңы кооперативтерді айыптауға ұласты.
Кооперация туралы тағы бір жайтты айтқым келеді. 2019 жылы сол кездегі Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің шақыруымен Тараз қаласына бардым. Бір ғана Жамбыл ауданында, 10 ауылды қамти отырып, жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперациялау жөніндегі пилоттық жобаны жүзеге асыруды ұсындым. Кейін бұқаралық ақпарат құралдарынан Жамбыл облысында ауыл тұрғындарын кооперациялау жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру басталғанын білдім. Бірақ неге екені белгісіз, жоба барлық 10 ауданда орналасқан 10 ауылды қамтыған. Бұл қате шешім болды.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2020 жылғы 11 мамырда коронавирусқа байланысты Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында ЖҚШ-тарды кооперациялау жөніндегі пилоттық жобаны жүзеге асыруды тапсырды. Бұған дейін әлеуметтік желілерде еліміздің үш ауданында пилоттық жоба қажет екені туралы бірнеше рет жазған болатынмын. Өкінішке қарай, шенеуніктер мемлекет басшысының тапсырмасын өзінше түсініп, бұл пилоттық жобаны еліміздің үш ауданында емес, үш өңірінде – Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында жүзеге асыра бастады. Әрине, мұның бәрі сәтсіздікпен аяқталды.
Бүгінде кооперативтерді, кооперацияны сынау сәнге айналды. Бірақ, шын мәнінде, оған кооперативтер де, кооперация идеясы да кінәлі емес. Кінәлі – бәрін әкімдер арқылы жасауға тырысқан шенеуніктердің тәсілі. Кооперация қаладағы пәтер иелері және ауылдардағы жеке қосалқы шаруашылық иелері арасында да түсіндіру жұмыстарын жүргізуді талап етеді. Әкімдердің басқа да жұмыстары көп, түсіндіретін уақыты жоқ. Сондықтан қалалардағы тұрғын үйлерді терможаңғырту бағдарламасы сәтсіздікке ұшырады, ал ауылдардағы «Ауыл аманаты» бағдарламасы да соның аз-ақ алдында тұр.
Кооперацияның артықшылықтары өте көп. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін 8-10 есеге арттыруға; ауыл шаруашылығы өнімдері мен оларды қайта өңдеу өнімдерінің сапасын арттыруға; ауыл тұрғындарының жан басына шаққандағы орташа табысын 10 есеге дейін арттыруға; азық-түлік тауарлары мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға; ел көлемінде 1,6 млн жеке қосалқы шаруашылықта үй жағдайында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен өнімді жұмыспен қамтылғандар үшін кемінде 3 млн жаңа тұрақты жұмыс орнын құруға; ауыл әкімдіктерінің бюджеттеріне немесе төртінші деңгейдегі бюджеттерге түсетін түсім көлемін қазіргі жылына 3-4 млн теңгеден 300-700 млн теңгеге дейін жүздеген есеге арттыруға; кемінде 3 млн ауыл тұрғыны үшін Зейнетақы, Әлеуметтік және Медициналық қорларға жинақ қалыптастырудың тұрақты көзін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Популистік қадамдар партияның беделін көтермейді»
– Саяси науқан басталардан сәл бұрын, яғни мамыр айының басында «Ауыл» партиясынан шықтыңыз. Оған дейін партиядан тағы бірнеше мүше шығып үлгерді. Бұған не себеп?
– Бұған дейін 2023 жылғы сайлауалды бағдарламаның кейбір мәселелері бойынша әріптестеріммен келіспеушіліктерім болғанын айттым. Сонымен қатар партияда популистік іс-шараларға әуестену басталды. Мәселен, кеңінен жарнамаланған қаз бордақылау жобасы. Мұндай жоба қандай да бір шағын қоғамдық бірлестіктің, мысалы, көпбалалы аналардың немесе мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау жөніндегі ұйымның деңгейіндегі жұмыс екенін айттым. Әріптестеріме дәл осының Мәжілісте, яғни Парламенттің жоғары заң шығарушы органында екінші орында тұрған саяси партияның деңгейіндегі жоба емес екенін бірнеше рет тілге тиек еттім.
«Ауыл» партиясы, дәлірек айтқанда, оның Мәжілістегі фракциясы кез келген министрді шақырып, ауыл тұрғындарын қолдау бағдарламаларының дұрыс жүзеге асырылуын талап ете алады. Бірақ ақырында «Ауыл» партиясын тура да, ауыспалы мағынада да «қаз айдаушылар партиясы» деп атайтын жағдайға жеттік. Содан биыл 4 мамырда партияның барлық органдарынан және партия мүшелігінен шығатыным туралы ресми өтінішімді жолдадым.
– «Ауыл» партиясы негізгі миссиясын орындады деп ойлайсыз ба? Сіздің ойыңызша, «Ауыл» партиясы неге әлі күнге дейін ірі саяси күштердің қатарына қосыла алмай келеді?
– Сұрағыңызға ашық жауап берсем, жоқ, орындай алған жоқ. Өкінішке қарай, халық арасында, әсіресе ауыл тұрғындары арасында жүйелі әрі дәйекті саяси жұмыс болған жоқ және қазір де солай. Ауыл тұрғындарына неге ерекше көңіл бөлу керек? Өйткені сайлау кезінде ауыл тұрғындары қала тұрғындарына қарағанда әлдеқайда белсенді. Сайлау учаскесіне бару – ауылдастарымен кездесіп, сөйлесуге мүмкіндік. Ауылда «өзара бақылау» деп атайтын бір құбылыс бар. Бәрі бір-бірінің көз алдында жүреді. Сайлауға бармаған адам «сайлауға бардым» деп айта алмайды. Сондықтан ауылдарда сайлаушылардың белсенділігі 100 пайызға жетпесе де, 90-95 пайыз және одан да жоғары болуы мүмкін. Ал қалаларда, шынын айту керек, сайлауға қатысу деңгейі кейде 50 пайыз ғана. Нәтижесінде жалпыұлттық сайлау қорытындысында ауыл тұрғындары берген бюллетеньдердің үлесі 70-75 пайызға дейін жетеді. Демек, әрбір ауыл тұрғынының жүрегіне жол таба алған партияның жеңіске жететіні түсінікті.
2019 жылғы президенттік сайлау кезінде және кейінірек, 2021 жылғы Мәжіліс депутаттарының сайлауы барысында мен бұрын кең тараған «Есіктен есікке» қағидатына ұқсас «Ауылдан ауылға» атты бастаманы іске қосуды ұсындым. Өкінішке қарай, партияда бұл бастама қолдау таппады.
Сонымен қатар «Ауыл» партиясы қалалық алаңдарда белсенді жұмыс істеуге, былайша айтқанда, «ұялатын» сияқты. Шын мәнінде, партия қалаларда да сайлаушылардың басым бөлігінің дауысын жинай алар еді. Мысалы, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін, дәлірек айтқанда, азаматтар мен сайлаушылар үшін азық-түліктің қолжетімділігі, азық-түлік тауарлары бағасының тоқтаусыз өсуі мәселесін көтеруге болар еді. Оның үстіне шенеуніктердің өздері партияға сын айтуға тамаша мүмкіндік беріп отыр. Қазақстанда инфляция деңгейі, әсіресе азық-түлік бағасының өсу қарқыны соғысып жатқан Ресей мен Украинаға қарағанда екі есе жоғары болуы қалыпты жағдай ма?
– Қазақстан ауылдарының дамуын тежеп отырған негізгі үш мәселені атап өтесіз бе? Ауыл шаруашылығы, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың қай тұстары тиімді, ал қай тұстары әлсіз?
– Қазақстан ауылдарының ең басты түйткілі – ауыл тұрғындарының негізгі қызмет түрі саналатын ауыл шаруашылығының тиімділігі төмен. Қарапайым тілмен айтқанда, ауылда табыс аз. Бұл жағдайды кейбір «мамансымақ» сарапшылар айтып жүргендей, ауыл тұрғындары өндірген өнімнің сату бағасының төмендігімен ғана түсіндіруге болмайды.
Бүгінде Қазақстан қалаларының базарларында сиыр етінің бір келісі 6 мың теңгеге, яғни 13 доллардан да жоғары бағаға жетіп отыр. Бұл Еуропа астаналарындағы ет бағасымен шамалас. Бірақ Қазақстан мен Еуропадағы халықтың жалақы деңгейін де ұмытпауымыз керек. Сондықтан мәселе ауыл тұрғынының таза табысы туралы болуы тиіс. Яғни етті сату бағасынан оны өндіруге жұмсалған барлық шығынды алып тастағанда қанша қаражат қалады? Сонымен қатар ауыл тұрғыны өз өнімін кімге және қандай бағамен сатуға мәжбүр?
Ауыл тұрғыны қорасындағы малға қажетті шөпті өзіндік құнынан 5-10 есе қымбат бағаға сатып алуға мәжбүр. Оның үстіне жем-шөпке, дәлірек айтқанда, шөпке жұмсалатын шығын еттің өзіндік құнының 50-70 пайызын құрайды. Мұндай жағдайды түзетудің бір ғана жолы бар. Бұл – ауыл тұрғындарының сервистік-тұтыну кооперативтерін құру. Кооперативтер – бұл өндірістік инфрақұрылым.
Екінші мәселе – ауыз судың болмауы немесе сапасының төмендігі, жолдардың, электр энергиясының, байланыс қызметтерінің, соның ішінде интернеттің сапасыздығы. Бүгінде бұл түйткілді шешуге мүмкіндік беретін көптеген технология бар. Бірақ технологияның бәрі қаржыны қажет етеді. Ал ауыл тұрғынының табысы төмен болса, қайтпек керек?
Үшінші – әлеуметтік сала мекемелері көрсететін қызметтердің сапасының төмендігі. Бұл жерде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларын айтып отырмын. Осының ішінде мені ауыл балаларының болашағы ерекше алаңдатады. Бұрын біз «академиктерді де, әртістерді де, министрлерді де, жазушылар мен ақындарды да ауыл өсірді» деп мақтанатынбыз. Ал бүгінгі ауыл балаларының болашағы қандай? Көптеген ауылда спорт секциялары, көркемөнерпаздар үйірмелері, авиамодельдеу немесе кеме жасаумен айналысатын үйірмелер жоқ. Мұның бәрін орта мектептердің базасында қосымша ақылы сабақтар ретінде мектеп мұғалімдерінің күшімен ұйымдастыруға болар еді. Бірақ мұнда да бәрі ауыл тұрғындарының табысына келіп тіреледі.
– Бүгінгі билік ауылға және ауыл тұрғындары бетпе-бет келетін мәселеге жеткілікті деңгейде көңіл бөліп отыр ма?
– Президент пен Үкімет ауыл мен ауыл шаруашылығының мәселесіне айтарлықтай көңіл бөліп отыр. Бюджеттен қомақты қаржы бөлінеді. Бірақ, өкінішке қарай, сол қаражатты игеру тетіктері, жұмсартып айтқанда, көңіл көншітпейді. Бір ғана мысал келтірейін. Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды науқаны барысында Үкіметке ауыл тұрғындарын, нақтырақ айтқанда, қарапайым ауыл тұрғындарын шағын несиелендіруге 1 трлн теңге бөлу туралы тапсырма беретінін айтқан еді. Бұл қаражат ауыл тұрғындарына өз аулаларында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге, оны сатуға және осылайша табысын арттыруға мүмкіндік беруі тиіс болатын.
«Ауыл аманаты» деп аталатын бұл бағдарлама 2023 жылдың қаңтарынан бастап жүзеге асырылып келеді. Арада төрт жылға жуық уақыт өтті. Бірақ бағдарламаның тиімділігі нөлге жуық екенін көріп отырмыз. Неліктен? Біріншіден, кооперацияның барлық тетіктері мен ерекшеліктерін тәжірибе жүзінде пысықтау үшін пилоттық жобаны іске асырудан бас тартып отыр. Екіншіден, бағдарламаны іске асыруды әкімдерге жүктейді. Ал әкімдердің өз міндеттері мен жұмыстары бастан асады. Олардың күнделікті түсіндіру жұмыстарын жүргізуге уақыты жоқ. Бұдан нәтиже де болмайды.
– Құрылтай сайлауы өтті. Оның қорытындысы бойынша «Ауыл» партиясы екінші орын алып, 10 мандатқа ие болды. Партия 2000 жылы тіркелгенімен, оның өкілдері алғаш рет Мәжіліс депутаттары ретінде тек 2023 жылы сайланды. Осы уақыт ішінде «Ауыл гүлденсе – еліміз де гүлденеді!» деген ұранмен жұмыс істеген саяси ұйым қандай нәтижеге қол жеткізді? Жалпы, «Ауыл» партиясының болашағын қалай бағалайсыз?
– «Ауыл» партиясының болашағы өте зор. Өйткені оның электораты – күн сайын тамақтануды, оның үстіне күніне кемінде үш рет тамақтануды қалайтын еліміздің барлық халқы. Ал халықты азық-түлікпен қамтамасыз етудің негізінде ауыл мен ауыл шаруашылығы тұр. Жоғарыда айтып өткенімдей, сайлау күні ауыл тұрғындарының белсенділігі жоғары болғандықтан, сайлау жәшіктеріндегі бюллетеньдердің шамамен 75 пайызы объективті түрде ауыл тұрғындары берген дауыс. Бірақ бұл үшін ауыл тұрғындарының нақты бетпе-бет келген мәселесімен айналысу қажет. Ең алдымен, ауыл тұрғындарының табысын арттыру мәселесіне басымдық беру керек. Қаз-үйрек өсіру сияқты популистік жобалармен емес. Ауыл тұрғындарының табысын арттырудың жалғыз жолы – олардың сервистік-тұтыну кооперациясы. Ауыл тұрғындарының кооперациясы көптеген артықшылықтармен қатар, ауыл әкімдіктерінің бюджетіне түсетін қаражат көлемін жылына 3-4 млн теңгеден 300-700 млн теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Төртінші деңгейдегі бюджеттерге осындай көлемде қаражат түсіп отырса, әрбір ауылды Родина секілді ауылға айналдыруға әбден болады.
– Қазіргі айналысып жүрген негізгі бағытыңыз қандай?
– Бүгінде ҚР Ұлттық аграрлық ғылым академиясының вице-президентімін. Ғылыми-зерттеулермен айналысамын, «Қазақстан үшін кооперация» деп аталатын еңбекті жазу үстіндемін. Кітаптың мазмұнындағы құпияларды әзірге ашпай-ақ қояйын. Айта кетерім, кітапта тек ауылдық кооперация ғана емес, қалалардағы кооперация мәселелері де қамтылады. Мысалы, қалаларда көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың ең тиімді құралдарының бірі – Пәтер иелері кооперативтері.
Қазақстанда «Яндекс» такси жүйесі өте жақсы дамыған. Ендеше, такси жүргізушілерін сервистік-тұтыну кооперативтеріне біріктіруге не кедергі? Бұл кооперативтер автокөліктерге техникалық қызмет көрсету және көлік жуу станцияларын аша алар еді.
Пандемиядан бері курьерлік жеткізу қызметі де кеңінен таралды. Ал сол курьерлерді де сервистік-тұтыну кооперативтеріне неге біріктіруге болмайды? Міне, қазір осы мәселелермен айналысып жүрмін. 2024 жылы «Ауыл» партиясының жаңа редакциядағы Жарғысы мен Саяси бағдарламасы қабылданған XXIV съезге дайындық барысында мен партияның бағдарламасына «Ауыл» партиясы кооперативтік нысандарды қолдайды және меншіктің осы нысанын ел Конституциясына енгізуге қол жеткізуді көздейді» деген тармақты енгізуді талап еттім.
Қазақстан Конституциясында меншіктің екі нысаны – мемлекеттік және жекеменшік көрсетілгенін атап өткен жөн. Ал «Кәсіподақтардың балансындағы санаторийлер мен курорттар меншіктің қай түріне жатады?» деп сұрағым келеді. Сол партиялардың балансындағы ғимараттар, құрылыстар, газеттер мен журналдар қандай меншік нысанына жатады?
Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының меншігіндегі мешіттердің меншік нысаны қандай? Ақырында, кондоминиум нысандарына – көппәтерлі тұрғын үйлердегі ортақ бөлінбейтін мүлікке, яғни баспалдақтар, лифтілер, шатырлар, жертөлелерге қатысты қандай меншік нысаны қолданылады? Пәтерлер, түсінікті, сол пәтерлердің иелері – азаматтардың жекеменшігінде. Ал лифт ше? Сондықтан «Қазақстан Республикасының Конституциясында меншіктің үшінші нысаны – қоғамдық-кооперативтік меншікті қарастыру қажет» деп бұрын да, қазір де ұсынып келемін. Биыл еліміздің жаңа Конституциясын талқылау барысында «Ауыл» партиясының бір өкілі осы ұсынысты көтерер деп үміттендім. Өкінішке қарай, партияның бағдарламасында мұндай норма бар екенін ешкім де еске алмады.
Сұхбаттасқан
Динара Мыңжасарқызы