Әлеумет

Павлодар облысында полиция бөлімінде көз жұмған ер адамның отбасы суицид нұсқасына сенбейді

Павлодар облысында Солнечный кентінің 37 жастағы тұрғыны Ринаттың өліміне қатысты мән-жай анықталып жатыр.

П

 Ер адам ГРЭС-2 полиция бөлімшесіне жеткізілгеннен кейін көп ұзамай сол жерде көз жұмған. Марқұмның туыстары полиция айтқан суицид нұсқасына күмән келтіріп, істің ашық әрі жан-жақты тергелуін талап етіп отыр. Бұл туралы Qumash жазды.

Марқұмның отбасы не дейді?

Ринаттың әпкесінің айтуынша, 11 тамызда оның бауырын үйінің жанынан інісінің көзінше ұстап, полиция бөлімшесіне алып кеткен. Отбасының сөзінше, оны ұстауға айқын себеп болмаған.

Арада шамамен 30 минут өткенде кезекші Ринаттың анасына хабарласып, полиция бөлімшесіне шұғыл келуін сұраған.

«Темір тордың ар жағында анасы ұлының асылып тұрғанын көрген. Қазір полиция бәрін шортының бауына асылып, өзіне қол жұмсады дегенге әкелгісі келеді. Бірақ бізде сұрақ көп: оны не үшін ұстады, камераға қамаған кезде тексеру жүргізілді ме және қайғылы жағдайдың алдын алуға тиіс қызметкерлер қайда болды?» – дейді марқұмның туыстары.

Отбасы Ринаттың өзіне қол жұмсағанына сенбейді.

Полиция не дейді?

Павлодар облысының Полиция департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, ер адам қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ұсталған.

«Ер адам алкогольдік масаң күйде болып, қоғамдық тәртіпті бұзған. Бұған дейін де әкімшілік жауапкершілікке тартылған және сотталған. Ол полиция бөлімшесіне жеткізіліп, арнайы бөлмеге орналастырылды. Біраз уақыттан кейін сол жерден ес-түссіз күйде табылды», – деп хабарлады Полиция департаменті.

Қазіргі уақытта оқиға бойынша тексеру жүргізіліп, полиция ғимаратында болған жағдайдың барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз